Жемқорлықты жоюдың жолы
2020 ж. 28 тамыз
1842
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесіне ерекше мән берді. Яғни, Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына қауіп төндіретін құбылыс ретінде күн тәртібінен түскен жоқ.
Мемлекет басшысы: «Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек» деген болатын.
Күні кешегі Сыбайлас жемқорлықпен күреске арналған басқосуында да Президенттің бұл «індетпен» күресті күшейте түсуді тапсырды.
Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресуде халықтың құқықтық сауатсыздығын жою үшін заңдарды түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Халық өзінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір заңға қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайтады.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті мегаполисте сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысын жандандыра түсіп, карантиндік режимге қарамастан азаматтарға түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Жыл басынан басталған жұмыс карантиндік жағдайға байланысты онлайн режимде жалғасуда.
Мәселен, мамыр айында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің басшысы А.Жұмағалидің және оның орынбасарлары Т.Серікбаев пен Б.Ұзынжастың қатысуымен Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің ұжымымен онлайн жиын өтті.
Іс-шара барысында ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы бойынша құқық бұзушылықтардың және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою жөніндегі ұсыным қаралды.
Атап айтқанда, ИЧ-167/2 және ИЧ-167/10 қызметкерлері тарапынан қысым жасағаны туралы азаматтардың арызы негізіндегі қылмыстық іс қаралып, арызда көрсетілген уәждер талқыланды.
Жиында аталған құқықбұзушылықтарды болдырмау, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында алдын алу және түсіндіру шараларын тұрақты түрде жүргізіп отыру, сотталғандардың дене жарақаттарын анықтайтын арнайы маман бөлу туралы ұсыныстар енгізілді.
Отырыс барысында сөз сөйлеген Департамент басшысы А.Жұмағали ар тазалығын биік ұстауға, халыққа адал қызмет етуге шақырып, ұжымда парасаттылық қағидаттарын енгізуге назар аударды.
Өз кезегінде Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің департаментінің бастығы А.Досмағамбетов ұсыну негізінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, қызметкерлердің жауапкершілігі қаралатындығын атап өтті.
Араға апта салып Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қала әкімі аппаратының, сонымен қатар қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының ұжымымен кездесу өткізді.
Онлайн шара барысында қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекші маманына қатысты сотқа дейінгі тергеу шеңберінде ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде ұсыну қаралды.
«Біз шенеуніктерді отырғызудан ұзақ мерзімді нәтиже болмайтынына сенімдіміз. Сондықтан біз сыбайлас жемқорлықтың себептерін, яғни олардың алғышарттарын бірлескен шаралармен жоюымыз қажет және осы мақсатта бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз» – деді Департамент басшысы Асхат Жұмағали.
Аталған мемлекеттік қызметші төтенше жағдай кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатушысынан базар аумағына кіргізген әрбір ет өнімі үшін заңсыз ақшалай сыйақы алып отырған. Одан бөлек, ол тұрғынның шынжыр табанды трактор техникасын тіркеу үшін және ауыл шаруашылық техникасын жүргізу куәлігін ауыстыруға осы басқарманың бас маманы арқылы ықпал етіп, өзінің әрекеті үшін 50 мың теңге көлемінде ақша қаражатын алған деп күдіктелуде. Тергеу барысында ол жасаған қылмыстық құқықбұзушылық әрекетін толығымен мойындаған.
Шара барысында Департамент басшысы Асхат Жұмағали әр мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіну қажеттігін айтып, заңбұзушылықтардың алдын алмаған тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды. Қылмыс жасаған жетекші маман мен заң бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен бас маманды жұмыстан шығару, олардың тікелей басшыларын жұмыстан босатуға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар, іс-шарада еңбек ұжымдарында парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік құндылықтарын енгізуге баса назар аударылды.
