"Бала ана тілінде тәрбие алуы керек": Аймағамбетов ауқымды өзгеріс болатынын мәлімдеді
2020 ж. 07 қыркүйек
1607
6
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында ведомствоның қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты қолға алған жұмыстарына тоқталды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, министрлік білім беру мекемелерінде қазақ тілін оқытуға қатысты ауқымды өзгерістер енгізіп жатыр.
"Атап айтқанда, енді балабақшаларда ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылмайды. Бала жастайынан өз ана тілінде тәрбие алуы керек. Осы тұста, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында: "Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс" деген ұсынысы біздің жұмысымызда қолданылады", - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бөлек, қазақ тілінің бағдарламасы да өзгертілмек. Алдағы уақытта грамматиканы оқытуға бөлінетін сағат саны артады.
"Оқушының дұрыс жазуы мен сөйлеуі үшін, ойын тиянақты және сауатты жеткізудегі грамматиканың орны ерекше. Бұл тұста біз тағы да Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне жүгінеміз. Өздеріңізге белгілі, "Әліппені" мемелеттік стандартқа енгіздік, оның бағдарламасы да дайындалды, оқулық дайындалып апробацияға кіріп, келер оқу жылынан бастап бірінші сыныптарға Ана тілімен бірге қайта енгіземіз", - дейді министр.
Ол қазақ фонетикасын жетік меңгерген ғалым Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған методика бойынша дайындалып жатыр. Отандық ғалымдар мен баспагерлер қазір осы бағытта жұмыс жүргізуде. Жақында Әліппенің жобалық нұсқасы қоғаммен бірге талқыланады.
Сонымен қатар мектепте қазақ әдебиетін оқыту әдісі қайта қарастырылады. Бұл мәселе бойынша мемлекет басшысының тапсырмасы бар, деп атап өтті білім министрі.
"Әдебиетші ғалымдардың, білікті ұстаздардың, осы сала мамандарының басын қосатын арнайы комиссия құрылып, қазақ әдебиетінің мектепте оқыту әдіснамасы, бағдарламасы мен оқулығы қайта пысықталмақ", - деп толықтырды Аймағамбетов.
Әдебиет пәні аясында оқытылатын шығармалар оқушының жас ерекшелігіне қарай, жанр, кезең, сюжеттік желісінің алуандығы тұрғысынан іріктеліп, отандық классиктердің еңбектері ерекше назарға алынады.
Оның айтуынша, министрлік әркез қазақ тілі мен әдебиетінің дамуын басты назарда ұстайды.
Алдағы уақытта білім министрлігіне бұрынғыдан екі есе үлкен жауапкершілік жүктелмек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келер жылдан бастап тіл комитеті білім және ғылым министрлігінің құрамына кіреді. Министрлік тәрбие мен білімді, ғылымды дамытумен қатар тіл саясатын да жүргізеді.
"Мемлекеттік тіл саясаты балабақшадан бастап университетке дейін дұрыс жолға қойылу керек", - деп түйіндеді министр.