«ХАРЕКЕТ» ҚОРЫНЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ӘРЕКЕТІ
2020 ж. 03 қараша
6240
14
«Харекет» қайырымдылық қоры Гүлмира Мұханқызының бастамасымен «1000 теңгеге баспана» идеясын алға қоя отырып, 07.10.2017 жылы Алматы қаласында құрылды. «Харекет» қайырымдылық қорының мақсаты – «1000 теңгеге баспана» бастамасымен халықтың демеуімен республикамыздың түкпір-түкпірінде нақ мұқтаж жандарды іздеп тауып,– баспанамен қамтамасыз ету болып табылады. «Жетімін жылатпаған жесірін қаңғытпаған» қазақ деген халықтың арасында баспанасыз өзгенің босағасында жүрген отбасыларға қолдау көрсетіп, олардың жылы да жайлы үйде өмір сүруіне жағдай жасау.
Қайырымдылық қорды құру туралы идеясын Гүлмира Мұқанқызы 2017 жылдың 2 тамызы күнгі «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жазбасында өз оқырмандарымен былайша бөліседі:
« – Әрдайым сіздерге жетім-жесірлер жайлы, садақа жайлы жазып келемін. Бірақ сол жетімнің басын сыйпадық па? Жесірлерге қол ұшын бердік пе? Аш отырған көршіңізді тамақтандырдыңыз ба? Біз қандай жақсылық жасадық? Алла Тағала Құранда шаңның тозаңындай жақсылық істесең соның сауабын аласың деген.
Неше-неше уағыздар бар: бір әйел итке су бергені үшін жәннат нәсіп болған, адамдарға кедергі болмасын деп, жердегі тасты алып тастағаны үшін жәннаттан жай бұйырған. Кішкентай жақсылығың үшін Алланың кешірімін алуға болатынын білеміз.
Мұсылман бауырлар менің ойым әр айда 1000 теңгеден жинап, 5000 мың адам 5 миллион жинасақ, бір мұқтаж жанға бір үй алып берсек. Мүмкін ай сайын қайырымды жандар одан да көп болып жатса,екі жанға қол ұшын созармыз. Ал ол кісілердің қуанғаннан көз жасын көру не деген бақыт десеңізші?! Жақсылық жасап жарыссақ... Сіздер қалай ойлайсыздар?
Ол кісілерді қалай табамыз? Әркімнің көршісі бар болмаса, мешіттерден біліп, қолдау көрсететін еріктілер де табылар...Әр қаладан солар арқылы тексерсек... «Шынайы мұқтаж адам ол – ешкімнен қайыр сұрамайтын міскін, бәлкім олар үйлерінде» деген хадистегі жанды тауып, көмек берейік. Фейсбук әлеуметтік желісінде жариялап, 15-20 адамды бақытты қылып жатсақ, бізден бақытты жан болмас.
Берген мың теңгеңіз неше есе сауапқа кенелтеді емес пе ин ша Алла. Алла баршамызды сауапты амалдардан жасауды нәсіп етсін», – деп барша қазақ халқын қайрымды іс жасауға шақырады.
«Әрекетке – берекет» демекші, «Қарекет» қайрымдылық қорының қарқынды атқарған істері берекетті болып, бүгінде еліміз бойынша баспанаға мұқтаж қаншама отбасына қуаныш сыйлап келеді. «Қарекет» қоры құрылған күннен бастап, қор мүшелері мен ерікті топтардың тікелей атсалысуымен баспанасыз отбасылар үйлі болып, берекелі де мерекелі шаңырақ иелеріне айналып келеді. Жақында ғана өзінің үш жылдығын атап өткен «Қарекет» қоры
осынау қуанышты күні 300-ші мерейтой үйін Алматы қаласының тұрғынына сыйлады.
Қазіргі таңда айналасы үш жылдың ішінде еліміздің барлық қалаларынан 314 басапана беріліп 314 мұқтаж жанұя баспаналы болды.
Елімізде жалғыз басты аналар, көпбалалы аналар, отбасында мүмкіндігі шектеулі жандары бар отбасылар қарастырылып, осындай жанұяларға Алланың қалауымен бірінші болып баспана беріліп келе жатқандығын айтуға тиіспіз.
«Харекет» қорына Мадияр Серікбаев басқаратын елімізге танымал әзіл-сықақ театры «Өнер қырандары» демеу болып, қор жұмыстарының жанды жұмыс жүргізуіне белсенді түрде атсалысып келе жатқандығын айтуға тиіспіз.
