Карантин кезінде десантшылар шеруін ұйымдастырғандар жазалансын - Арман Қани
2020 ж. 03 тамыз
1831
0
Павлодарда жыл сайын 9 мамыр мерекесі парадында Ресей империясы әскерлерінің георгий таспаларын кеуде тұсына қадап, Кеңес одағының қызыл туларын бастарынан асыра бұлғаңдатып шығатындар бар. Жергілікті билік Ресей идеологтарының кейінгі кезеңде қолданысқа енгізген жобасы «Мәңгілік полк» шеруін ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған... Сол шерудің алдыңғы жағында әскери формаларының омырауына ордендер мен медальдарын саусатып тағып алған Ауған соғысы ардагерлері сап түзеп жүреді! Кеңес үкіметінің Ауғанстандағы басқыншылық жорықтарын жүзеге асырған жауынгерлердің Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қандай қатысы барын кім білсін?..
Оның үстіне әрбір 5 жыл сайын жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтар 1720 жылы патша әскерлерінің қазақ жерін жаулап алып қазіргі Павлодар қаласының орнында Коряков Яр бекінісін салғанын мереке ретінде тойлау жөнінде мәселе көтеріп отырды. Олар әуелде, 1990 жылы қаланың орталық алаңында Омбыдан казактардың әскери формаларын алдырып, зеңбіректердің макетін жасап, патша әскерлерінің басқыншылық жорығына 270 жыл толуын театрланған көріністер арқылы дәріптеуді көздеді! Абырой болғанда, жергілікті мемлекетшіл, отаншыл азаматтардың наразылық көрсетуінің нәтижесінде патшашыл-кеңесшіл топтардың жоспарлары сол жылы да, кейінгі жылдары да жүзеге аспай қалды. Есесіне, 2016 жылы «Павлодар География үйі»қоғамдық бірлестігінің директоры, журналист Александр Вервекиннің шақыруымен, облыс әкімдігінің сол кездегі басшылығының қолдауымен «Бухгольц жолдарымен» атты экспедиция Омбыдан Павлодарға келді!.. И.Д. Бухгольцтың 1715 жылы Ертістің Кереку өңіріне қанды жорық жасап, Жәміш көлі жанында Ямышев бекінісін салған полктың командирі, патша әскерінің подполковнигі екенін естеріңізге саламын. Әлгі А. Вервекин мен облыс жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы (қазіргі кезде Екібастұз қаласы әкімінің идеология бойынша орынбасары) Н. Нефедова ресейлік экспедицияны сол бекіністің орнына салынған Ескі Ямышев ауылына апарды! (https://qazaquni.kz/2016/10/12/59098.html) Ресей империясы мен Кеңес одағының мерекелері мен атаулы күндеріне ерекше құрметпен қарайтын жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтар 2020 жылы әсіре белсенділік көрсетуге тиісті еді. Өйткені, биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске 75 жыл, патша әскерлерінің Павлодар қаласының орнына Коряков Яр бекінісінің салғанына 300 жыл толды ғой. Бірақ олардың еркін қимылдауына KOVID-19 пандемениясына байланысты жарияланған карантин талаптары мұрсат бермеді! Солай бола тұра, интернет желісі арқылы жұртшылыққа георгий таспаларымен, қызыл тулармен безендірілген «Ұлы жеңіске – 75 жыл!», «Павлодар қаласына – 300 жыл!» деген жазбалар таратты! Осы тұста адалын айтайын, абырой болғанда, не Павлодар қаласы әкімдігі, не облыс әкімдігі тарапынан шаһар тұрғындарына 300 жылдыққа байланысты құттықтаулар айтылған жоқ. Тек қала күні мерекесі онлайн режимде аталып өтіліп, сол мерекеге орай құттықтаулар жария етілді.
...Осымен, Павлодардағы патшашыл-кеңесшіл топтардың екпіні басылып, іс-әрекеттері сиырқұйымшықтанып бітетін шығар деп топшылағанбыз. Жоқ, қателесіппіз! 2 тамыз күні КСРО әуе десанттары әскерлері күні бұрынғы десант жауынгерлер тобы орталық көшелермен шеруге шықты! Полиция карантин талаптарын өрескел бұзған әрі көлік қозғалысына кедергі келтірген бұрынғы әскерилердің әрқайсын анықтапты, енді айыппұл салмақшы екен. (https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/413472-pavlodarda-ue-desantshylaryna-ajypp-l-salyndy).
Төтенше оқиғаға барабар бұл жайт отаншыл азаматтардың санасында біршама сұрақтар тудырды. Короновирустың құрбандарына айналған марқұмдардың жерлеу рәсіміне де топталып жиналуға тыйым салынған кезеңде әлгілердің орталық көшелелерде тайраңдап жүруі қалай? Шеруді кімдер ұйымдастырды, өткізілуіне кімдер рұқсат етті?! Эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтау бойынша мониторинг тобы, ішкі саясат, құқық қорғау, ұлттық қауіпсіздік органдары қайда қарап отырды?
Кеңес әскерлерінің құрамында әскери борышын өтеген десант жауынгерлер Кеңес үкіметі кезеңінде де дәл осындай саяси әрекетке барған емес! Орталық саябаққа жиналып, спиртті ішімдіктер ішіп бірін-бірі құттықтаумен шектелетін. Енді егемендік кезеңінде Кеңес десанттары кімдерге қыр көрсетпекші?!
Керекудегі шеруден кейін 1986 жылы Алматыда желтоқсаншы жастарды басып жаныштау мақсатында десанттары бар, басқалары бар Челябі, Новосібір, Свердловск, Уфа, Тбилиси, Фрунзе, Ташкент қалаларынан әкелінген әскерилер мен Қазақстанда әскери борышын өтеп жатқан сарбаздар еріксіз еске түседі... Оларға қолдау көрсеткен милиция қызметкерлері мен жұмысшылар жасақтары да ойға оралады...
Ұзын сөздің қысқасы, Павлодар қаласының орталық көшелерінде Кеңес одағы қарулы күштері әуе десанттары әскерлерінің шеруін ұйымдастырушылар мен қатысушылардың іс-әрекеттеріне саяси баға беріліп, оларға тиісті жаза қолданылуы керек! Мұндайлар бүгін ауыздықталмаса, күні ертең егемен елдігіміздің тас-талқанын шығарып, халқымызға қайтадан бодандық қамытын кигізуді көксейтін патшашыл-кеңесшіл топтар, басқаша айтсақ, сепаратистер, бесінші колоннаға топтасқандар ойларына келгенін істейтіні анық.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.
Қазақ үні