Еріктілер – ізгі қоғам айнасы
2020 ж. 22 қазан
2573
0
Елімізде еріктілер қозғалысы дамудың жаңа кезеңіне түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2020 жыл елде «Еріктілер жылы» деп жариялап, азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтті.
«Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген екен Дени Дидро. Еріктілік – жастардың белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, өз-өзін қалыптастырып, болашақтың кірпішін қалау үшін әрі әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін бірден-бір игі шара. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға жасап жатқан көрсеткіш екені даусыз. Волонтер - ең алғаш «военный» деген сөзден бастау алған. Қазіргі таңда бұл сөздің баламасы «ерікті» деп аталып жүр.
Ерікті дегеніміз - арнайы бір мақсатта құрылған ұйымдарға өз еркімен мүше болатын жандар. Еріктілер ең алғаш Италия, Франция және Англиядағы әскери ұйымдар сапында болған. Қазақта «асар» деген сөз бар. Асар деп – ақы төлемейтін, төлемсіз топ адамның өзге адамға қол ұшын созуы. «Еріктілер» атқаратын қызмет пен асаршылар атқаратын қызмет тең екендігін байқауға болады. Яғни, еріктілер батыс елдерінде белгілі бір кішігірім топтармен бірігіп бастау алғанымен, елімізде бұрыннан келе жатқан дәстүрлі шара. Қазақ қоғамында үлкенге құрмет, кішіге ізет көресете білу еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейінгі атқарылуы тиісті парыз істердің бірі.
Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің ой тұжырымдамасында қайырымды қала тұрғындарына сипаттама беріп, ізгі жандардың қоғамдағы орны қарастырылады. Қайырымды қаланың тұрғындары ізгі қоғамды құрайтын мақсаты жақсылыққа бағытталған жандар екені философиялық тұрғыда түсіндіріледі. Әл-Фараби трактатында: «Адам толығымен жетілуі үшін ол көптеген мәселелерден тәуелді болады. Себебі ол барлық өзіне қажетті нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды, әрі қол жеткізе алмайды дейді. Сондықтан адам өзінен басқа да адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек, және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады дейді. Бірақ ол басқа адамдарға қатысты да қоғамдастықтың құраушысы болып табылады. Осылайша, қоғамдастықтың әрбір мүшесінің іс-әрекеті оның әрбір мүшесіне қажетті нәрселердің барлығын тауып береді дейді. Қауым адамдары бір-біріне көмек көрсетулері арқылы ғана кемелділікке жетіп, тыныштығын сақтайды және үйлесімді өмір сүреді. Бірақ олардың барлығы толық мәнге ие бола алмайды және қоғамның да түрлері көп. Ойшыл толық мәнді қоғамды үшке бөледі: ұлы, орташа, шағын және оларды барша адамзат баласының қоғамдарының тұтас жиынтығы дейді. Игілік пен кемелділік дәрежесіне ең бірінші қала жетпек» дегені айтылады.
Ерікті болу - әлемді басқа адамдардың көзімен көруге мүмкіндік беретін қайырымды іс деп санаймын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғастырылып келе жатқан игілікті іс барша қоғам үшін аманат болуы тиіс.
Гүлмира СӘБДЕНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,
тарих ғылымының кандидаты.
Жансая Қосмырза,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
«Кітапханалық ақпараттық жүйе» мамандығының
2 курс магистранты