Түймебаев: Көпэтносты қоғамды біріктірудің үлгілері сынаққа ұшырауда
2020 ж. 21 қыркүйек
966
0
2020 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Мәскеу қаласында өткен Еуразия халықтары Ассамблеясының Халықаралық бейбітшілік күніне арналған онлайн-акциясына қатысты.
Акцияның мақсаты: бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы аса маңызды мәселелерді талқылау.
Кіріспе сөзінде Ж.Түймебаев:
«Бүгінгі таңда барлық елдер пандемияға және экономикалық өсімнің баяулауына байланысты күрделі кезеңдерді бастан өткеруде.
Мұның бәрі әлеуметтік мәселелердің шиеленісуіне, ал кейбір жағдайларда ксенофобияның, этноконфессиялық жанжал көріністерінің ұлғаюына ықпал ететіні баршамызға мәлім.
Әлеуметтік кикілжіңдер этностық және діни сипат алуда, оның салдарынан мигранттар мен босқындар саны өсуде.
Қазіргі уақытта көпэтносты қоғамдарды біріктірудің бір кездегі табысты үлгілері елеулі сынаққа ұшырауда.
Мәдениеттер мен құндылықтардың алшақтауының көрінісі, мигрантофобия мен нәсілшілдіктің өсуі, өзара бейімделу процесінің қиындықтары бұрын сәтті жүргізілген этномодельдердің 21 ғасырда кейде жұмыс істемей отырғанын көрсетті.
Керісінше, әлем, бұрынғыдай, қазіргі ахуал талаптарына сай келетін, бірліктің жаңаша формулаларын жасау процесінде болып отыр.
Сондықтан бірлікті қамтамасыз ету міндеті көп құрамды барлық мемлекеттердің негізгі күн тәртібінде қала береді», - деді.
ҚХА Төрағасының орынбасары өз сөзінде Қазақстан 100-ден астам этнос өкілдері тұратын көпэтносты мемлекет екендігін атап өтті:
«Әлемнің 60-тан астам елі мен аумағы біздің этностарымыздың тарихи отаны болып табылады.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап татулық пен келісімді қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты.
Заң алдындағы теңдік, қоғамдық келісім, «Әралуандықтағы бірлік» қағидаттары біздің баға жетпес байлығымыз және стратегиялық ресурсымызға айналды.
Біз этностық және мәдени сан алуандықты ел дамуының тиімді құралына айналдырдық.
1995 жылы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық өзара іс-қимылдың негізгі институтына айналды.
Барлық этностарды біртұтас халыққа біріктіре отырып, ол парламенттік өкілдігі бар жалпыхалықтық институттың жоғары конституциялық мәртебесіне қол жеткізді.
25 жыл бұрын ол 40-қа жуық этномәдени бірлестіктерді біріктірсе, бүгінгі таңда мұндай құрылымдар саны мыңнан асады.
Бүкіл ел аумағында татулық пен келісімнің азаматтық орталықтарына айналған қырықтан астам Достық үйі бар.
Біздің интеграциялық модель, ең алдымен, ортақ құндылықтар, этностардың тілдері, мәдениеті, дәстүрлері біздің жалпы мәдени байлығымызды құрайтын елдің жалпы мәдени кеңістігі негізінде құрылады.
Әрбір этнос - Қазақстан халқының ажырамас бөлігі.
Біздің этностардың ешқайсысы оқшаулау стратегиясын таңдаған жоқ.
Ассамблея этностардың азаматтық қағидаттарында топтасуы жөніндегі іргелі мәселелерді шешіп, әралуандықтағы бірлікті сақтап қалды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы біздің этносаралық қатынастар мен интеграция моделімізге әрқашан жоғары баға береді.
Өткен жылы ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Ламберто Заньер мырза біздің этносаралық және конфессияаралық келісім саласындағы саясатымызға жоғары баға берді.
Әлемді бірге қалыптастыра отырып, біз әріптестерді полиэтносты қоғамдарда татулық пен бірлікті нығайтудың тиімді формуласын іздеу үшін күш-жігерді біріктіруге шақырамыз» деді Жансейіт Түймебаев.
Конференция жұмысына сондай-ақ көрнекті қоғам және ғылым қайраткерлері, ЮНЕСКО, БҰҰ халықаралық ұйымдарының және Ресей Федерациясындағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.