СІМ АҚШ пен Ұлыбританияға наразылық нотасын жолдауы керек - Мәжіліс депутаты
2020 ж. 26 қазан
1220
0
Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Бораттың Саша Барон Коэннің әрекетіне қатысты Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді.
Бораттың былығы туралы
1. Аптадан асып кетті, ағылшынның найсап комигі Саша Барон Коэннің жексұрын тірліктері Қазақстан қоғамын кезекті рет «ызалы жүрек, долы қол, улы сыя, ащы тіл» жағдайына жеткізді. Маған осыған орай біраз адам хабарласты. Мәселені «шешудің» түрлі жолы ұсынылды.
Біріншісі – айта-айта жауыр болған тәсіл: Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Ұлыбританияға ресми наразылық нотасын жолдауы керек. Және қос державаның еліміздегі елшілерін шақырып алып, журналистер көзінше оларды «Борат» үшін ұялтып, нотаны қолына ұстатуы қажет. Бірден айтайын, бұл – тұйыққа апаратын жол. Өйткені Саша Барон Коэн – жеке тұлға, яғни АҚШ үкіметінің не ағылшын патшалығының ресми тұлғасы, лауазымды өкілі емес. Бұл мемлекеттер оған қарсы ештеңе істей алмайды. Қайта Қазақстанның «Боратқа» қарсы наразылық нотасын жолдауы – көргенсіз фильмге қосымша пиар. Ол сұмның өзі осы құжатты алақанын ысқылай күтіп отыр.
Екіншісі – радикалды тәсіл: бір топ жас хабарласып, «аға, былай жасасақ, не дейсіз?» деп пікір сұрады. Көшеде «Борат» сияқты шешініп, әбүйірді бетпердемен жауып, АҚШ пен Ұлыбритания туын таптамақ. Қажет болса, өртемек. Мен бірден тоқтау салдым. Неге? Оны ғаламтордан көрген бүкіл әлем қазақтар бетпердені шынымен солай тағады екен деп сенуі мүмкін. Бұған қоса, елде күн күрт суыды. Әрі пневмония індеті күш алып тұр. Жастардың денсаулығына нұқсан келуі мүмкін. Қазақ баласының басын бәйгеге тігуге болмайды. Оның үстіне қоғамдық тәртіпке қайшы.
Үшіншісі – тым радикалды тәсіл: «басын жұлып алмаймыз ба?» Айтқандай, әлеуметтік желілерде үндеу жасаған кейбір блогерлер, қоғам белсенділері, басқасы осыған шақырып жатқаны өкінтеді. Қазақ бейбіт, бітімшіл халық. Біз жаһанға жауыздығымызбен емес, ғалымдығымызбен, өркениеттілігімізбен атымызды шығаруға тиіспіз. Бір апта ғана бұрын Парижде шешен баласы дінімізге жат карикатура көрсеткені үшін мұғалімнің басын кесіп алды. Әрине, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) карикатура жасалуы жанымызға батады, ар-намысымызға тиеді. Бірақ Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «адам өлтірме», «зорлық жасама», «зұлымдықтан сақтан» деп, адамгершілік құндылықтар мен ұстанымдарды ұлықтауға үндеді емес пе? Исламда адамның жанын алуға Алладан басқа ешкімнің құқығы жоқ екені жазылған. Демек, бізді сөзбен жәбірлегеннің бәрінің жанын жаһаннамға жібере берсек, мұсылмандығымыз қайсы?
2. Халықаралық тәжірибесі бар заңгерлермен ақылдастым. Олар қазақстандық қана емес, жалпы кез келген туды сорақы мақсатта пайдаланғаны үшін соттасудан келер нәтиже шамалы дегенді айтады. Бұл бірнеше миллион долларды қажет ететін және ұзаққа созылатын процесс. Онда жеңу қиын.
Сонда не істеуіміз керек? Көк байрағымызды сыйлауды өзіміз үйренуіміз керек, әлемге үлгі болуымыз керек және патриотизмді ұрпаққа табыстауға тиіспіз. Мемлекеттік туымызға өзіміз лайықты құрмет көрсетіп жүрміз бе? Ту көтеріліп, әнұран орындалғанда қолын кеудесіне қоюдан қымсынатындар жетеді. Көк тумен қоқыс таситын да өзіміз. Волонтер балалар «Мемлекеттік рәміздер күні» көшеде тегін тарататын шағын туларды кейін қоқыстан тауып алатынына қынжылады.
Биылғы жылдың басында кітапханалардың бірі Әділет министрлігіне жүгініп, тұрғын үйлерде орналасқан меммекемелердің маңдайшасына үлкен Мемлекеттік туды ілмеуге рұқсат етуді сұрапты. Себебі, заң бойынша ту түнгі уақытта жарықтандырылып тұруы керек: «ал жарық тұрғындардың тыныш ұйқысына кедергі келтіреді» депті кітапхана директоры. Өзгені түземес бұрын мұндай сорақы қылықтардан алдымен өзіміз арылғанымыз жөн.
3. Біз «әлемде америкалықтардан өткен патриот халық жоқ, оларда баладан кәріге дейін, тіпті үйсіз-күйсіз адамдар да туды ардақ тұтады» деп білеміз. Әр үйдің қасында ту ілініп тұратынына, ол ескіріп не жыртылып қалса, айыппұл салынатынына бұрыннан қанықпыз. Қазіргі шынайылық бұдан өзгерек екен. Мысалы, биылғы 4 шілдеде, Тәуелсіздік күніне орай Дональд Трамп сөз сөйлегеннен кейін оның саясатына қарсы наразылық шеруіне шыққан америкалықтар АҚШ туын Ақ үй алдында өртеген. Оның алдында, 2020 жылғы 1 маусымда афроамерикалық Джордж Флойдты полицейлердің қаскүнемдікпен өлтіруіне ашынған демонстранттар жақын жердегі мемлекеттік ғимараттың бірінен АҚШ туын жұлып алып, отқа жаққан. Бұл үшін ешкім қатаң жазаланбаған.
