Қазыбек Иса. ТҮРКІСТАН - ТҮГЕЛ ТҮРКІНІҢ ОРДАСЫ
2020 ж. 22 қыркүйек
1904
0
Түркістан – екі дүние есігі ғой. Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңір берген несібі ғой!
Тұран тұлға тұтқан Мағжандай ұлы ақындардың маржан жырына арқау болған, бүкіл Түркі ардақ тұтқан қасиетті Түркістанның түлеуі жаңа кезеңге қадам басты!
Осыдан екі жыл бұрын түбі бір түгел түркінің қуанышы – Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның атында жаңа облыс ашылып, Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болды!
«Бүгін мен қол қойып отырған Жарлық Шымкенттің республикалық мәртебесін бекітеді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздің 17-аймағы болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен түркі әлемінің саяси және рухани өмірінің жүрегі болып келген Түркістан қаласы болады. Бұдан былай бұл өңір Түркістан облысы деп аталады», – деген мемлекет басшысы «Бірлік бесігі -Түркістанның» зор маңызы жөнінде толғамды сөз сөйледі.
Иә, Рухани жаңғыруымыз – Рухани орда Түркістанның жаңа заманға сай жарқын келбетін жасаудан жарқырай көрінуі тиіс.
Осыдан 24 жыл бұрын Түркістанға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Түркістан болашақта облыс орталығы болады» деп айтқан еді. Енді міне, Елбасы ел тілегін екі есе орындап, Түркістанның атында облыс та ашып берді! Мемлекет басшысының бұл өлкенің бұрынғы тарихи атауын қайтаруы әділ шешім болды.
Түркістанның түлеуі – Тұран рухының жаңғырып, Туымыздың биік өрлей беруі деп білеміз!
Қасиетті Рамазан айында Түркістан қаласында ауызашар беруді дәстүрге айналдырған «Ақ жол» партиясы 2018 жылы мамырдың 25-26 күндері партияның Орталық Кеңесі пленумын да бірге өткізді. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сол ауызашарда: «Жыл сайын ауызашарда Түркістанды облыс орталығы немесе республикалық маңызы бар қала етуді тілейтін едік, қасиетті Рамазан айында тілегіміз періштелердің құлағына шалынып, биыл осы түгел түркі елеңдей күткен игі шара қолға алынып жатыр»-деген еді.
Енді міне, ел күткен шешім де шығып, Түркістанның атында облыс ашылып, қаланың өзі облыс орталығы болғанына екі жылдан да асып барады. Бұл қуанышты халық жаппай қуана қолдады.
Түркістан көз алдымызда қайта түлеуде. Жаңа заманға сай жасарып, жаңғыруда. Алып ғимараттар салып жатқан алапат құрылыстар қарқыны күн сайын үдеп, тарихи-рухани және сәулеттік құндылығы бағасыз көне де, көркем көркіне жаңа заманауи келбет қосылып келеді. Экономикалық-әлеуметтік әлеуеті де артып келе жатыр.
Түркістан облысы ашыла салысымен, орын алған орасан зор апаттар өңірге оңай тиген жоқ.
Айдың-күннің аманында ашық аспаннан бомба жауған Арыс қаласына бүкіл еліміз болып көмек қолын созғаны белгілі.
24 маусымда апат болса, сол күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа ұшып келіп, апатты жағдайды тез арада жоюды жолға қойды.
Апаттан екі күннен кейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған "Ақ жол" партиясы басшылары мен депутаттары "Адамы жоқ Арыс қаласына" келіп, апатты жағдаймен таныстық.
Арыс қаласының апаттан кейінгі жағдайы, тұрғындарын әлеуметтік қорғау, несиелерін төлеуді уақытша тоқтату, компенсациялық өтемақы төлеу тб туралы екі рет депутаттық сауал жолдадық. Снаряд тиіп, үйі қираған көпбалалы Арыс тұрғынының баспанасын қалпына келтіріп бердік.
