ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, АРДАҚТЫ АЗАМАТ ЕДІ
2020 ж. 12 қараша
4520
0
Шәкірттері үшін ұстаз әрқашан - мәңгілік тұлға. Аты алыс-жақын аймаққа белгілі абзал азамат, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, белгілі спортшы, ұлағатты ұстаз, қайратты бапкер Жанахмет Кемербайұлы Жанболатов ағайымыз қайтыс болды деген қаралы хабарды естігенде оның алдында білім, тәрбие алған мыңдаған шәкірттері абдырап қалдық. Әрине, ардақты адамды кім өлімге қияды, бұл қаза бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Ұстазымыздың ұрпақтары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, жаны жәннатта болсын деген шынайы тілегімізді жеткізуден басқа амал қалмағандай...
Ұлағатты ұстазымыз Жанахмет Кемербайұлы 1948 жылы мамыр айының 27 жұлдызында бұрынғы Талдықорған, қазіргі Алматы облысы Панфилов ауданы Аққұдық ауылында дүниеге келген. Абай атындағы орта мектепті 1966 жылы ойдағыдай тәмамдап, 1967-1969 жылдар аралығында әскер қатарына алынып өзінің Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды. Павлодар облысының Ақсу қаласының дене шынықтыру пәні бойынша педагогтік оқуын бітірген соң осы салада ұзақ жылдар үздіксіз, жемісті еңбек етті. Өзінің ұйымдастырушылық жоғары қабілетінің арқасында 1992-1996 жылдар аралығында Қоңырөлең Спорт мектебінің директоры болып, жастарды спортқа баулуда, салауатты өмір салтын қалыптастыруда ерекше еңбегі сіңген елеулі азамат. Білім шаңырағында үнемі қажырлылықпен еңбектеніп, өз саласының еңбек торысы атанған, ұстаздық қызметіне адал берілген ұстазымыз 1996-1999 жылдар аралығында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі қызметін де атқарды. Ауылдастарының алдында биік беделге ие болған Жанахмет Кемербайұлына оны білетіндердің үлкен-кішісі түгелдей ерекше құрметпен қарайтын. Содан да болар 1999 жылдан бастап Аққұдық ауылының Ш.Байбатшаев атындағы орта мектебінің директорлық қызметін өзіне сеніп тапсырған-ды. Бұл қызметті де ардақты ұстазымыз үлкен жауапкершілікпен, абыроймен атқарды.
Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, ұстаздық жолға арнаған Жанахмет Кемербайұлының еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан Респубикасының «Білім беру саласының үздігі» төс белгісімен, ҚР-ның Білім және ғылым министрлігі, облыс, аудан тарапынан түрлі марапаттауларға ие болды. Ал, оның ең басты марапаты – өзі өмір бойы қызмет еткен айналасындағы адамдардың ақ алғысы еді. Өйткені олардың Жанахмет Кемербайұлына деген құрметтері шексіз болатын.
«Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да дәп сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен Алаштың ардақтысы Бауыржан Момышұлы. Расында, мұғалімнің қандай пәннен сабақ бергенінде емес, мәселе оның көрсеткен тәлім-тәрбиесінде, өнегелі үлгісінде екен.
Ағайымыз Қоңырөлең орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Спортты соншалықты жан дүниесімен сүйіп, оны оқушыларына үйретіп, ерекше ыждахаттылықпен машықтандырып жеткізу ол кісінің өзгелерден бір жеке ерекшелігі болатын. Ағайымыздың биік бойы, ірі спорттық дене тұрқы біздер балалар үшін қол жетпес ірі тұлға болып көрінетін, дәп сондай болуды армандайтынбыз. Көптеген оқушылар ағайымызға еліктеп, спорт үйірмесіне асқан қызығушылықпен қатысатын. Соны өзімізге үлкен жетістік санайтынбыз. Кейін сол шәкірттердің бір қатары осы спорт саласын өмірлік серік етіп, ұстаз жолын жалғастырды. Спорт секцияларының ішінде баскетбол үйірмесі ерекше болды. Оған іріктеліп,сараланып, қолынан келеді, икемі бар деген оқушылар өтетін. Сол оқушылардың бірі мен едім. Бәріміз де жаттықтырушының үйреткен әдіс-тәсілдерін айнытпай қайталап, оны барынша шебер орындауға тырысатынбыз.
Жаттығуларда тер төгу бар да, оның нәтижесін көру де үлкен бір бақыт екенін біз сол бала кезде-ақ түсінгенбіз. Аудандық, облыстық жарыстарға жолдама алып, талай рет бақ сынағанда соған көзіміз анық жетті. Біздің мектеп командасы бірқатар жарыстарда топ жарып, ұстаз еңбегін, ұстаз сенімін ақтай білдік. Әрине, оның бәрі Жанахмет Кемербайұлының қажырлы еңбегінің арқасында болған жетістік. Әсіресе оның шеберлігімізді шыңдап қана қоймай, жеңіске жету үшін намысымызды қайрай білгені осы күнге дейін есімізде.
Үлкен жарыстарға барғанда қалада өскен балалар алыс ауылдан келген біздерге төбемізден қарап, менсінбейтіндіктерін ашық көрсететін. Ол кезде қалада орыс мектептерінің саны басым болатын. Жеңіске жетсек те республикалық жарыстарға қала мектептерінің командаларын жіберіп, ауылдықтарды артқа сырғытқан күндер де болды. Ұлттық ұпайымызды жібермеу үшін жанымызды салатынбыз. Оған қазақы қанымызды қыздырып, намысымызды қайраған, жеңіске жігерлендірген ағайымыздың рухты сөздері тікелей ықпал еткені анық. «Сендер олардан мықтысыңдар, қалай да жеңесіңдер! Намысты қолдан бермеңдер!» деген жалынды дауысы осы күнге дейін құлағымыздан кетпейді. Сол дауыс тек қана спорт алаңында емес, бізді өмір жолында да үнемі жігерлендіріп, бағыт-бағдар беріп келді десек артық емес. Спорт сабағы адамды қиындықтан қиналмайтын төзімділікке шыңдап қана қоймай, үлкен өмірде де белгілі бір мақсатқа жетуге үйретеді екен. Бойымызда осы қасиеттердің бірі болса сол ағайымыздан дарыған тәрбие, ұстазымыздан алған үлгі деп білеміз.
Жанахмет Кемербайұлы бізді еңбекке де баулып, ауыл шаруашылық жұмыстарының күзгі науқанында адам қолы жетіспей жатқанда жиын-терінге өзі бастап бартын. Қырман қызу еңбек алаңына айналып, біздер де жарыса жұмыс істеп өз үлесімізді қосатынбыз.
Жанахмет Кемербайұлы өмірлік жары Жаңылхан апай екеуі Серік, Венера, Бекболат атты ұл-қыздарын тәрбиелеп, бәріне жоғары білім алуға мүмкіндік жасаған үлгілі отбасы. Бүгінгі күні олардың әрқайсысы әртүрлі салада қызмет етуде. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген екен ата-бабаларымыз. Ұлы Серік әке жолын қуып ұстаздықты таңдап, «Қоңырөлең» мектебінде көп жылдар еңбек етіп келеді. Қазір ол мектеп директоры, үлкен ұжымның ұйытқысы. Жапырағы жайқалған бәйтерекке айналған Жанахмет ағайдың бүгінде немерелері де өсіп келеді.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Ұстазымыз Жанахмет Кемербайұлы өзінің өнегелі өмірімен өшпес із қалдырды деп сеніммен айта аламыз. Одан білім алған, тәрбие көрген шәкірттері еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, ұстаз сенім ақтауда. Өзі өмірден өткенмен ұлағатты ұстазымыздың жарқын бейнесі бәріміздің жүрегімізде мәңгілік сақталады.
Жанат МЫРЗА