Енді қараңыз: «Би-би-сидің» хабарлауынша, сол Америкада 2019 жылдың 20 желтоқсанында шіркеу төбесіне ілінген «көгілдірлердің» туын жұлып алып, өртеп жіберген Эймс қаласының (Айова штаты) 30 жасар тұрғыны А.Мартинес 16 жылға түрмеге отырды. Осыған орай пікір білдірген америкалықтардың өзі: «АҚШ туын өртеу – еркіндіктің белгісі және ол үшін салмақты жаза қарастырылмаған, онда неге ЛГБТ туын масқаралау үшін түрмеге қамайды», – деп қайран қалысты.
Байқайсыз ба, батыс әбден былғанып, бүлініп барады. Оларда дәстүрлі отбасылық құндылықтар деградацияға ұшыраған. Біз бұдан сабақ алып, салт-дәстүрімізді, рухани ұстынымызды нығайтуға тиіспіз. «Борат» фильмінде айтылатын қатігездік, рухани құлдырау, инцест, жезөкшелік секілді лас нәрсенің Қазақстанға жоқтығын паш еткеніміз жөн.
4. «Борат» фильмі – Қазақстан туралы емес. Шетелдік киносыншылардың пікірлерін оқыдым. Бәрінің айтар ойы бір жерде тоқайласады: бұл америкалық қоғамның «инфекцияға толы іріңді жарасын ірі планмен көрсететін» сатира. Мысалы, 2006 жылы шыққан «Борат» 2001 жылғы 11 қыркүйектегі жантүршігерлік террактіден кейін бірлігінен айырылып, қаққа жарылған АҚШ жұртшылығын келемеждейді. Онда ақымақтау америкалықтар троллинг екенін түсінбей, «Борат» сияқты мигранттарға өз құндылықтарын таңуға, әлі де болса қонақжайлылығы мен толеранттылығын көрсетуге тырысады, алайда бойларын психоз бен параноя жайлағанын аңғартып алады. Бұл жолғы жалғасы – сайлау алдында былыққа бөккен Америка қоғамын көрсетеді.
5. Жалпы, «Бораттың» бірінші бөліміне қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдеме жасауы, жаппай наразылық білдіру, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Беларус, Иордания, Кувейт, Бахрейн, Оман және Катардың оның прокатына тыйым салуы жиіркенішті фильмге кедергі келтірген жоқ, қайта танымал болуына түрткі болды.
Сұмырай Коэн басқа елдерді де мазақтап көрген. Мысалы, ол дәл «Борат» сияқты, яғни пранк пен импровизациялық комедия үлгісінде сомдаған австриялық Бруно немесе Солтүстік Корея көсеміне арналған «Диктатор», болмаса, британ үкіметін мазақ ететін «Гримсбиден шыққан ағайындылар» – олардың ешқайсысы да жетістікке жетпеді, мазақталған елдер тарапынан елеусіз қалды.
Сондықтан өзге образдарында танымалдылық пен табысқа кенеле алмағандықтан бұл малғұн жарты әлемді дүрліктірген «Боратқа» қайта оралып отыр. Америкалық киносыншылар фильмнің дәл қазір прокатқа шыққаны бекер еместігіне назар аудартады: ол АҚШ-тағы Президент сайлауын нысанаға алған, Трамп пен Республикалық партияға қарсы бағытталған. Тиісінше, 3 қараша күні Америкада президенттік аламан өткеннен кейін бұл фильмсымақ өзекті болмай қалады.
6. АҚШ басылымдары бұл жолы «Борат-2» образы тым гротескілі және абсурдты шыққанына назар аудартады. 2006 жылы америкалықтар оның «Қазақстаннан келген репортер Борат Сагдиев» екеніне шын сеніп қалды. Содан бері британдық комиктің кім екенін әлем таныды. «Бораттың» Қазақстанға қатысы жоқ екенін білді. Коэннің жаңа пранк-фильміне болгар актрисасы Мария Бакалова ойнаған, «Бораттың кәмелетке толмаған қызы Тутар» образын енгізуі де содан болса керек. Әйтпесе, фильмсымақтың өзінде көрсетілгендей, Коэн «қазақ документалисті» ретінде америкалықтарды әртүрлі ақымақтыққа, арсыздыққа итермелеп, масқаралайын десе, олар оны танып қоя береді.
7. Қорыта келе, не айтайын? Ағайын, батыстың арамза киногерінің коммерциялық табыс табуға құрылған ішмерез, жымысқы әрекеттерін жүрекке жақын қабылдамаңыз. Әйтпесе, жадыңызда қалып, жаныңызға ауыр тиеді, ақыл-санаңызды мүжиді. Қазақ тарихта қаншама алапаттан аман шыққан алып халық. Оның жанында қайдағы бір нақұрыс үшін өзімізді-өзіміз кінәлап, жік-жікке бөлінбей-ақ қоялық. «Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа!» дер еді ата-бабамыз.
Маған мысалы, әңгүдік «Бораттың» әпербақан сөздеріне қарағанда жерімізге көз сүзген көрші Қытайдың не Ресейдің ресми тұлғаларының мәлімдемелері әлдеқайда қауіпті көрінеді. Міне, дәл сондай мәлімдемелерді біздің Сыртқы істер министрлігі қалт жібермей, дер кезінде наразылық білдіріп, тыйып отыруы қажет.