Димекең министр тағайындарда Төкеңнің осы қасиетін де ескергені сөзсіз.
Төрегелді Шарманов... Бұл ұлт үшін ұғымға айналған есім. Ол нағыз қилы заманда дүниеге келді. Халықтың жартысы ашаршылықта қырылып, қазақ ұлтының көсемі мен шешенін, дүлділі мен сұңқарын қанқұйлы жүйе қуғын-сүргінге ұшыратып, көшбасшыларынан айырылған ұлт аман қалудың ғана жолын ойлаған кез еді. Бүгіннің биігінен қарасақ, Төрегелді Шарманов өмір бойы сол қилы заманның ауыртпалығын терең сезініп, мәңгі сапарға аттанып кеткен алыптардың көрмеген қызығына, жетпеген жетістігіне елімді жеткізсем деп өмір бойы еңбектеніп келе жатқандай.
Ұлы тарихшы Арнольд Тойнбидің адамзат дамуы заңдылығына қатысты «сынақ-жауап» атты теориясы бар. Сонда айтылғандай, Төрегелді Шарманов - өз буынының алдыңғы қатарлы өкілі ретінде өмір бойы ұлтымыздың басындағы сынақтарға жауап іздеудi мақсат тұтып,соған лайықты қарекет қылып, халыққа қызмет жасаудың, ұлттың басына төнген сынаққа лайықты жауап табудың үлгісін көрсетіп жатқан тұлға. Төрегелді Шарманов бейне бiр сонау 1920-1930-жылдардағы өмірден өтіп кеткендердің, қуғын сүргінге ұшырағандардың есесін қайтарып, ұлтының басындағы сынақтарға жасампаздықпен жауап беріп келе жатқандай.
Ол бір жағынан халықтың денсаулығын сақтап, санын көбейтуге, екінші жағынан білім мен еңбектің арқасында кезінде өзіміз айырылып қалған арыстардың еңбегiн ɵз саласында жалғастырып, орнын толтыруға ғұмырын арнады. Қуғын-сүргін, ашаршылық, Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде ес жиып, етек жинау үшін ұлттың алдыңғы қатарлы ұл-қыздары озық білімге ұмтылып, елге қажетті мамандық иесі болуға талпынды. Міне, ұлт тағдыры үшін шешуші сол кезеңде ерекше дарыны әкесінің қаны, анасының сүтімен, Ұлытаудың суымен берілген Төрегелді Шарманұлының медициналық университтетке түсіп, денсаулық сақтау саласының маманы болып шығуы да бір заңдылық секілді.
Кейін Ақтөбе медициналық университеті ректоры ретінде ұлтының әлі де болса жетпей тұрған қажетін өтеуге жұмыс жасап, денсаулық сақтау саласындағы ұлттық кадрлар үлесін көбейтуге жан тәнімен еңбек етті. Содан болар, Дінмұхамед Қонаев ақсақал министрлікке тағайындарда облыс басшылығынан пікір сұрағанда, олар Төкеңе: «Жұмысты жақсы істейді, бірақ ол - ұлтшыл» деп баға берген екен. Сол заманда біздің медицинаға ұлтжанды адам керектігін түсінген Димекең министр тағайындарда Төкеңнің осы қасиетін де ескергені сөзсіз.
Сол себептен де кәсіби жоғары білігі мен білімі, ұлтжанды жүрегі ұлт мүддесімен ұштасқан Төрегелді Шармановтың ұлттық сана-сезіміміз қайтадан жаңғыра бастаған тұста, он екі жыл бойы денсаулық сақтау министрлігі басшылығында болуы да - біздің халқымыздың бағы еді. Олай дейтінім, ұлттың биіктерге шығуы, әлемдік аренадан өз орнын табуы үшін бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесі қажет екенін, әсіресе шалғай ауылдардағы қандастарымыздың денсаулық жағдайы жақсы болуы керек екенін түсінген Төрегелді Шарманов алғашқы медициналық көмек жүйесін дамытып, сонау түпкір-түпкірдегі, негізінен қазақ еңбекшілері тұратын алыс ауылдардан бастап қалаларға дейінгі жүйені жаңа деңгейге көтере бастады.
