Дәулеттің оқырмандары - Қайырымдылықтың нағыз бренді!
2020 ж. 02 қараша
3594
1
Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Қайырымдылық іс жасау арқылы адам баласы зор сауапқа кенелетіні белгілі. Осы тұста құрылғанына аз ғана уақыт болса да, қаншама игі істердің атқарылуына ықпал етіп келе жатқан «Dauletten» қайырымдылық қоры туралы оқырман қауымға толығырақ мәлімет беруді құп көрдік. Сол себепті, қор төрағасы, журналист, блогер, қоғам белсендісі, «Баспанаға бағыт» авторлық бағдарламасының жүргізушісі Дәулет Мұқаевпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Дәулет ең алдымен, «Дәулеттен» қайырымдылық қорының қалай құрылғандығын айтып берсеңіз…
– «Dauletten қайырымдылық қоры» 2020 жылы 14 мамыр күні құрылды.
Қор жұмысының басты мақсаты – мұқтаж жандарға көмек пен білімді жастарға қолдау көрсету. «Dauletten» қайырымдылық қорының» қамқоршылық кеңесінің мүшелері Ұлан Дәулетқали мен Шамиль Қарақожа екендігін атап өткенім дұрыс.
– Қордың күні бүгінге дейін атқарған ауқымды істерімен оқырман қауымды таныстыра отырсаңыз…
– «Dauletten» қайырымдылық қоры» күні бүгінге дейін бірқатар игі істерді атқаруға ықпал етті десек, оның барлығы әлбетте менің қайырымды оқырмандарымның тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқанын айрықша атап өтуіміз керек.
Атап айтсақ, мамыр айынан бері 332 млн. теңгенің қайырымдылық шарасы жасалды. Біздің қорымыз бір ғана бағытта емес, жан-жақты жұмыс істейді. Баспана мәселесі еліміздегі ең бір маңызды мәселе. Сондықтан, бұл мәселенің түйінін тарқатуға мейілінше, күш салуымыз керек деген ойдамын. Мені баспанасыз әрбір қазақтың жай-күйі қатты алаңдатады. Сондықтан, өзімнің жүрген жерімде үйлі болуға байланысты қажетті кеңестерімді айтып жүремін. Инстаграм парақшам арқылы да тұрғын үйге қатысты маңызды ақпараттармен бөлісіп отырамын. Сонымен қатар, «Хабар» арнасындағы «Баспанаға бағыт» хабары арқылы да баспанаға қатысты мол мағлұмат беруге тырыстым. Мұндағы мақсат – әр қазақ үйлі болса деген ой. «Дәулеттен» қайырымдылық қоры баспана мәселесіне айрықша көңіл бөле отырып, қолдан келгенінше көмек қолын созуға тырысады. Біздің қордың қолдауымен, Қазақстан Республикасы бойынша бірнеше қаладан барлығы 23 баспана сатып алынды. 168 адам өз шаңырағында қоныс тойын тойлады.
«Денсаулық – саулық кепілі» десек, адам саулығын сақтау қашан да басты назарда болуға тиісті. Сондықтан, «Dauletten» қайырымдылық қоры» бірнеше жанның ота жасауына көмек көрсетті. Табиғи апат салдарынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының ҰБТ тапсыратын 160 түлегіне ноутбук сатып алынып, тапсырылды. Бұл өз кезегінде ел болашағы саналатын білімді жастарды қолдау. COVID-19 пандемиясына байланысты орын алған төтенше жағдай кезінде 500 отбасыға азық-түлік себеттері берілді.
– Қордың жобалары туралы айта отырсаңыз…
– Күллі мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбан айт мерекесі кезінде мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында Дәулеттің қайырымды оқырмандары атынан Қазақстанның 14 облысында қой сойылса, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ірі қара құрбандыққа шалынды. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен бірге атқарылған игі іс аясында құрбандыққа шалынған мал еті әр облыс, қала мешіттерінде мұқтаж адамдарға таратылды.
«Dauletten қайырымдылық қоры» ЖҚ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Менің Атамекенім» қоғамдық ұйымымен бірлесе отырып, «Мектепке жол» қоғамдық қозғалысы аясында «Оқушыны қолда» республикалық қайырымдылық акциясына қолдау көрсетті. Акция аясында Дәулеттің қайырымды оқырмандары атынан Түркістан, БҚО, СҚО, Қостанай, Алматы облыстарының ауылдық мектептеріндегі жетім балаларға 10 ноутбук пен 20 планшет таратылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп білімінің онлайн режиміне өтуіне байланысты әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларды қажетті техникамен қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде мектеп оқушыларының сапалы білім алуына мүмкіндік туғызу.
Бүкіл әлемді алаңдатқан Covid – 19 қауіпті індеті кезінде «Dauletten қайырымдылық қоры» ЖҚ «Екінші тыныс» акциясын өткізді. Акция аясында Түркия мен Қытай мемлекеттерінен Дәулеттің қайырымды оқырмандары арқасында 300 оттегі концентраттары сатып алынды. Оттегі концентраттары еліміздің аймағындағы қала, аудан, ауыл ауруханаларына тегін беріліп, пандемияны еңсеруге зор септігін тигізгендігін атап өткен ләзім.
