"ТҮРКІЛЕР ҰЛЫ ТҰРАН МЕМЛЕКЕТІН ҚҰРАДЫ!" – орыс саясаткері
2020 ж. 16 қазан
15423
3
Түркітектестердің бірлігінен қауіптенетіндердің бірі солтүстіктегі көршіміз болуы мүмкін, бірақ БАҚ беттерінде кейбір ресейлік журналистер мен тәуелсіз сарапшылар болмаса, ол мәселеде мемлекет билігі аса бір жайсыз мәлімдеме жасап жатқан жоқ.
Алайда кейбір танымал ресейлік тұлғалар «болашақта болуы мүмкін түркітектестердің одағын» өздеріне геосаяси қауіп төндіретін құбылыс көретіні әзербайжан-армян қақтығысы басталғалы бері белгілі болып жатыр, - деп жазды "Түркістан" басылымы.
Мәселен, Ресей Мемлекеттік думасындағы федералды жиналысының ЛДПР фракциясының жетекшісі В.Жириновский өзінің соңғы мәлімдемесінің бірінде былай депті:
«Түркия армиясы – НАТО блогындағы ең күшті армия, миллионнан асатын армия. Ал немістерде – 300 мың. Немістерді енді әскер деуге келмейді. НАТО-ның құрлық күштерінің негізі түрік армиясынан тұрады. Енді бір 30 жылдың ішінде түркілер 150 миллион болады ұзамай. Ал біз ше? Иран 150 миллион болады. Ауғанстан мен Пәкістанды қосқанда – 200 миллион. Бұл дін жағынан біріккен 500 миллиондық аса ірі исламдық мемлекет деген сөз! Кеңестік идеология емес, Ленин мен Маркстың портретін іліп қоятын, бұл – сан ғасырлық діни жақындық! Олар қазір мықты. Оларға Арменияны қылғыта салу түкке тұрмайды, керек болса Әзербайжанға қоса салады. Иранмен бірге Орталық Азияға басып кіреді де Ұлы Тұран атты түркі мемлекетін құрады. Түсінесіздер ме, олар бізге қарсы болғандықтан қуана-қуана бірігеді. Өйткені біз христианбыз, олар мұсылмандар! Оларды біріктіретін нәрсе бар: оларды тілдері біріктіреді. Түрік тілі деген ол – әзербайжандар, түрікмендер, өзбектер, қазақтар, татарлар, башқұрттар! Ол жақта кім орысша сөйлейді? Бұл – үлкен проблема! Оны түсіну керек!».
Әрине, қара аспанды түсіріп, ашық күнде төбесін бұлт шалып жүретін Жириновскийдің түркі халықтары жөнінде ылғи теріс пікір білдіретіні белгілі, бірақ осы жолы оның түрік-әзербайжан одағының жеткен жетістігінен қатты сескеніп қалғаны байқалады.