Ал биылғы 2 мамырдағы көршілес Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жарылып, Мақтарал ауданындағы оншақты ауылдың су астында қалуы да өте ауыр төтенше жағдай болды. Мыңнан астам үй су астында қалды. Ел егісі мен малынан айрылды.
Бұл туралы біз сол күннің ертеңіне-ақ 3 мамыр күні "Қазақ үні" газеті мен порталына "МАҚТАРАЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚИЫН, ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!"-деп, арнайы мақала жазып дабыл қақтық.
"Енді бүгінгі біздің елдегі осындай нақты мәліметтерге қарағанда, 350 мыңдай халқы бар қасиетті Мырзашөл халқының басына төнген ауыр апатқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, Үкімет жәрдем бермесе, жағдай сәт сайын қиындап бара жатыр... Мемлекет басшысы жағдайды жіті бақылап отырғанын Твиттердегі: Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының 10 ауылын су басты. 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Өзбекстан Үкіметімен келіссөздер жүргізілуде"-деп жазғанынан байқауға болады. Фейсбук әлеуметтік желісін Мырзашөлдегі баспанасы мен егісінен, қорадағы малынан, яғни барынан айрылған елдің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған жанайқайын жеткізген видеоларға толып кетті. Арыс апатын басынан өткізген облыс әкімі Өмірзақ Шүкеевтің "Бұл облыстық деңгейдегі төтенше жағдай, өзіміз еңсере аламыз" дегені өзбектердің әдеттегідей "бәрін қатырдық" дегеніне сеніп қалғандығының да әсері болса керек. Соңғы мәліметтер бойынша, шығын 532,8 миллион теңгеден асып тұр. Эвакуацияланғандар саны әлі де көбеюі мүмкін. Барлық үйінен, дүние-мүлкінен, егісінен, малынан айрылғандардың шығындарын нақты есептеп, мемлекет өтеп беруі керек!"-деп жаздық.
Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су тасқынынан болған апатты жою үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылды.
Сонымен бірге: «Өзбекстан Қазақстанның келісімінсіз, халықаралық келісім жасамай талапқа сай емес жарамсыз жерге сапасыз Сардоба су қоймасын салғаны және қатаң қауіпсіздік шарасын сақтамай, қойманың жарылғаны үшін жауапты. Сондықтан олар Қазақстан шеккен шығындарды төлеуі керек»-деп атап көрсеткен едік. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Ш.Мирзияевтің келісімдерінен кейін Мақтаралға өзбек елінің жәрдемі жетті – 50 шақты ауыр техника мен 200 сарбаз келді. «Бір өзеннің бойында қиыншылық пен жақсылықты да бірге көріп келеміз. Қолдан келгенше бар көмегімізді береміз» деген өзбек басшысы сөзінде тұрды.
4 мамырда "Ақ жол" партиясы шұғыл жиын өткізіп, үкіметке депутаттық сауал жолдады. Партия мақтаралдықтарға көмек қорын ашты.
Ел басшысы мен елдің арқасында Мақтарал ауданының су басқан ауылдары да қалпына келтіріліп, алды қоныс тойын да бастап кетті. Барлық баспанасынан айрылғандарға жаңа баспана салып берілуде.
Ордалы облыстың қордалы мәселелері, осындай зор апаттардан аман шығып, қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргеніне ел куә болды. Бұл Арыс пен Мақтарал ауданындағы алапат апаттарда да ырысын жоғалтпай, ынтымағын сақтай білген, бірлігінің арқасында тірлігін түзей алған қасиетті өлке Түркістандықтардың рухы зор, қайрат-жігері мол екенін көрсетеді.
