Қазақ тілінің күрескері болуға міндеттіміз - Алла Чечеткина
2020 ж. 09 қараша
4779
0
Бүгін біз – өзіндік бет-бейнесі, өзіндік ерекшеліктері, өзіндік ұстанымы, өзіндік саясаты, өзіндік тарихы, өзіндік мәдениеті бар Тəуелсіз, дербес мемлекетпіз. Осы маңызы зор, мәртебелі жиында бас қосуымызға себепші болып отырған – мемлекеттік тілдің тағдыры, дамуы, тұрмыста қажеттілігі. Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов: «Кімде-кім қазіргі уақытта өз ана тілін, мәдениетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты мәдениетті адам деп санауға болмайды» деген екен. Тіл тазалығына, мәдениетіне күнделікті назар аударуымыз керек! Ол негізінен отбасынан, балабақшадан басталады. Ұлттың рухани жаңғыруы – тілдік сананың жаңғыруына тікелей байланысты. Жасөспірімдердің патриоттық тәрбиесіндегі мемлекеттік тілдің рөлі орасан зор екенін, сондай-ақ, ұлттық сана-сезімді, дәстүр мен салтты, халықтың бейнесін әлемге танытатын рухани құрал, қазақ тілі еліміздің байлығы екенін естен бір сәтте шығармағанымыз жөн.
Қоғамдық іс-шараларға белсенді қатынасып жүргендіктен түрлі көріністерге куәгермін. Кей қазақтар өз тілдеріне немқұрайлы, ат үсті, жауапсыз қарайтын кездер кездеседі. Мысалы: Жиналыс болып жатыр. Бейне көріністерді пысықтап, талдап отырмыз. Абай Құнанбайұлының өлеңі қосылды. Титрде өлеңнің аты «Қаламқас» деп тұр. Мен тоқтатып, бұл қателік қой десем, «Ештеңе етпейді» - дейді отырғандардың бірі. Әлемде шырқалатын әннің атын дұрыс жазбай, көре тұра түземеу мен үшін мүлде түсініксіз жай. Міне, осы сияқты келеңсіз көріністерден тілге деген құрметімізді жоғалтамыз. Қазақстанның азаматшасы болғандықтан, туған жерімді айрықша құрметтегендіктен мен тілге қатысты ұсақ-түйектің бәріне де тұрақты назар аударамын. Қалайша?... Қалайша? ... арғы ата-бабаларымыз, алаш арыстары, атақты ақын-жазушыларымыз, ғалымдарымыз бел шеше күрескен туған тілге, қазіргі уақытта осылайша көз жұмып қарауға болады?! Мұны мен тек қана қызыл сөзді құлпырту үшін емес, қазақ тілін жан-тәніммен сүйіп, жаным ашып отырғандықтан айтып отырмын.
Біз әрқайсымыз қателіктерге көз жұмып қарамай, керісінше қазақ тілінің күрескері болуға міндеттіміз.
Қазіргі уақытта біз қазақ тілін қолданылу аясы кең ұлтаралық қатынас тіліне айналдырып, тек осындай іс-шараларда ғана емес, күнделікті өмірімізде қажеттілігін терең сезінгеніміз жөн.
Сөзімнің соңын Қостанай облысының белгілі ақын-жазушысы, ұстазым Нағашыбай Мұқатовтың тамаша өлеңімен тәмамдағым келеді:
Көшке ілескен көп пенденің бірімін,
Кісі көрсем жылы жүзбен жібідім.
Тілім жоқта мәңгі оянбас мүрдемін,
Тілім барда тірімін де, ірімін.
Еңсең бүгін тым ерекше ер елім,
Еңісіңе өлең дәмін себемін.
Тілім жоқта сусыз қалған балықпын
Тілім барда тік желкенді кемемін.
Өрттей жанды өмір бойы өзегім,
Титтейімнен тәнмен, жанмен сеземін.
Тілім жоқта домбырамын қос шексіз
Тілім барда оркестрмін тек өзім.
Ащы дәмін таттым талай түтіннің,
Сан саясат санамды арбап, ұтылдым.
Тілім жоқта тірі пенде мені ұқпас
Тілім барда түп-түгелмін, бүтінмін.
Туған тілді жат сынбай, кері итермей, көк байрағымыздай көтере білейік ардақты ағайын!
Алла ЧЕЧЁТКИНА,
Молдаван этно-мәдени бірлестігінің мүшесі,
журналист
Қазақ үні