Осы жетістіктердің негізінде ол басқа ірі қалалармен таласа жүріп, Алматыда Дүниежізілік денсаулық сақтау ұйымы конференциясын өткізу мәртебесіне ие болды. Бұл бір жағынан сол конференцияда қабылданған денсаулық сақтау саласының Ұлы хартиясы деп аталған декларацияны қабылдап, әлемдік денсаулық сақтау саласының ұзақ жылдар бойғы даму басымдықтарын анықтауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан жиынның Алматыда өтуінің өзі ұлтымыздың әлемдегі танымалдық деңгейін жаңа сатыға көтеріп, абыройымызды асқақтатты. Бұл - Тәуелсіздікке дейін Қазақстанда өткен жалғыз дүниежүзілік шара еді. Мұның өзі - Төрегелді Шармановтың қажырлы еңбегі мен ұлт мүддесін басты мақсат етуінің белгісі. Кеңес дәуірінің өзінде осындай жиын өткізуі ұлтымыздың бір жағынан денсаулығын сақтап, халық санын көбейтудегі табысты еңбегі, екінші жағынан әлемге жол ашып, медицина мен ғылым сапасын көтеруге ұмтылысының арқасында мүмкін болды. Ешқандай да асыра сілтеусіз, Төрегелді Шарманов осылайша өз буынынның ұлы мақсатын жүзеге асырып, әлеуетін арттыру арқылы ұлтты тәуелсіздік кезеңіне дайындауға зор үлес қосты деп айта аламыз.
Сондықтан, Тәуелсіздік алғаннан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Төрегелді Шармановтың ұзақ жылдар бойғы халықаралық денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы үлесін ескере келе, әлемде оған дейін тек 42 адам ие болған Леон Бернар сыйлығын беруі де ол да бір үлкен заңдылықтың көрінісі.
Осылайша, Төрегелді Шарманов - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғарғы марапатын алған, яғни кәсіби тұрғыдан дүниежүзiлiк ресми ұйым тарапынан ең жоғарғы бағаланған алғашқы қазақ болды. Тәуелсіздік жылдары да өзінің бұрыннан келе жатқан арман-мұратын жүзеге асырып, ұлтымыздың денсаулығын қамтамасыз етуде маңызы ереше тағамтануды тұтас бір сала ретінде қалыптастырып, жаңа деңгейге көтерді. Егер 60-жылдары ол аймақтық сипаты бар ауруларды зерттеп, сол арқылы денсаулық саласындағы басымдықтарды анықтауға күш салса, қазір ол тұтас ұлтымыздың денсаулығын тағамтану арқылы нығайтып, ұлттық символымызға айналған жылқы етi,бие сүті, қымызды зерттеудi жоғары деңгейге көтеріп, олардың негізінде ұлттық брендке айналатын жаңа өнімдер шығаруда. Олар мейлі шоколад, балмұздақ, яки қантсыз, бие сүтінен жасалған өнімдер болсын, барлығы – Төрегелді Шармановтың соңғы жылдардағы еңбегінің көрінісі.
Төрегелді Шарманов азамат ретінде ел дамуындағы өзекті мәселелерден ешқашан тыс қалған емес. Түптеп келгенде, Төрегелді Шармановтың бүкіл өміріне сол 30-жылдары айырылған аталарымыздың жетпегеніне олардан қалған тұяқтары жетсе екен деген арман-мұрат жетекші болып келгендей. Ол сол жылдары халқымыз айырылып қалған арыстардың орнын толтырып, қандай жүйенің құрамында болмасын ұлтқа қызмет жасауды бірінші орынға қоя білді. Яғни ол кісі бір жағынан ортақ адамзаттық құндылықтарды дәріптеп, ұлттың әлемдік интеграциядан тыс қалмауына еңбек етсе, екінші жағынан ұлттық құндылықтарды, біздің ұлттық болмысымызды, мәдени кодымызды сақтап қана қоймай, жаңа деңгейге көтеруге, ұлттың мәңгілік мұраттарын қалыптастыруға тер төгіп келеді.
Төрегелді Шармановтың тағы бір ерекшелігі - терең білім мен мол тәжірибе иесі бола тұра, ешқашан өз білгенін орынсыз ұсынбайды, дана бола тұра көсемсімейді, орасан зор ақыл иесі бола тұра көптің алдында ақылгөйсімейді. Ал ұлтқа қажет тұста кісі алмас қылыш секілді өткір ойларын іркіп қалмайды, ал жалпы ортада құнды пікірлерін әсерлемей-ақ айтып, ұлт қажетін өтеуде.
Төрегелді Шармановтың жасампаз қуаты, оның даналығы ол кісімен жүздескен, сұхбаттасқан әр адамға оң әсерін тигізеді. Бұл біздің – бағымыз да, бақытымыз да.
Қымбатты Төке! Сіздің денсаулығыңыздың арқасында осы бағымыз бен бақытымыз ұзағынан сүйіндірсін!Әрдайым бізді алға қарап, жаңа межелерді қоюға үйретіп келесіз. Өзіңіз де жаңа межелерді белгілеп, соларды бағындыруға ұзақ жыл еңбек ету нәсіп етсін!
Әлихан БАЙМЕН,
"Қазақ үні"