ЖОЛДАУ МАҢЫЗДЫ, ТЕК ІСКЕ АСУЫН АЙТЫҢЫЗ!
2020 ж. 02 қыркүйек
964
0
ҚОЙШЫ КӨП БОЛСА, ҚОЙ АРАМ ӨЛЕДІ Жаһанды жаулаған пандемиядан кейін көптеген елдердің экономикасын әлсіреткен әлемдік дағдарыстың ауыр сабақтары Жолдаудан айқын көрініс тапты. Бұл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына екінші Жолдауы. Пандемияның алқымнан алған алапат аласапыранында мемлекетіміздің басқару жүйесінің нашарлығына бәріміз куә болдық. Бұл туралы сол кезде де мемлекет басшысы мәлімдеме жасаған еді... Енді бұл Жолдауда да атап айтылып, нақты шаралар қолға алынатын болды. Мемлекеттік басқару жүйесін қолға алудың ең басты қадамы - алдымен тек Президентке ғана бағынып, тікелей нұсқауын орындап, есеп беріп отыратын Стратегиялық жоспарлау және реформалау агентігі құрылатын болады. Осы бағыттағы істерді оңтайландырып, оң қадам жасау үшін мемлекеттік қызметкерлердің төрттен бірі -25 пайызы қысқартылады. Бұл өте дұрыс! Өйткені, дамыған елдердегі мемлекеттік қызметшілердің санымен біздің мемлекеттік қызметкерлердің санын әр елдегі адам санына шағып, салыстырғанда, өзге елдерден біздің мемқызметкерлер 30-50 есеге дейін көп?!. Ал мемқызметкерлердің көптігінен дамып кетіп жатқанымыз қайда қазір? Министрліктердегі жауапты хатшы лауазымы мемлекеттік жұмыс тиімділігін атқарудағы өз міндетін орындамақ түгілі қайта зиянын тигізуде. Енді бұл министрліктердегі "қос өкіметтік" жойылатын болғаны өте дұрыс шешім деп білеміз. Мемлекеттік қызметкерлерді қысқартуда ең басты талап - мемлекеттік тілді білуі болуы тиіс!Ең алдымен Мемлекттік тілді білмейтіндер ілінуі керек қысқартуға! Жалпы, 19 миллион халыққа 100-150 мың мемқызметкерлер бар десек(!!!), яғни ол 0,1 пайыздың: 1. Мемлекеттік қызметкер болып отырып, Мемлекеттік тілді білмей, Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлеуі арқылы шет тілін білмейтін және білуі де тиіс емес Қазақ Елінің миллиондаған халқы алдында Ұлтаралық дау тудыруға себепкер болуынан; 2. Мемлекеттік қызметкердің Мемлекеттік тілді білмеуінен бүгінгідей қаржылық дағдарыста: а) қаптаған аудармашылар, ә) қаптаған қағаз шығындары және тб кедергілер жасауынан; 3, Мемлекеттік басқару жүйесінде қабаттасқан салалармен бір жұмысты бірнеше мемқызметкердің сапасыз сансыз қайталауынан құтыламыз! Сонымен қатар елдің 30 жылдан бері күтіп келе жатқан демократиялық талабы-әкімдер сайлауы басталатын болды. Ауыл әкімдерінен басталған сайлау - аудан, қала әкімдеріне жалғасатын жақсы бастама деп білуіміз керек! Қазақ Елі әкімдер сайлауына дайын емес деген 30 жылғы тұжырым - Дала демократиясы дамып, дана билерін өздері сайлап алған Қазақ мемлекетінің дара қадамын қорлау болып келді! Ел басшысы елдегі барлық қоғамдық саяси күштерге бірдей қарауы керек! Өйткені Қазақстан Президентін тек билік партиясы ғана сайлаған жоқ... Сондықтан, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың елдегі барлық партияларға бірдей назар аударылвды дегені қуана қолдарлық жәйт. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің не екенін, не істеп, не жасап жатқанын білмесе де , "Ұлттық кеңес не істеді?"- деп, жолдан естіген әңгімесімен жорамал соғып жіберетіндер көбейіп тұр қазір. Ұлттық Кеңес ұсынған, заңға айналған мәселелерді де мемлекет басшысы жеріне жеткізіп айтып кетті: "Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін берді. Кеңес еліміздегі жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтырып, өз миссиясын орындады. Соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 130-шы бабын қылмыс санатынан алып тастау және 174-ші бабын ізгілендіру үшін өзгерістер қабылданды" - деп атап көрсетті ҚР Президенті Қ.