Түркістан өңірі о бастан тұрғындарының еңбекқорлығымен белгілі. Сондықтан, облыстың әлеуметтік-экономикасы мемлекеттің қолдауымен өсе беретіні анық. Ал түгел түркі халықтарының рухани ордасы саналатын қасиетті Түркістан өлкесінде рухани-мәдени салаларға баса назар аударылғаны ләзім. Құндылығы зор көне жәдігерлерді сақтай отырып, жаңа заманға сай жаңғыра білуі тиіс. Ең алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көздің қарашығындай сақтай отырып, әлемге танытудың туризмдік бағдарламасын жасап, байыта беру керек! Қазақтың киелі көне астанасында қасиетті хандары мен билері, батырлары мен ақындары жатқан зиярат ордасында жалпы Тұрандық тұлғаларды ұлықтау жұмыстары жолға қойылуы тиіс. Жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие беретін бұндай бағыт ең алдымен Елдігіміздің, Ерлігіміздің белгісі болары анық.
"Ақ жол" партиясы осы аптада 24-26 қыркүйек күндері Оңтүстікте болып, Түркістан облысы Арыс қаласы, Мақтарал аудандарында болып, халықтың бүгінгі жағдайымен танысады. Биыл 1150 жылдығын ЮНЕСКО атап өтіп жатқан әлемнің екінші ұстазы Әбунасыр Әл Фарабидің туған жері Отырарға да арнайы барады. Еліміздегі үшінші мегаполист Шымкент қаласында да кездесулер өткізеді.
Жырмен бастаған жүрекжарды сөзімді жырмен аяқтағым келеді. Осыдан жиырма жыл бұрын, Түркістан қаласының 1500 жылдығында республикалық мүшәйрада жүлдеге ие болған өлеңіммен қорыта кетейін:
ТҮРКIСТАН. ӘЗIРЕТ СҰЛТАН КЕСЕНЕСI
Сан ғасырдан бүгiнге жеттiң де өзiң, Мәңгiлiкке жеткiздiң көптiң көзiн. Көк аспанның көркем бiр көшiрмесi Көкке қолды жайғызар көк күмбезiң…
Сағанаңды саңлақтар саялардай, Қасиеттен зерделi ел ой алардай… Қас шебердiң төбесi көкке жетiп, Көктен алған көк түспен бояғандай…
Кереметке киелi қарай қалып, Келгендердiң кетедi бәрi ойланып… Боз биенiң сүтiне иленген қыш, Күндiз-түнi тұрады арайланып…
Түгел түркi пiр тұтып үкiлеген, Бiр өзiңе арналар бүкiл өлең. Жұлдыздармен шегелеп күмбезiңдi Жуады ылғи Айлы түн сүтiменен…
Қырға бiткен қырмызы жапырағы, Өрнектелiп, өзiңе шақырады… Құралатын Құранның аятынан, Оюларың ойға елдi батырады.
Бозiнгеннiң тамырын қуса күйшi, Боз даланың үнiне сусар үйшi… Әлемдегi әйгiлi жалғыз қала Желпiндiрер желменен жусан исi…
Қылқұйрықты қосқан соң қыртыс қалмай, Кетiгi жоқ келiстi кiрпiш қандай. Түгiн тартсаң… түркiлiк тарих шығар, Тұлғаларға Тұрандық Түркiстан бай.
Тартыспенен атқан-ды талай таңы, Көкбөрінің көкке әлi көп айтары… Ай таңбасы айқындап бағытымды, Шабытымды бiр Алла молайтады…
Мұнарадан естiлсе құдiреттi үн, Тұра қалып мен дағы күбiр еттiм… Әзiреттен әдiлет тiлеп келiп, Айтылады өзiңе мұңы көптiң…
Шаңыраққа баладық Күндi биiк, Бiр құдайға ден қойдық бiрлiк ұйып. Топырағыңды басқанда жалаңаяқ, Тұла бойға туған жер нұрды құйып, Алтын жұққан табаным тұрды күйiп…
Алуан үн бойыңда қырқысқанда, Аруағың жаныңды шын қысқанда, Бiр Құдiрет eмiрде бар екенiн, Бiлгiң келсе – Келiп қайт Түркiстанға! 2000 жыл
Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары