Бабына келген басылым
2020 ж. 11 тамыз
1440
0
...2004 жылдың мамыры. Мен Алматыда, «Жалын» журналының жауапты хатшысымын. Түнде сағат 1-30-да телефон шылдырады. Тұтқаны көтердім. «Өмеке, бұл мазалап отырған «Жас қазақ үні» газетінің редакторы Қазыбек Иса деген ақын ініңіз, айып етпеңіз». «Иә, Қазыбек, тыныштық па?» «Тыныштық. Тек сіздің бір мақалаңызды осы кәзір оқып шықтым да, қоңырауды таңертеңге қалдырауға шыдамым жетпеді. Бірге жұмыс істейік, бізге де жазып тұрсаңыз...».
Менің «Жас қазақ үнімен», бүгінгі «Қазақ үнімен» таныстығым, әріптестігім осылай басталып, ол әлі күнге жалғасып келеді. Дәм-тұз тартып, 2009 жыдың 1-қаңтарынан 2010-жылдың 1 қарашасына дейін басылымды басқару мәртебесі де бұйырды. Барған бойда газетті қостілді етіп, «ДАТ-қа» қаламақыға жұмыс істеп жүрген Дастан Елдесовті штатқа алдым. Бүгінде ол орыстілді ұлтшылдардың брендіне айналды...
Сол екі жылдай уақытта көзі қарақты оқырман ағаларымыздан «Сен газетті «Жас Алаштан» өткір басылымға айналдырдың» деген баға да алдық. «Алға!» партиясына газеттен көп орын беріп отырғанымыз үшін тендерден де қағылдық. Қазыбекке рахмет, тізгінді бергеннен кейін менің ісіме араласқан жоқ. Қайта кейде мен өзім «мына мақаланың саған, газетке зияны тиіп кетіп жүрмей ме?» деп, оған алдын-ала көрсетіп отырған кездерім болды.
Сол кезде «Ответ национал-патриота журналисту-провокатору или чего так боится Сергей Дуванов», «Старые песни Сергея», «Олжас «умер», да здравствует Алжас!», «О казахах или плохо, или ничего» секілді мәңгүрттер мен көзқамандарды сынға алған көптеген мақалам жарық көрді.
Бүгінгі «Қазақ үні» - кемеліне келген, кемеріне толған, нағыз ертеден салса кешке озатын, ылдидан салса төске озатын, бабында тұрған басылым. Жетіспей жатқан жалғыз нәрсе – оны кең-байтақ қазақ елінің түкпір-түкпіріне жететін ететін ұйымдастырушылық жұмыс. Алдағы уақытта ол да шешілер. Газет ұжымына толағай табыс, жас толқын өкілдеріне көбірек белсенділік тілеймін!
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні