Қазыбек Иса: Тілін білмеген адам Тудың қадірін қайдан білсін!
2020 ж. 24 қазан
2775
0
Терезеге Ту ілгенге айыпақы төлеттіретін заңның бабы - қасиетті Туды қастер тұтуға қаскүнемдікпен қарсы жазылған секілді...
Мемлекеттік туды терезеге ілудің несі жаман? Белгілі қоғам белсендісі Оғыз Доған әлеуметтік желідегі парақшасында осы тақырыптағы жазба жариялады.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
- Түркияда кез-келген жерде куә бола алатын әдеттегі көрініс. Әсіресе ұлттық мейрамдарда әрбір ауыл мен қаладағы әрбір ғимарат, тіпті көліктерге дейін, түрік туының қызылына боялады. Ал, "Қазақстанда терезеге ту іліп қоюға заңмен тыйым салынған" дегенді естігенде сене алмай, таңғалғанмын! Осындай заң қандай логикаға сүйенеді? Біз әр қараған жерде көк туымызды көріп, көрген сайын мақтанышқа бөленіп жүрсек, несі жаман? - деп жазды Доған.
Бұл жазбаны бөлісіп, пікір білдірген белгілі ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Иса да туды терезеге ілуге айыппұл салғызатын заңға қарсы екендігін білдірді.
-
Астанамызда терезесіне Қазақстан Туын іліп қойған азаматқа 200 есептік айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынғаны кезінде әлеуметтік желіде шуға айналғаны белгілі. Біздің заңның терезеге Ту іліп қойғандарға айыпақы төлеттіріп, жазалайтын бабы Қазақ Елінің қасиетті Туын қастер тұтуға қаскүнемдікпен қарсы жазылған секілді. Өйткені Тәуелсіз Қазақ Елінің заңдарын Қазақ тілін білмейтіндер бізді талай жыл отарлап келген Ресей тілінде жазады! Тілін білмеген адам Тудың қадірін қайдан білсін! Керісінше, жалауымызды жалпыхалықтық насихаттауға кері кесірін тигізетін заң бұл! Кешегі Қазақстанның Туын қорлап жатқан Борат - Саша Барон Коэн Ұлыбритания азаматы! Ал Ағылшын мен Ресей тілінде ғана сөйлейтін, "Миыма операция жасамаса, Қазақ тілін үйрене алмаймын!" деп, парламентте мәлімдеген, Ана тілі- Мемлекеттік тілді үйренуге миы жетпейтінін өзі мойындаса да, екі рет министр болған Ұлыбританиядағы елшіміз Ерлан Ыдырысов не істеп жүр онда осыған қарсы ең болмаса бір ауыз сөз айта алмай?!. Қазақстанның Сыртқы істер министрі кімнен не күтіп қарап отыр елдің ашу-ызасын тудырып қойып... Міне, біздің бейшаралығымыз! - деп жазды ол.