СЕМЕЙ ОБЛЫСЫН ҚАЙТА АШЫП, АБАЙДЫҢ АТЫН БЕРУ ҚАЖЕТ - Қазыбек Иса
2020 ж. 14 қазан
2253
0
Алаш ұстаз тұтқан ұлы Абайдың 175 жылдығында Семейдей өз қаласына немесе облысқа ақынның атын берсек, ешкімнің дауы жоқ шығар...
Биыл еліміз үшін ерекше жыл - Ұлы Абайдың 175 жылдығы!
Абай десе - қазақ деп, қазақ десе - Абай деп біледі ел қазір.
"Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасын тереңнен теріп, жыр маржанын шаша білген дананың дара тұлғасын асқақтату жолындағы шаралар жыл басынан бері басталып кеткені анық.
Алдымен 2020 жылдың 9-шы қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында мемлекет басшысы Абай мерейтойының бағыт-бағдары мен маңызын айқындап берді.
Негізі Абай тойы бір жыл бұрын, былтырдан бері басталып кетті десе де болады. Абай жырларын оқуға Президенттен оқушыға дейін атсалысты. Яғни, бір жыл бойы ұлы Абай жырлары мен қарасөздерін қайта бір салмақтап, саралап, бүгінгі күні де маңызы арта түскеніне көз жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың: "Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі.
Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады." деп, Абай тұлғасы уақытпен бірге асқақтай беретінін атап көрсетті.
"Біз Абай аманатына адал болуымыз керек" - деді кеше 15 қазанда Семей қаласында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты еңселі ескерткіштің ашылу салтанатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә бәрі де алып абызымыздың аманатына адалдықтан шығады. Бұны мемлекет басшысы ерекше атап айтты. "Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты.
Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет"-деп қорытты сөзін.
Енді міне, пандемияның қысымы мен қиындығына қарамастан ұлы Абайға арналған басты шаралар мемлекет басшысының арнайы қатысуымен өтіп жатыр. Өйткені, Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев атап айтқандай:
-Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер.
Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға.
Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы.
Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды.
Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді.
Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы.
Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы.
Ендеше, неге әлемдік деңгейдегі бетке ұстар данышпанымызға өз қаласы Семейдің атын қимасқа?!. Қала түгіл облыс қайта ашылса, облысқа да беруге болады. Мерейтойдың зор қорытындысы осы болар еді. Өйткені Абай жайлы қандай жазба қалдырсақ та, жұрттың жазатыны да, ел ішінен ең бірінші еститініміз де осы сөз.
Былтыр Астанамыздың атын Нұр-Сұлтанға ауыстырған соң бес күннен кейін өткен Демократиялық күштердің "Қазақстан -2030" жалпыұлттық коалициясы отырысында сөз сөйлегенімізде:
- -Елбасыға елорданың атын бердіңіздер. Бірақ ел тарихы елбасыдан ғана басталмайды ғой. Сондықтан енді тариxи сабақтастық ретінде Петропавл қаласына кезінде өзінің ордасы тұрған, үш жүздің басын қосқан қазақтың ұлы xаны Абылай xанның атын, Павлодар қаласына қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың соңғы xаны Кенесарының атын, кезінде Алаш қаласы атанған Семейге қазақ тариxында ғана емес, Орта Азияда тұңғыш саяси партия құрған Алашорда үкіметінің төрағасы Әлиxан Бөкейxанның атын беріп, жақсы жалғастырып алып кетуіміз керек. Кеше ғана Қазақ xандығының 550 жылдығын тойлауды Елбасының өзі бастағанын білесіздер. Ендеше, бұл тариxи тамырымыздың тереңдігін, саясатымыздың кемелдігін көресетер іс болады деп білемін. Мәслихаттарымыз да, Парламентіміз де қала атын ауыстырудың ғарыштық жылдамдығын көрсетіп отыр, ендеше 28 жылдан бері неге созып келгенбіз бұл қалалардың атын ауыстыруды?..-деп айтқан болатынбыз.
Иә, кезінде Алаш ордасы болған Семейге Алаштың 100 жылдығында Алаш аты да, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан аты да берілмеді. "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың Семей қаласына республикалық бағыныстағы қала статусын беру немесе Семей облысын қайта ашу ұсынысы да толық іске аспады. Тек ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың "Семейге ерекше қала статусы беріледі" деп айтқанын білеміз.
Енді үшінші кезек - Ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы ең алғаш "Қазақтың Бас ақыны" деп бағалап, Алаш ұстаз тұтқан Абайдың 175 жылдығында Семейдей өз қаласына немесе облысты қайта ашып, ұлы ақынның атын берсек жарасады. “Ақ жол” басшысы Азат Перуашев парламентте көтеріп келе жатқандай, Семейге республикалық статус беру немесе облысты қайта ашуға ешкімнің дауы жоқ шығар дейміз.
Иә, бірінші қарсылық -Абай қаласы Қарағанды облысында бар дейтіндерге айтарымыз - ол аудандық бағыныстағы 28 мың ғана халық тұратын шағын қала. (Түркістан облысындағы көп ауылдардың тұрғындар саны осындай, Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында одан екі еседей көп, 50 мыңдай халық тұрады). Қажет болса, ол Абай ауданындағы Абай қаласының атын өзгерту де қиын емес.
Екінші қарсылық - Семей қаласындағы әуежайға Абай аты берілді ғой дейтіндер болса, олардың Нұр-Сұлтан қаласына "Нұрсұлтан Назарбаев" әуежайы арқылы кіріп-шығып жүргендерін еске саламыз.
Абайдың басына барып, тәу еткісі келгендер, шетелдіктер де Абай әуежайына қонып, Абай қаласынан ақын жатқан Жидебайға шығып кетіп жатса жарасымды емес пе?
Бұл қала аты "Семипалатинск" деп, Тәуелсіздіктің 30 жылында да баяғы патшалы Ресей идеологиясы иірімінен әлі шыға алмай, бұра тартушыларға да бұлтартпас жауап болар еді.
Елімізде Жамбыл облысы, Сәтбаев қаласы бар, енді ұлы Абайдың жылында Абай қаласы болып жатса, жақсы жалғасу болар еді...
Иә, Абай тойы - Алаш тойы!
Абай тойын - Ұлы ақын ұлағатын ұлттық тұрғыдан ұға білудің жарқын рухани дүниесіне айналдыра білуге ұмтылып жатырмыз. Өйткені, мемлекет басшысы айтқандай, Ұлы Абай аманатына адалдық - ұлттың асыл парызы!
Қазыбек ИСА,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі.
"Қазақ үні