«Көп түкірсе көл болады» демекші, бар қазақ болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жұдырықтай жұмыла білсек, мұқтаж жандарға мүмкіндігінше зор қолдау көрсете аламыз.
«Әр қазақ менің жалғызым» деп белгілі ақын Сабыр Адай айтқандай, баспанасыз жүрген әрбір қазақтың жағдайына бей-жай қарамай, «Харекет» қоры арқылы 1000 теңге салып, қолдау көрсете білсек, ай сайын елімізде бір отбасы баспана кілтіне қол жеткізеді екен. Қазіргі уақытта 500-мың оқырманы бар қордың инстаграмм парақшасы арқылы адамдарға сыйлаған үйлердің бейнежазбасын көрсетіп, баспаналы болған отбасылардың қуанышымен бөлісіп келеміз.
«Харекет» қорының жетекшілері Мадияр Серікбаев пен Гүлмира Мұқанқызының мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйласақ деген ізгі ниеті мен осы жолдағы еселі еңбегіне елі де шын жүректен разылығын білдіріп келеді. Мәселен, Силам Бақбол:
«Харекеттей» қорымызды басқарған,
Бір отбасы құрап отыр жастардан.
Мейірімге толы олардың жүрегі,
Айналайын қатар тұрған қос жаннан.
Біздер үшін биік тұрар бағаңыз,
Үлгі бізге Мадиярдай ағамыз.
Лүпілдеген «Харекеттің» жүрегі
Аман болсын, Гүлмирадай анамыз, – деп өзінің жүрекжарды жырын арнаған екен.
Осы тұста, «Харекет» қайрымдылық қорының қолдауымен баспаналы болған отбасыларды тілге тиек еткенді жөн санадық.
Қордың кезекті 272 баспанасы Тараз қаласында тұратын 7 балалы , күйеуі ауыр науқас Іңкәр есімді анаға бұйырды. Үйленген үлкен ұлымен бірге барлығы 11 адам бір пәтерді жалдап отырған отбасы енді өздерінің кең баспаналарында жайлы жағдайда өмір сүретін болады. Сонымен қатар, қордың кезекті 301-ші баспанасы Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны 6-балалы жалғыз басты ана – Шамыкова Сағадат Сайдоллақызына берілді. Баспана кілтін белгілі актер Əділ Ахмет жəне «Жастар» театрының ұжымы салтанатты түрде табыстады.
Қор жетекшілері 285-ші баспананың кімге тапсырылғанын былайша әңгімелеп берді: «Тағдырдың тауқыметін ерте тартқан Айсара мен екі бауыры әуелі анасынан, кейін әкесінен айырылып, орны толмас қазаға душар болды. Үрімдей жас қыз бауырларын алып , өз бетімен өмір сүреді. Қамқоршыларынан айырылған соң, Айсараның жұмыс жасап, тапқан ақшасы азық- түлік пен пәтер ақшасына жетпейтін. Еліміздегі қиын қыстаудың әсерінен жұмысынан да айырылған болатын. Тағдырдың аязына тоңбай, сынаққа сабырмен шыдап баққан қыздардың жүзіне кенеттен күлкі ұялап, жанарында үміт сәулесі жарқ етті.
Мейірімі шексіз Алланың қалауымен , халықтың кең жүрегі мен зор қолдауының арқасында «Харекет» қайырымдылық қорының 285-ші баспанасы, Алматы қаласынан 3 бөлмелі пәтердің кілті Айсара мен бауырларына табыс етілді. Бұл бәріміз үшін зор қуаныш болғанын жасыра алмаймыз», – дейді.
«Харекеттің» 296-шы баспанасының кілті Атырау қаласының тұрғыны 3 баласын жалғыз өзі бағып- қағып отырған әке Иманғазиев Қанатқа табысталса, ал 314-ші баспананың кілті Манғыстау облысы,Актау қаласы Өмірзақ ауылы Жамаловтар әулетіне бұйырды. Жалпы айтқанда, мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Біз бірқатарын ғана атап өтуді құп көрдік. «Харекеттің» қарқынды әрекетінің арқасында баспанаға қол жеткізіп қуанышқа кенеліп жатқан отбасылардың қарасы күннен күнге көбейіп келеді. Қор алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра отырып, шын мұқтаж отбасылардың баспаналы болуына септігін тигізе бермек.
Осы тұста біз де «Харекеттің» бастамасына қолдау көрсетіп жүрген әрбір жанның сансыз сауаптарға кенеле беруіне тілекшіміз! «Харекеттің» әрбір әрекеті берекетті болғай!
Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz