Мұхамеджан Тазабеков: Сәләфиттерден мендей зардап шеккен адам жоқ
2020 ж. 05 қараша
4052
0
"Қазір мен еш қысылмай Матуриди ақидасында екенімді айта алам"
«Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар кеңесінің отырысына қатысып, өзінің діни көзқарасы туралы ашып айтты.
Бұл туралы "Қазақ үні" хабарлайды.
Мұхамеджан Тазабековтың жиында сөйлеген сөзін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
- Ел арасында мен туралы «Мұхамеджанның ақидасы күмәнді, Матуридиге бүйрегі бұрмайды. Сауд Арабиямен қатысы бар, Дарынмен жақсы» деген секілді ақидалық мәселелер айтылып жатады. Құдайдың алдында арым таза болу үшін, екіншіден сіздерге де керек болып жатса құжат болу үшін өзімнің діни ұстаным, таным-түсінінігіме қатысты мәселені ашық айтып, мәлімдеп кеткім келіп отыр.
Кезінде ақын болдық, жүрегіміз ашық болды. Қайда барсақ халық таниды, құшағына алады, ана молда арқадан қағады, мына оқымыстының ауызына қараймыз... Өкінішке орай ол кезде діни басқарманың жемісті жұмыс істемеген кезі, әлі ғұламаларымыз қалыптаспаған. Аты шыққан уағызшыларымыз жоқ кез. Елдің бәрі Дарынды тыңдады, имамдардан Абдулла Жолдасұлын ғана білеміз.
Сөйтіп тұрған заманда Сауд Арабиясынан, Мысырдан, Пакістаннан оқып келген азаматтарға құштарлығымыз артып тұрды. Соларды тыңдадық, қасында жүрдік. Тіпті ағаларымыздың қолдауымен өзіміз барып көрейік деген оймен Сауд Арабиясына барып, 6-8 ай тұрып келдім. Бірақ, Құдай куә, мен ол елден әлде біреуді ұстаз көріп, шейхім деп танып келген жоқпын. Тіпті ол жақтағылардың мені өз топтарына тартып жатқанын да сезбеппін. Енді ойласам, сол кезде мені бір топ мына жаққа, бір топ ана жаққа тартып жүрген екен. Күндіз-түні менімен жұмыс жасағандардың осындай мақсатын сезбеген күйі елге қайтып келіппін.
Бірақ қажылық кезінде бізді алғаш қарсы алған Дидар секілді жігіттер жақын болып қалды. Өйткені көзімізді ашып көргеніміз солар болды. Сөйтіп, сол вариантпен ғана жүрдік, ақиқат осы екен, осы дұрыс екен деп ойладық. Кейін кемелдене келе, діни басқарманың ғұламаларын және басқа нұсқаларды тыңдағаннан кейін (алғашқыларға) күмән келіп, алыстай бастадық.
Бірақ кілең жас балалар Матуридиді бір жаққа сырып тастап, қазақ даласының барлық құндылықтарын жоққа шығарып жатқан мәселелерді қолдап кетпесек те, «а, солай ма екен» деп жүрген кезіміз болды. Сөйтіп жүргенде ақын ретінде біреу сұхбат алады, біреу жай сұрайды, кездесуде боламыз, бірақ оның (діннің) шекарасын да білмейміз, жауапкершілігін де білмейміз, шалқып шабытпен, шығармашылық көңілмен сөйлеп жүрген кездеріміз болды.
Жасыратыны жоқ, кейін ұстаздармен сөйлестік, тыңдадық «Матуриди кім, шынымен адасқан ба, шынымен тозаққа бара жатырмыз ба» деген сұрақтарға жауап іздедік. Соңғы 7-8 жылда осы мәселені зерттеумен айналыстым. Бұл сұрақтарымның соңғы нүктесін Наурызбай қазірет қойып отыр. Өткенде осыған байланысты соңғы бір сейілмей тұрған күмәндарымды бұл кісі ақ-қарасын айтып, мен бармаған бір бұрыштар бар екен соны түсіндіріп, күмәнімді кетірді. Былайша айтқанда, Матуриди атамызға тек қаға дұға қылмай, ол менің ақидам екен, ата-бабам ақидасы екен, Абайдың, мен секілді ақын-жыршылардың ақидасы дегенге табан тіредік.
Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырмаймыз, қазіргі уақытта Дарынмен де ондай қарым-қатынасымыз жоқ. Көріп қалған жерде сәлемдескеніміз болмаса, жабысып уағыз тыңдап немесе арқасынан қағып отырған жағдаймыз жоқ. Себебі бір нәрсе анық, қазір Құдайға шүкір діни басқарманың ұстанымындағы мені толық қанағаттандыратын ұстаздар жетерлік. Ол кезде мүмкін осындай ұстаздар жоқ болған шығар, қазіргі уақытта жетеді. Сансызбай ұстаздан бастап, мешітте отырған имамдардың бәрін тыңдап жүрміз.
Сондықтан осы отырған әрқайсыңыздың менің көзқарасымда, жандүниемде төңкеріс болуына үлестеріңіз бар. Қазір мен еш қысылмай Матуриди ақидасында екенімді айта алам. Бұл сөзді әбден көзіміз жетіп, көңіліміз орныққаннан кейін айтып отырмын.
Өзін сәлафимін деп жүрген адамдардан, Ділмұрат, Халил дегендерден мендей зардап шеккен адам жоқ. «Асыл арнаға» пәтуа шығарды, арнада жұмыс істеп жүрген адамдар жұмыстан кетті, қаржы-қаражат тоқтады. Ділмұрат, Ибрагимдар менің демеушілеріме «бұлар бидағатшы, бұлар мүфтиятпен істеп жатыр» деп соларды тоқтатып тастады. Мен олардан қаржы, кадр, абырой жағынан өте көп зиян көрген адаммын. Көпшілігінің секта екеніне анық көзім жетті. Оны беттеріне де айтып жүрмін.