Қазыбек Иса. СУРЕТ ШАТАССА ДА, ЖҮРЕК ШАТАСПАСЫН!
2020 ж. 14 қазан
2665
0
Әділбек Қаба жүрегі Тілім деп соққан қайраткер!
Тірлік істеп жатқан Тіл комитеті төрағасына қазақ тіліне қарсылар қашан тиіседі екен деп жүр едім, бастап кетіпті ғой...
Кеше ҚР Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба «Желтоқсанда қойылған талаптың бірі Тіл мәселесі болатын» деген постында Желтоқсан кезіндегі әйгілі ескі суреттен өзіне қатты ұқсаған фотоны салыпты. Иә, суреттегі фото Әділбек Қабаға қатты ұқсайды. Мамандығы суретші менің өзім де Әділбек екен деп ойладым...
Тіл комитеті тізгінін ала салысымен Мемлекеттік тілдің мүддесін қорғап, бір айдың ішінде-ақ біршама шаруалар атқарып тастаған Әділбек Қабаға тісін басып жүргендер үшін бұл көктен іздегендері жерден табылғандай "қуанышты" жәйт еді!.. Алақайлап шыққанның алды орыстілділерге "қазақ тілін үйретуші" Канат Тасибеков болды. Ол суреттегі Әділбек емес... өзінің досы Сабыр Шынасилов екенін айтып, екеуінің бірге түскен суретіне де сілтеме жасап, "ұят" туралы біраз дәріс оқып тастады...
Оның постының астында әдеттегідей "айыптаушылар" жинала қалып, біреуі біліп айтса, бірі білмесе де іліп айтқан пікірлер жинала қалыпты...
Тіпті Әділбек Қабаның 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысуына күмән білдірушілер де табыла кетті әдеттегідей...
Оларға бірақ сол бір Желтоқсанның ызғарында Әділбек Қабамен бірге Тәуелсіздік үшін алаңға шығып, қатар тұрған курстастары мен достары жақсы жауап беріпті.
Әділбектің курстасы Қарлығаш Исина: "Желтоқсан көтерілісі туралы өз басым Мәрзия Мәженова ұстазымыздың араб тілі сабағында (ҚазМУ-дың журналистика факультеті) естідім. Ағылшын, неміс, араб деп үшке бөлінгесін, тобымыз шағын еді, он шақты ғана. Әділбек пен үш-төрт жігіт жоқ болып шықты.Тек үш қыз ғана отырдық, жігіттер алаңға шығыпты деп сыбырласып сөйлестік, Т.Қожакеев ұстаздың дәрісінен кейін-ақ кеткенге ұқсайды. Сол жігіттердің бірі Әділбек Қаба еді, оны артынша алаңға барғанда көрдік. Амандасып үлгердік"-деп жазады.
Ал Советжан Қошпанов: "Мен Әділбек Қабаны жақсы білем. Біз желтоқсанда алаңға бірге шыққан болатынбыз. Біз ол кезде АЗВИ - де, ол КазГу-де оқитын. Мен Қошпанов Советжан және Ақботаев Бауыржан , тағы басқа АЗВИ- дің жігіттерімен алаңға қарай келе жатқанда Әділбекпен кездесіп алаңға бірге бардық. Сол көтерілістің қою ортасында болдық. Сондықтан оған қатыспады деп күдік келтірудің өзі ұят. Желтоқсаншылардың беделін түсіру кімге керек. Сол кездегі барлық студент бауырларымызды халық батырлары деп, қазіргі бейбіт өмірде гі саналы азаматтар құрметтесе! Нұр үстіне нұр болар еді."-деп, түйіндеп, алаңда бірге болғандарын айтады.
Негізі «Желтоқсанда қойылған талаптың бірі Тіл мәселесі болатын» деген тақырып пен мәтін өте дұрыс, сурет даулы болғанмен.
Әдекең посты бекер алды, даулы болса, суретті ала салу керек еді, "шатасыппын" деп кешірім сұрап. Немесе суретті де алмай, "суретті анықтау керек" деп мәтінді түзеуі керек еді...
Оған бола сонша ауыр сөздер айтуға бола ма екен ағайындар? "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ" дегендей, шатасу болмай ма, Әділ Досанов мырза! "Ол суреттегі менмін" деген Сабырдың өзін шаңда қалдырып, алдына түсіп алып шауыпсыңдар ғой бәрің))))). Өзге тілділердің "жерден жеті қоян тапқандай" алақайлағанын түсінемін, сіздің олардан асып кетуіңізге жол болсын! Әділдің Әділбекті шатасты деп шалып қалуы Әділдік емес! Басқаларға бәрібір, олардың көбісі қуаныштарын жасыра алмауда... Ескі суреттердегі өзіне қатты ұқсас адамды өзі екен деп қалып, шатасып жататындар кездесіп жатады ғой өмірде. Осы фейсбуктің өзі де "Өзіңізді белгілеңіз" деп көп адамдардың суретін жіберіп жатады. Қарасам, шынында да көбісінің келбеттері маған ұқсас жандар. Фейсбук жіберіп жататын маған ұқсас суреттердің ішінде осы Әдекең де бар айтпақшы...
Негізі, осы Желтоқсандағы суреттегі Әділбек пе, Сабыр ма, ол әлі анықталған жоқ! Шынында да, даулы мәселе болғасын, оны экспертиза анықтауы керек. Сурет Сабырдан гөрі Әділбекке қатты ұқсайды. Бұл жерде Сабыр Шынасиловтың сол кезеңдегі жас кезіндегі суретін көріп, екеуін қатар салыстыру керек.
Әдекең дау туғасын Сабыр Шынасиловке телефон соғып сөйлескен. Сабыр мырза:" Иә ол менмін, өйткені үстімде қара плащ болған" деп жауап берген. "Суретте плащ емес, пальто ғой, одан соң желтоқсанның қақаған аязында плащпен жүргесіз бе?"-деген Әділбектің сұрағына мардымды жауап болмаған...
Иә, Желтоқсанда елді алаңға алып шыққан басты тақырыптардың бірі - Қазақ тілінің тағдыры еді... 34 жыл болып, Тәуелсіздік алсақ та, Тіл тағдыры әлі сол күйіінде ауыр халде! Бұл тығырықтан тек Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап қана шыға аламыз! Өйткені 30 жылдан бері Тәуелсіздік алған елдердің ішінде Қазақстанда ғана Мемлекеттік тіл туралы заң жоқ!
Қазақ тілін қорғауда сурет шатасса да, жүрек шатаспасын ағайындар! Ал Әділбек Қаба - жүрегі Тілім деп соққан қайраткер!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"