Ақпараттық қауіпсіздік – ұлт қауіпсіздігі!
2020 ж. 10 қазан
2854
0
Ақпараттық қауіпсіздік – ұлт қауіпсіздігі, неліктен қазақ-қытай шекарасында орналасқан елді мекендерде қазақтың үні шықпай тұр?
Мәжіліс депутаттары қазақ-қытай шекараларында орналасқан елді мекендерде жергілікті тұрғындар қазақ радиоларын тыңдай алмайтындығына алаңдаушылық білдіріп, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министіне депутаттық сауал жолдапты. Аталған депутаттық сауалды бүгін Мәжіліс отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Берік Дүйсембинов оқыған.
Депуттық сауал
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Ғ. Балаеваға,
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Б. Мусинге
Құрметті Аида Ғалымқызы!
Құрметті Бағдат Батырбекұлы!
Бүгінгі ақпараттық заманда, интернет, ұялы байланыс, теледидар, радио қоғам өмірінің ең бір маңызды тетігіне айналды. Сонымен қатар, әлеуметтік желінің, теледидар мен радионың маңызды мақсаттарының бірі – аудиторияға ақпарат таратумен қатар, саяси-мәдени, идеологиялық тәрбие мен насихат жұмысын жүргізу екендігі де жасырын емес. Сондықтан, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өзекті мәселелердің біріне айналып, ұлттық қауіпсіздік санатына жатқызу қажеттілігі туындап отыр. Ата Заңымызда, әркімнің еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар екендігін ескере отырып, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, еліміздің бүкіл кеңістігінде әр азаматымызға қазақстандық ақпарат көздеріне қол жетімдігіне кепілдік жасау – мемлекеттің міндеті. Алайда, бұл тұрғыда бүгінгі күнге дейін қазақстандық коммуникация желілері қамтымаған еліміздің аумақтары бар екендігін бәрі біле бермейді. Мысалы, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының Қытай шекарасына жақын орналасқан кейбір аумақтарында қазақстандық не теледидар, не радио, не интернет ұстамайтын жерлер бар. Бірақ, Қытай жақтан қазақ тілінде радио сайрап тұрады.. Ал шекара маңындағы жергілікті халық тек қытай радиосын тыңдауға мәжбүр. Тағы бір мысал келтірсек, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына табан тіреген кез-келген азаматтың телефонына әп сәтте-ақ «Добро пожаловать в Китай! Пользуйтесь выгодными тарифами в роуминге!», «Activ приветствует вас в Китае! Пользуйтесь выгодными тарифами в роуминге» сипатты хабарламалар келіп түседі де, ізінше телефоныңыздағы Нұр-Сұлтан уақыты дереу Қытай уақытына өзгереді екен. Осыған ұқсас жағдай, Өзбек және Ресей шекарасының маңында да кездеседі. Биыл ұлттық тәуелсіздігімізге табандай 29 жыл толады. Сонда 30 жылдай тәуелсіздіктің барысында ақпараттық, байланыс жүйеміздің тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағанымыз ба? Халқымыздың, оның ішінде әсіресе жас ұрпақтың отаншылдық, патриоттық сана-сезімінің, ұлттық ар-намысымыздың, ұлттық қауіпсіздігіміздің тамырына балта шабатын мұндай құбылысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да тиесілі мемлекеттік мекемелер неге назар аудармайды, неге тиесілі әрі табанды іс-шара қабылдамайды Осыған орай, «Ақ жол» ҚДП фракциясы ақпараттық қауіпсіздікпен және ұлттық сана-сезіммен байланысқан жоғарыда баяндалған мәселелердің қалай және қашан шешілетіндігі жөнінде ақпарат берулеріңізді сұрайды. Құрметпен, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары qazaquni.kz