Бисенбай Бейсенғалиев. КЕК
2020 ж. 17 тамыз
1905
0
«Жіңішке Кебір-Хайрулла» деген алаңдағы ұңғыларда ертінді жоғарыға шықпай жер қыртысындағы апандарға жұтылып кететін жағдайға тап болдық. «Поглощение» деп аталатын апаттың бір түрі. Көп арпалысып ештеңе шықпағасын ұңғыларды тастап бригадалары басқа алаңдарға көшіп кетті. Ал кейбір жұмыстарды «Қараой» алаңындағы бригаданың вагондарына орналасқан қосалқы бригада күнделікті қатынап жасайтын болды. Басшысы Н.Г.Евтушенко деген ардагер бұрғылау шебері. Өзі аңшы, аң аулау десе ішіп отырған асын ұмытатын адам. Жақсы шал, әңгімешіл шал, әсіресе, аңшылық жайындағы әңгімелер десе жанып түсетін адам. Тамақты ұмытып күні-түні айта беруге бар. Екеуміз көп жолдас болдық. Талай әңгімелерін тыңдадым. Көпшілік айтқандарына толық сене бермейтін едім, бәрімізге белгілі, аңшылар мен балықшылардың мақтаншақтығы ғой деп. Бұрғылау алаңдарына жұмысқа келгенде үнемі мылтығын ала келуді ұмытпайды, сәл қолы қалт етсе машинаға(кез келген, аяқ артуға жарайтын көлікке) міне салып далаға шығады, киік қуады, қарақұйрық атады, Мыңсуалмас, Қарақұдық алаңдары жақтағы ұшпалардан архар іздейді, қоян, түлкі... аулайды. Құр қол ешқашан да келмейді. Мен осы Қараой, Жіңішке Кебір ұңғыларының жұмысын қадағалау, жұмыс барысын көзіммен көру үшін орталық Елеместен осы бұрғылау қондырғысының басына келгенмін. Жіңішке Кебірде жұмыс жасайтын бригаданың негізгі орналасқан жері Қараойдың басы, вахта күнде Жіңішке Кебірге барып тұрады. Жұмыстың ыңғайына қарай. Опорный елді мекеніне жақын. Қаройда жұмыс жасап жатқан бұрғылау бригадасының басшысы Бозбаев Қадіржан деген құрдасым, досым. Қараойдан Жіңішке Кебірге баратын жол тақтайдай тегіс тұзды сордың кеуіп кеткен табанымен жүреді. Асфальттан артық, зулама жол. Вахтаны УРАЛ вахтовкамен ауыстырамыз, былайынша шаруаға мінетін көлігіміз ЗИЛ-130 ағаш астаулы көнелеу машина, шофері Нурик(қазақша атын ешкім атамайды, Нұралы деген Ералиевтің жігіті) деген толық денелі, орташа бойлы елгезек жігіт. Бір күні вахтовкамен вахтаны ауыстырып болып Жіңішке Кебірден Қараойға демалтуға алып келе жатырғанында Григорьевич(Николай Григорьевич Евтушенконы барлығымыз осылай атаймыз) жалпақ сордың үстімен бөлтіріктерін ертіп бара жатырған қаншық қасқырды көріп қалады. Вахта тасыған көлікпен(іші толы адам, түнгі вахтадан шаршап шыққан) қууға болмайды ғой, амалсыздан діңкесі құрып келе жатырған оған сол сордың бойында әлдебір шаруамен Жіңішке Кебірге бара жатқан Нурик кездесе қалады.
Жаны шығып, не істерін білмей, аңшылық делебесі қозып, көздері жанып отырған Григорьевичке де дәл тап болған, құдайы аспаннан бере салғандай болыпты. Шал жандәрменкүн Нурикті тоқтатып, вахтаны демалысқа қоя беріп, өзі Нуриктің қасына отырып алады, еш нәрсе түсіндіріп жатпастан тез жүруді бұйырады. Нуриктің артынан маған айтуынша шалдың дегбірі кетіп, тыпыршып, көздері жанып тұр екен. Тездетіп қасқырлар жүріп бара жатқан тұсқа жеткенде олардың көп алысқа ұзамағандығын, бөлтіріктерінің жай жүретіндігінің кесірінен сордың келесі жағасындағы жарқабаққа, оның арғы жағындағы қалың өскен бұйырғын, жусан сияқты қатты, биік өскен шөптерге жете алмай жанталасып жүгіргендерін көреді. Ол жағаға жетсе болды Григорьевичке олар құйрықтарын да ұстатпай кетеді, машина жүруге болмайтын жаға, тік жарқабаққа шыға да алмайсың. Ал мыналар жалпақ, тақтайдай тегіс, аппақ тұзды сордың үстінде не істерін білмей жанталасуда. Григорьевичтің мылтығы қондырғы басында қалған, қолында ешқандай қаруы жоқ. Тек Нуриктің машинасының моторын бұрап қыздыратын қисық «ручкасын» қолына қысып ұстап алыпты, көздері, барлық есі дерті қасқырларда көрінеді. Нурик: «Мен бұндай азарт аңшыны бұрын соңды көрмеппін» дейді. Шалдың не істемек ойы бар екенін білмей Нурик машинасын қасқырлардың тап қасына алып барыпты. Шал машина тоқтаған бойда секіріп түсіп қасқырларға қарай жүгіре жөнеліпті де, бара сала шеттеу жерде жүрген бір бөлтірікті желкесінен қысып алып жоғары көтеріпті, жетіп келген қаншықты «ручкасымен» жасқап жіберіп, дәлдеп ұруына қаншық шалға жақындамай, шалың келесі бөлтірікке қарай жүгіріпті. Нуриктің бұндай «концерттен» зәресі зәр түбіне кетіп, кабинадан шықпай қорқып отырыпты. Екі бөлтірікті желкелерінен салбыратып ұстап алып Григорьевич машинаның кабинасына, өзі отыратын жерге лақтырып тастап, қайта қасқырға қарай жүгіріпті.
Бөлтіріктерден қасқырдың иісі аңқып шығып кабинаны алып кетіпті, Нурик бөлтіріктерден де қорқып тырп ете алмай отырдым дейді. Сонымен шалың осылайша қимылдап қаншықтың барлық бөлтіріктерін, ең соңғысын ауызына тістеп алған жерінен, азуынан жұлып алып, машинаның кабинасына тоғытыпты. Қаншықтың өзін де «ручкасымен» ұрып алғысы келген ниетінен нәтиже шықпапты, тістері ақсиып ызаланған қаншық бірнеше рет шалдың өзіне жармасыпты. «Григорьевич өте тәжірибелі, әрі мықты айлакер аңшы екен» деп Нуриктің аузының суы құрыды шалдың осы ерлігін неше рет қайталап айтса да. Сонымен кабина толған бөлтіріктерді қапшыққа салып шал Қараойға да жетті. Келген вахтадан Григорьевичтің қайда қалғанын естіп тағатсыздана күтіп отыр едім, артынан барайын десем көлік болмай менің де шыдамым таусылған еді. Келді, қапшық толы тыпырлап жатырған бөлтіріктердің исін сезген бойда қондырғы басындағы көп иттер жымдай болды, барлығы да жоқ болып кетті. Қайда тығылғандарын білмеймін, біреуінің дыбысы шықпады. Темір-терсек бөлшектер жинайтын қоймаға(темір қазаннан жасалынған будка) бөлтіріктерді қамап, есігін кілттеп тастадық.
Шалың әңгімені боратты, былай да сілтеді, олай да сілтеді дейсің. Қалай айтамын десе де, қалай мақтанамын десе де оған бір ауыз қарсы сөз айтатын адам жоқ болатын ішімізде. Нуриктің таңдануында шек жоқ, есінен танып қала жаздаған екен байғұс бала. Бұның барлығын тыңдап болғанша, бөлтіріктерді шал ұстап алып келгенше түс те қайтып болған, кеш түсе бастап еді. Сол сәтте рациядан Григорьевичтің анасына уақыт болды деген хабар жетті. Ол Опорныйға поезға отыруға кетті, кеткенге дейін бірнеше бөлтіріктерді сұраған адамдарға(көрші ауылдың малшылары естіп келіп еді, соларға да) таратып беріп үлгерді, біреуін сойып, терісін, тұмсығын, табандарын «Бұрғышы» деген лақап аты бар Опорныйда тұратын шопырға берді. «Бұрғышы» оларды балалардың қой ауруына ем болады деп Григорьевичтен сұрап алды. «Сол түні түнімен қондырғының айналасында қасқыр ұлыды, вахтаның жігіттері зәресі қалмай қорықты. Түнде қондырғыдан вагондарға қарай ешкім жалғыз аттамайтын болды. Шал кетті, пәлесіне біз қалдық», - деп есімізге аламыз Қадіржан екеуміз артынан. Ендігі жерде айналадағы ауылдардың малдарын қыру басталды, қаншық қасқыр аямай қырды. Қараойдан Жіңішке Кебірге бара жатырған жолда Волганың суын Жаңа Өзенге тасымалдайтын жуан құбырдың үстінен өтетінбіз. Сол құбырдың бойында бір тесік болатын(әдейі тескен бе, әлде басқаша ма, кім білсін), сол тесіктен қатты қысыммен атқылаған су үлкен аумаққа жайылып, көлшік болып жататын. Сол көлшіктен аймақтағы малдардың барлығы су ішетін. Енді сол суаттан қасқыр тартып кетіп жараланған малдар көп көрінетін болды. Сан етін ойып алған, қаны шығып, терісі жалбырап тұрған тайлақтарды, тайларды, сиырларды талай көрдім. Далада теңкиіп жатырған малдардың өлекселері де жиі кездесетін болды. Бұрғылау қондырғысының басындағы иттердің көздері жойылды, қасқыр жойды. Міне, аңшы шалдың аңшылық азартының елге тигізген пайдасы. Жасаған ерлігі шынында да көзсіз ерлік, жай адам жасай алмайтын ерлік. Біреуден естісем сенбес едім, ал ... Далада бетпе бет кездесіп қалғаныңда өзіңді қорғау үшін қасқырмен амалсыздан арпалысу бір басқа ғой. Ал қасқырға өзің барып тиісіп, қолыңда қаруың да жоқ болса, оның үстіне бөлтіріктеріне шабуыл жасап қаншық қасқырға тиісу дегенің адам сенбейтіндей көзсіз ерлік қой. Қазақтар бұндайды «Ақкөздік» дейді. Сол күні Григорьевичтің анасының дүниеден озуы да тегіннен тегін емес-ау, қаншықтың қарғысы да бар болар-ау деп ойлаймын артынан. Аңшы шалдың ойланбай жасаған ақкөздік «ерлігі» айналадағы бейбіт елге осындай шығын әкелді, жазығы жоқ совхоздың, жекеменшіктің ірілі-уақты малдары құрбан болды, иелері шығынға ұшырады. Шалдың ақкөз «ерлігі» өте қымбатқа түсті. Бұрғылау алаңына ілуде бір келетін осы шалдың бойын билеген аңшылықтың бір сәттік желігі тұрғын халыққа орасан зиян әкелді. Тағы бір айта кететін жағдай, Григорьевичке көмектескен шопыр Нурик те жылдар өте келе далада қоян аулап жүргенінде қайғылы қазаға ұшырады(бұны да қасқырдың қарғысы демей гөр).
Бұл оқиғаға еш қатысы жоқ, басқа бір алыс алаңдарда, бұдан ертелеу де, бұның соңынан көп уақыт өткесін де біздің бұрғылау қондырғыларында құтырған қасқырлар жұмысшыларға шапқан оқиғалар болды да(ол қызық әңгімелерді Е.В.Герасименко жазды).
Бөлтіріктерінен айырылған ана осылайша кегін алды
Бисенбай Бейсенғалиев, Қазақ үні