ҚМДБ Мұхаммед пайғамбардың карикатурасына қатысты мәлімдеме жасады
2020 ж. 03 қараша
1911
0
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Charlie Hebdo" журналында жарияланған Мұхаммед пайғамбардың карикатурасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Қазақ үні".
Мәлімдеме мәтіні төмендегідей:
Соңғы кездері әлемде сөз еркіндігі мен демократия астарында жекелеген этностарды немесе конфессияларды балағаттау, кемсіту, арандату жиі көрініс таба бастады. Әрине, мұндай жағдай көпшілік елдерді, халықтарды және түрлі дін өкілдерін қатты алаңдатады. Бұл бір жақтан, радикалдық көзқарас пен лаңкестікті, екінші жақтан, конфессияаралық өшпенділік пен араздықты тудыруда.
Жуырда Францияның "Charlie Hebdo" журналының Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келемеж суретін салуы және кейбір билік өкілдерінің айтқан қисынсыз пікірі әлемдегі барлық мұсылмандардың ашу-ызасына себеп болды.
Төзімсіздік пен өшпенділіктің әлеуметтік-экономикалық, саяси және заңнамалық себептерінен өзге, қоғамда қалыптасқан мәдени және рухани құндылықтардың құлдырауына, қоғамның тұтастығы мен мәдениетаралық қатынастың бұзылуына алып баратыны сөзсіз.
Әйтсе де, шынайы мұсылман өзінің пайғамбарына болған сүйіспеншілігін, оның нағыз үмбеті екенін сенімі мен ізгі істері, әдептілігі мен көркем мінезі арқылы көрсетеді. Сонымен қатар, мұсылмандар өз діні мен пайғамбарын қорлауға жол бермейді. Себебі, пайғамбарға иман келтірумен қатар оны қорғау да мұсылманның міндеті болып табылады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Сендердiң ешқайсыларың менi ата-анасынан, бала-шағасынан және барлық адамзаттан артық жақсы көрмейiнше, толық иман келтiрген болып саналмайды" деген (Муслим).
Осы жағдайға байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің келіспеушілігін білдіреді және мұсылмандарды түрлі арандатушылық әрекеттерге берілмей, барлық амалдардың шариғат әрі заң шеңберінде шешілуі тиіс екендігін жеткізеді. Еліміздегі дін өкілдері мен қарапайым халықтың кейбір саяси күштер мен түрлі радикалдық топтардың құрбаны болып кетпеуін қалайды.
Ислам діні – өзге мәдениеттерге төзімділігі мен сұхбатқа ашықтығының арқасында көптеген елдер мен халықтардың жергілікті мәдениеттерін бірегей арнада тоғыстырған дін. Сондай-ақ, Ислам діні басқа діндерге, көсемдері мен ғибадатханаларына құрметпен қарауға бұйырады, кез келген дінді кемсітуге, олардың діни рәміздерін бұзуға тыйым салады.
Құрметті бауырлар, ардақты ағайын!
Әрбір мұсылман кез келген дін және діни қатынастарға қатысты сөз болғанда мәселенің нәзіктігін ескеріп, оны түсіндіру мен таратуда өзінің рөлі мен қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін терең сезінуі тиіс.
Осы бір жағдайда барша мұсылман қауымын төзімділікке, парасаттылыққа шақыра отырып, Жаратушы Иемізден елімізге тыныштық, халқымызға амандық, асыл дініміздің өркендеуін тілейміз.