Шымкентте биыл пандемияға байланысты 740 млн. теңге көлеміне мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды. Бұл бюджет қаражатына түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағалидың айтуынша жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу мониторингінің арқасында 2 млрд. теңгеден астам қаражат үнемделіпті. Қылмыстық істер кезінде бюджетке 1,8 млрд. теңге өтелді. Осы кезеңде департамент өкілдерінің араласуымен бас-аяғы 4 млрд. теңгеден астам сомаға мегаполистің экономикалық мүдделері қорғалған. Жыл басынан бері қалада жемқорлық жасағаны үшін 28 тұлға әшкереленген. Күдікті адамдардың 20 пайызын мемлекеттік органдардың бөлім басшылары құрайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали мекеменің ағымдағы жылдың І-жартыжылдығында атқарған жұмыстарын қорытындылау барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асырудағы негізгі басымдықтардың бірі превенция, яғни сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылады» – деп атап өткен болатын. Яғни департаменттің жұмысында сыбайлас жемқорлықпен күресте қылмысқа барудың алдын алуға ерекше назар аударылуда.
Бұл ретте қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, парасаттылық пен ашықтық қағидаттарын енгізуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға баса назар аударылып, нақты жұмыстар жүргізілуде.
Департамент пандемия жағдайында қызметін қайта құрып, жұмыстың онлайн форматына көшіп «Antikor Live» және «Adal Komek» жобалары іске қосылды. Онда мемлекеттік органдар қызметіндегі қоғамның рөлі туралы мәселелер талқыланып, мегаполис тұрғындарына кеңестер беріледі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат көрсетіледі. Тікелей эфирдің спикерлері мемлекеттік органдар мен ұйымдар, қоғам өкілдері, белгілі адвокаттар мен заңгерлер.
Оларды жүзеге асыру кезеңінен бастап (биылғы наурыз айынан) 160-тан астам тікелей эфир ұйымдастырылып, шамамен 100 мың қаралым жинаған. Бұл жобалар халықты қызықтыратын өзекті мәселелерді талқылау бойынша тиімді диалог алаңына айналған. Екінші жағынан шымқалалықтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлық пен парақорлық қылмыстары туралы түсініктерін кеңейтіп, заңбұзушылықтың қандай жазаларға тартылуға апарып соқтыратындығын да білуге көмектеседі. Бұл өз кезегінде құқықбұзушылыққа бармауға, сыбайластықтан бас тартуға, пара бермеуге де, алмауға да дағдыландырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері жаңа заңнаманы арнайы брифинг өткізіп түсіндірді. Елімізде алғаш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңды түрде бекітіліп отыр.
Шымкентте жыл басынан бері 54 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген. Оның дені құқық қорғау, білім және жер қатынастары, салық салаларында орын алып отыр. Осы санаттағы қылмыстардың алдын алу үшін қолға алынып отырған заңнама талаптарына сай бұдан былай қызметкері сот
үкімімен «жемқор» атанған жағдайда басшысы 10 күннің ішінде өз еркімен креслосын босатуға міндетті. Енді оған сәйкес, министрлер мен вице-министрлер және әкімдер қол астындағы қызметкерлері үшін жауапты.
Сыбайлас жемқорлықты жоюға биылдан бастап «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мүшелері де жұмылды. Жобалық кеңсенің жыл басына бері атқарған жұмыстарын қорытындылауға арналған брифингте айтылғандай жетекшілердің атсалысуымен жұмыс кабинеттерін бірінші қабатқа көшірген басшылар саны 100-ге таяған. Оның ішінде 68 мектеп директоры болса, 31 бас дәрігер екен. Бұл өзгеріс тұрғындардың шағымын азайтып отырған көрінеді. Шымкентте ашылған «Бизнес және инвестициялар үйі» бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істеп, қызмет көрсететіндіктен кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болатын сыбайлас жемқорлық деректерін жоюға ықпал ететін болады. Бұл аталғандардың барлыңы да сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септік ететін амалдар.
Қазақстан қоғамында сыбайлас жемқорлыққа орын болмауға тиісті. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы бұл құбылысқа нәтижелі түрде қарсы тұруға болады. Ол үшін негізгі басымдық сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға берілуі қажет.
Аманғали СЕЙДАХМЕТҰЛЫ, журналист.
Шымкент қаласы.
qazaquni.kz