МЕН "АҚ ЖОЛ" ПАРТИЯСЫНА ҚАБЫЛДАНДЫМ - Сұлтан Хан Жүсіп
2020 ж. 15 қыркүйек
1635
1
Бүгінде "Алашты" “Ақ жолдан” артық насихаттаған партия бар ма!?!. Ал исі қазаққа “Алаштан” асқан идея табыла ма!?!
Мен бүгіннен бастап «Ақ жол» Демократиялық партиясының мүшесімін.
Бүгін, 2020 жылы 14 қыркүйекте "Ақ жол" ДП-ның парламенттік фракциясының кезекті отырысында Мәжіліс депутаттары, партияның облыстық филиалдарының өкілдері менің қабылдануымды бірауыздан мақұлдады.
Шыны керек, бұл шешім оңай болған жоқ. Елге оралған 2013 жылдан бері 7 жыл өтті. Әйтсе де «Ақ жол» ДП-сына кіруіме бұл саяси ұйымның өзін қазіргі Қазақ елінің мызғымас іргетасын қалап, шекарасын белгілеп кеткен ХХ ғасыр басындағы «Алаш» партиясының мұрагері деп сөз жүзінде ғана емес, жетекшісі, 1938 жылғы қанды репрессияда Алаш ұстанымы үшін құрбан болған «Алаш» қайраткері Перуаш Кәрімұлының немересі Азат Перуашев бастаған партияның «Алаш» идеясын, қозғалысын, партиясын, атаулас Ұлттық Жерлі Автономиясын және «Алаш» қайраткерлерін тиянақты іс-әрекетімен, қазақша-орысша мақала-жарияланымдарымен, ұлттық, халықаралық ғылыми байқауларымен, ғылыми конференцияларымен мүмкіндігінше шартарапқа насихаттап келе жатқан игі ісі түрткі болды. Бүгін «Алаш» тақырыбын «Ақ жол»-дан артық насихаттаған партия бар ма?!. Ал исі қазаққа «Алаш»-тан асқан идея табыла ма?!
Бір данышпаннан «оң өзгерістерді ұзақ күту керек пе?» деп сұрапты. Сонда данышпан: - Егер қол қусырып күтсең, ия, ұзақ! – деп жауап беріпті. Ұзақ күтуге заман тарылып барады. Ғылымнан бас тартпай, амалсыз болса да саясатқа араласқанымда менің басшылыққа алатыным Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның мына өсиет сөздері болмақ: - Бұл заманда жылап мұратқа жетемін деу аш түйенің күйсеуі болады; - Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты; - Саясат ісі бірлікпен орнына барады... Бұл үлгілі саясат жолында жұрт адамына білім-тағлым жол көрсететін іс, бұған қазақ жігіті кірсе, саясат жолынан тәлім алады, күндердің күнінде қазақ жұртына керек болатын іс атқарады; - Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ! - Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу мақсат.
Сұлтан Хан ЖҮСІП,
"Алаш" мәдениет және рухани даму институтының директоры, алаштанушы ғалым, филология ғылымы кандидаты