ТАЖАЛ ІНДЕТ ТАҒЫ БІР АРЫСЫМЫЗДАН АЙЫРДЫ...
2020 ж. 02 тамыз
2385
0
Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өмірден озды деген суық хабар бар қазақтың қабырғасын қайыстыруда. Алла алдынан жарылқасын!
Олимпиада ойындары Грекияда ресми өткізіле бастаған 1896 жылдан бері осы бір әлемдік аламаннан алтын күткен Алаштың арманы тек 84 жылдан кейін -1980 жылы ғана Мәскеуде орындалды! Өмірі күреспен өткен қазақтың қара баласы Жақсылық Үшкемпіров жер шарында күрестен өзінен мықты жоқ екенін әлемге әйгілеп, алтыннан алқа тақты! Бұл бір Ақсарыбас айтылып, ақ түйенің қарны жарылған күн еді... Сол тарихи жеңіске биыл қырық жыл болып еді...
[caption id="attachment_149832" align="aligncenter" width="696"] 498331 24.07.1980 Олимпийский чемпион 1980 года, советский спортсмен Жаксылык Ушкемпиров (сверху) и болгарский спортсмен Павел Кристов во время финального поединка. Соревнования по классической борьбе (весовая категория до 48 кг). XXII летние Олимпийские игры. Спорткомплекс ЦСКА. Владимир Родионов/РИА Новости[/caption]
Жақсылық ағамыздың жақсылық қасиеттері мол еді. Спортта ғана емес, өмірде де әділеттілік үшін күресіп жүрген, жүрегі кең, мейірімі зор, рухы биік азамат еді.
Қазақ спортында орыны ерекше Дүние жүзілік Қазақ күресі федерациясына да ақыл-кеңесін аямай, көмегін көрсете білді. Федерацияның негізін қалап, шаңырағын көтеріп, Қазақ күресін әлемге мойындатқан ерлердің басына күн туып, жазықсыз жала жабылған қиын-қыстау күндерде де қасқайып қарсы тұрып, араша түсіп, әділ сөзін айта білді.
Жақсылық ағамыз кәсіпкерлікті де дамытып, бір өзі бір ауылды асырап отырған атпал азамат болатын. Қаншама үйсіз-күйсіз жүрген қазақтарға қамқор болып, баспана салып берген тарлан тұлғамыз еді...
Осыдан үш жыл бұрын Ақордада Елбасымыздың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Жақсылық Үшкемпіров арманын айтып қалған еді. Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты бір ауылға газ тартқызып, спорт кешенін, балабақша, 50 пәтер салдырып берген Олимпиада чемпионы: "Менің
бір арманым бар. Осы көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Соны қазақтың 5 мың жігіті көтеріп жіберсе, одан артық қандай бақыт керек. Мен соны ойлаймын», - деп еді Жақсылық Үшкемпіров. Жақсылық аға Алаштың қамын ойлап, Ақордада айтқан ақ арманын өзі орындап кетті. Өз қамқорлығына алған ауылы бүгінгі заман талабына лайық сәулетіне дәулеті сай болып, өркендеп тұр. Ал қалған мыңдаған ауыл халықтың ырысынан байып, қаржысын желге шашып жүрген мыңдаған қалталылардың мойынына Жақсылық аға артқан аманат болып қалды...
Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері
Жақсылық Үшкемпiров ағамыздың жарқын істері ұрпақтары үшін жақсы өнеге болып қала береді.
Асылдарымызды шетінен алып кетіп бара жатқан атың өшкір бұл тәжвирус қашан жойылар екен?!. Енді міне, кілемдегі де, өмірдегі де ешқандай күрестен жеңілмеген баһадүр балуанымызға да ауыз салды... Тажал індет тағы бір арысымыздан айырды...
Жақсылық ағамыз ауырып жатыр дегенде қаншама адам дұға жасап, құдайдан сауығып кетуін тілеп еді! Алладан бұйрық келді -амал жоқ дейміз. Дін мұсылманның ең қасиетті мейрамы Құрбан Айт күндері қайтыс болған мұсылмандардың жайы жәннаттан болады дейді, пейіште нұры шалқи бергей.
Қазақ халқының біртуар перзенті Жақсылық Үшкемпіровтің бақи дүниеге аттануына байланысты бар қазаққа кайғырып, көңіл айтамыз.
Дарабоз балуан, даңқты тұлғамыздың есімі елімен бірге мәңгі жасай береді.
Ислам Әбіш, Серік Түкиев, Қазыбек Иса
"Қазақ үні"