Тоқаев. Иә, Ұлттық кеңестің ұсынысымен саяси митингілер өткізудің жаңа заңы қабылданды. Ал Ішкі істер министрлігі мен жергілікті әкімшіліктер үш адам жиналған жерді "үрейлі ордаға" санап, ешнәрсе жазылмаған бос плакат алып шыққан жалғыз адамды да "жау" санауын тоқтатар емес. Осындай ескі тәсілмен есті заңды еш қылып отырғаны ешкімнің ойына кірер емес... Былтырғы алғашқы жолдауында Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің арандатушылық, заңсыз істерін сынаған мемлекет басшысы биыл да құқыққорғау орындары туралы арнайы тоқталып өтті. "Құқыққорғау жүйесінің жұмысында ескіліктің сарыны жойылмағандықтан, тек айыптау жағы басым. Азаматтардың негізсіз қылмыстық қудалауға түскен кездері болды. Қылмысты анықтаған жедел уәкіл мен процесуалды шешім шығаратын тергеуші бір басшыға бағынады. Ал оған қылмысты жылдам ашып, сотқа жіберу маңызды. Алайда көрсеткіш қуамыз деп, азаматтардың құқығын таптап, бостандығын шектемеу керек. Прокурорлық қадағалау болса, ылғы кеш іске асады. Олар іспен сот алдында ғана танысады. Саланы модернизациялау керек"-деді Президент. Ұлттық қауіпсіздігімізге қауіпті қос азаматтыққа тосқауыл қойылатыны қуана құптарлық жәйт. Ауыл шаруашылығына баса назар аударылып, қаржылық қолдау көрсетіледі. Ауылдың жағдайы жақсармай, елдің экономикасы дамымайтыны анық. Баспана мен басқа да қажеттіліктері үшін 700 мың адамға мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорынан мүмкіндік беріледі. Тәуелсіз еліміз үшін дүниеге келген әр адамның орны ерекше маңызды Демографиялық өсімімізді қамтамасыз ету үшін "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске қосылады. Білім үшін бөлінетін Ішкі жалпы өнімнің 1 пайызы мақсатты жұмсалуға басты назар аударылады. Елдің болашағы үшін жас ғалымдарға 1000 грант беріледі. Білім саласы қызметкерлері жалақысы 25 пайызға көбейеді. Жолдаудан "Ақ жол" партиясының оншақты жыл бойы көтеріп келе жатқан шағын және орта бизнеске салықты азайту, пандемиялық дағдарыста кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау жасау, ауыл шаруашылығына субсидиялық көмек жасап, несиелік пайызды төмендету, кәсіби спорт клубтарын мемлекеттік қаржыландыруды тоқтату тб ұсыныстары қолдау тапқанына қуандық.МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ІРІКТЕУДЕГІ БАСТЫ ТАЛАП - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУІ БОЛУЫ КЕРЕК!
ЖЕР САТЫЛМАЙДЫ
"Жер сатылмайды!" деді мемлекет басшысы. Бұл туралы "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев: "Жер шетелдіктерге сатылмайды" дегені өте дұрыс! Бірақ, “Ақ жол” 2016 жылы жұмыс істеген Жер комиссиясына "қазақтың жерінің сатылмағанын ғана емес, көршілес мемлекеттердің азаматтары мен компанияларына (ол мемлекеттер белгілі) жалға да бермеуді" ресми түрде ұсынған болатын. Ол ұсынысты комиссия белгісіз себептермен протоколға да қоспады. Бұл мәселені қайтадан көтеруге мәжбүрміз."- деп баса назар аударды еліміз үшін ерекше маңызды бұл мәселеге. Бұл еліміз үшін ең маңызды Жер мәселесі туралы 2016 жылы үлкен дүмпулер өткені белгілі. Сол кезде 30 сәуірде Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісі Аида Балаева Алматыдағы барлық БАҚ басшыларының басын қосып өткізген жиында "Жер кодексінің жер сату бабына мораторий жариялауы керек" деп ұсыныс айтқан болатынбыз. Кейін ол ұсынысымыз 3 мамырдағы " Елбасы елді Жер мәселесінде жерге қаратпауы керек" деген мақаламызда жарияланған болатын. Ал содан соң 6 мамырда жер сатуға 5 жылға мораторий жарияланған еді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жер сатылмайды" деп кесіп айтуы елдің көңілін демдейтіні анық. Иә, Тәуелсіз мемлекеттің басты шарты - Ел мен Жер, Тіл мен Діл екені анық! Жалпы, Жолдауда ел үшін ерекше маңызды экономикалық-әлеуметтік мәселелер басты тақырып болды. Экономика мәнді болса, әлеумет әлді болатыны анық.- ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауы елдің өзекті мәселелерінің шешімін көрсетуімен құнды. ТЕК ІСКЕ АСУЫН АЙТЫҢЫЗ!