«Dauletten қайырымдылық қорының 2020 жылғы маусым айындағы «Қайырымды» жұма акциясы аясында «Бала-шағамен ауылға» жобасы қолға алынған болатын. Жоба аясында 5 отбасыны қаладан ауылға көшіру жоспарланған болатын. Қор тарапынан жоба қатысушылары ауылды жерден баспанамын қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, еліміздің әлеуетін арттырып, мал шаршуашылығының одан әрі өркенде дамуына үлес қосу мақсатында ауылдарға көшіп барған әрбір отбасыға екі сиыр және екі бұзау беріледі. Сондай-ақ, бір жыл көлемінде 42500 теңге төленбек. Тағы атап өтерлік басты нәрсе – ауылды көркейту, гүлдендіру мақсатында әр отбасы өзі көшіп барған ауылына он ағаш ексе, бір реттік 50 000 теңге төленеді.
– Ауылда бір жыл ішінде бала дүниеге әкелсе, бір реттік 200 000 теңге беріледі. Ал кәсіп ашса, Дәулет Төлеутайұлының Instagram парақшасында тегін жарнама жасалып, кәсібін одан әрі дөңгелетуіне мүмкіндік туады. Өздері көшіп барған ауылда 3 жыл тұратын болса, үй атына аударылады. Оған дейін баспана қордың жекеменшігінде болады.
Егер жоба сәтті жүзеге асып жатса, алдағы уақытта тағы 5 отбасыны сол ауылдарға қоныстандыру жағын қарастырамыз.
Осы тұста қолға алып жатқан әрбір жобамыздың мән-маңызы жоғары екендігін атап өткім келеді. Осы тұста қорымыздың белсенді жұмыс істеуіне инстаграм әлеуметтік желісіндегі оқырмандарым және де еліміздің өзге де қайырымды тұрғындары атсалысып жатқанын айтуға тиіспін. «Мейірімділік – әлемді құтқарады» демекші, бір-бірімізге мейрімділік көрсетіп, қайырымдылық жасай білсек ғана елімізде мұқтаж жанжандардың саны азаяр еді.
– Сөзіңіз аузыңызда, «Бала-шағамен ауылға» жобасы аясында ауылға көшкен отбасылардың өмірі туралы толығырақ тарқатып айтып берсеңіз…
– «Бала-шағамен ауылға» жобасы бойынша алғашқылардың бірі болып Қызылорда қаласындағы көпбалалы отбасы көшті. Биыл 6 балалы Cәрсенбай Наурызбаев пен Раушан Кенжебаеваның отау құрғанына – 12 жыл. Қызылорда қаласында 10 жылдан аса уақыт пәтер жалдап келген.
Отбасы «Бала-шағамен ауылға» жобасы бойынша Қызылорда облысы, Қосшыңырау ауылдық округі, Досан ауылына қоныс аударды.
Екінші, 5 баланың анасы Назым Бажкеева – Екібастұз қаласында иесіз қалған жатақхана бөлмелерінің бірін жалдап тұрды. Кішкентай сәбилерімен қуықтай бөлмеде өмір сүру оған қиынға соқты. Күнде кешкісін Назым балаларына үй ішінде ақырын, жүгірмей ойнауын ескертіп отыратын да болған.
Отбасы «Бала-шағамен ауылға» жобасы бойынша Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Үлгілі ауылына көшті. Балалардың қуанышында шек жоқ. Назым бұзаулы сиырын бағып, сүтін, майын, құртын пайдалануда.
Үшінші, Алматы қаласынан жоба жеңімпазы атанған – көпбалалы Молдағали Бұхарбаев пен Эльвира Байғараның отбасы. Жастайынан жұмысқа араласқан Эльвира кез келген істі дөңгелетіп әкетуге дайын.
Отбасы «Бала-шағамен ауылға» жобасы бойынша Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақермен ауылына көшті. Жас ата-ана ауыл шаруашылығын дамытуда қолға алды.
Төртінші, Шымкент қаласынан 7 бала тәрбиелеп отырған Серік Ергешұлы мен Ұлбала Сапарбаева «Бала-шағамен ауылға» жобасының жеңімпаздары атанды. Серік 10 жылдан бері жалдамалы жұмыс істеп келсе, Ұлбала үй шаруасындағы әйел. Отбасы «Бала-шағамен ауылға» жобасы бойынша Қазығұрт ауданы, Майбұлақ ауылына көшті.
Бесінші, Қанат Сеитказин мен Назира Алибаева 6 бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Назираның мүмкіндігі шектеулі. Осы уақытқа дейін пәтерден пәтерге көшіп, баспана тауқыметін тартқан. «Бала-шағамен ауылға» жобасы бойынша отбасы Алматы Облысы, Шамалған ауылына көшті.
– Әңгімеңізге рахмет! Дәулетті оқырмандарыңыбен бірге қайырымды істің жаршысы боп жүре беріңіз!
Сұхбаттасқан: Г. Бақытжанқызы
Қазақ үні