Аралас мектептер Мемлекеттік тілде білім беруге көшсе елде бөліну болмайды - Нуралиева
2020 ж. 12 қараша
8848
32
Аралас мектептерді мемлекеттік тілде білім беруге көшіру қажет. Мұндай ұсынысты Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында Тараз қаласындағы №34 орта мектеп директоры Динара Нуралиева айтты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
"Қазақ халқына алғысымыз шексіз" деген дүнген этносының өкілі аралас мектептердің мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
- Бүгінгі таңда Жамбыл облысында аралас мектептерде мемлекеттік тілде білім беретін бірінші сыныптар көбейе бастады. Мектеп директоры ретінде осы орайда өз ұсынысымды жеткізгім келеді. Егер республикамыздың әр өңірінде аралас мектептер кезең-кезеңімен мемлекеттік тілде білім беруге көшсе, сіздер қалай қарайсыздар?! Бұл шешім барлық Қазақстандық балаларды кішкентай күнінен ешқандай бөлінуге жол бермей, қазақ тілін жетік меңгеруге нақты қадам болар еді! «Ел болам десең, бесігіңді түзе»! Бізде бір ғана ортақ – мемлекеттік тіліміз, бір ғана – ұлтымыз, бір ғана – Отанымыз болуы тиіс! - деді ол өз сөзінде.