Жасұлан Иса: ҰЯТ ЖОҚ ЖЕРДЕ, ЗАҢ ЖОҚ!
2020 ж. 05 қараша
2689
0
Өткен айда, бір азаматтың құқығын қорғап жүріп, "құзырлы" деген органдардың бірнешеуіне кіріп шықтық. Ішкі істермен қоса Прокуратура деп аталатын заң орындалуын қадағалайтын мекемелерде болдық.
Айтпағым, біз қайсы біріне кірсек тағы ҚР "Тіл туралы" заңының талаптары бұзылады да тұрады. Бұл жерде, әрине, өзге тілді білмейтін кей азаматтарымыздың құқылары да қоса бұзылатыны сөзсіз.
Алдымен, аудандық полиция бөлімшесінің кіре берісінен орыс тілінде ғана ілінген жазбаларды көріп, бірден бұл заң бұзушылық екенін сол жердің формы киген заңгерлерлеріне түсіндіргендей болдық. Келесі жолы барғанымызда, ескерілусіз қалған заң бұзушылық, көзімізді бадырайтып қойып тағы қарсы алды. Бізде де ұят жоқ. Бұларда да ұят жоқ. Ұят жоқ жерде, Заң қайдан болсын деймін мен. "Бұзылған" ақпараттарын заңды қалпына келтірулерін тағы сұрадық. Олар болса, жаңа ғимаратқа енді көшкендерін айтып, жаңа басшы келгенін сылтаулатып, соңында, бұл "іс" олардың қолдарынан келмейтінін жеткізді?!
Қалалық прокуратурада да сондай жағдайға тап болдық. Көзге көрініп тұрған заң бұзушылықтарға қатысты кіре берістегі "Күзетші бала", басшыларға жеткіземіз деумен ғана шектеліп қалдық.
Ал, енді, еліміздің бас прокуратурасында заң бұзушылыққа тірелгеніміз шыныменен ұят болды. Бір параққа жазылған ақпараттарында орыс тілі Мемлекеттік тілден жоғары тұр. Ал, жеке парақтарға жазып ілінгендерінде орыс тілі тағы басым болып, сол жағына жабыстырылған.
Бұл енді, Бас прокуратура.
Хатымды қабылдап жатқан кеңсе қызметкері тіл мамандарына айтамыз деп, қысқа қайырып ол кетті.
Бұл мекемелерге келетін адамдар жеке мәселелерімен бастары қатып, сол жерге тәуелді болып баратындары белгілі. Сондықтан, өздеріне қатысты болмаса, бұндай заң бұзушылықтарды көре тұра, мән беріп, ештеңе айтқылары келмейді.
Тіл саясаты комитеті басшысымен алғашқы кездескенімде осы Тіл мәселесіне байланысты өз ойымды айтқан едім. Кейін бір сөйлескенімде, прокуратура, әділет басқармалары қызметкерлерімен жақын арада жеке бір кездесу өткіземіз деп сендіріп еді мені, Әділбек Қаба мырза. Содан бері, күтуде болып, құрылған топ, жиындарында да үндемей жүрген жайымыз бар. Бірақ, қашаңғы жүре береміз?
Шынымен, егер нәтижелі жұмыс жасаймыз десек, алдымен осы аттары аталған органдармен кездесу өткізіп, мәселенің бетін ашып алуымыз керек. Әрі қарайғы жұмыстарды солармен бірлесіп жасағанымыз жөн деп тағы қайталаймын.
Ал, қазіргі біздің көше "тазалап", кәсіпкерлерге шүйлігіп, білім мен ғылымды "өсектеп", кино, мультфильмдерді, т.т. "әңгімелеп" жүргеніміз, жұмыстың жай қимылын (имитация) ғана көрсетеді деп білемін.
Қатты айтсам іренжімеңіздер. Барлығы тек Тіл үшін. Барлығы Ұлт үшін...
Жасұлан Иса,
Қазақ үні