КЕЛЬНДЕГІ КЕСЕПАТТЫҚ - КОНСУЛДЫҚ ДӘРІЛЕРДІ НЕГЕ ЖЕТКІЗБЕДІ?!.
2020 ж. 31 шілде
4562
0
Германиядағы Елшілік жұмыс істей ме, министр Тілеуберді мырза?!.
Бүгін Германияда тұратын Еуропа қазақтары қауымдастығының төрағасы, ұлтшыл бауырымыз Өмірхан Алтын жариялаған видео жанымызды ауыртып, қанымызды қайнатып жіберді!..
Індеген індетіне жүйені жайлаған жемқорлығы қосылып, қоймаларына тонналап дәрі-дәрмекті тығып тастап, елдің қырылуына себепкер болған СК-Фармацияның қылмысына ашынғандардың ашуы тарқамай жатып, тағы бір масқара жәйттің беті ашылды. Бұл жолы елдің ішінен емес, сыртынан шықты...
Өмірхан Алтынның ұйымдастыруымен Еуропада тұратын қазақ диаспорасы Қазақстандағы COVID-19 тәжтажалы тудырған ауыр жағдайға қол ұшын созып, қарлығаштың қанатындай су сеуіп, қайырымдылық көмек жасаған екен. Жиналған қаржыға дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар алып, Қазақстанға жіберу үшін 2020 жылғы 19 шілдеде Кельндегі консулдыққа өткізген. Содан бері екі апта уақыт өтсе де, елге жетуі тиіс қораптар сол күйі жатқан жерінен қозғалмаған.
Қазақстандағы елдің өмірін ойлаған Өмірхан Алтын өздерінің дәрі-дәрмегінің консулдықта иесіз жатқанын көргенде мұндай бассыздыққа ашуланбағанда қайтеді?!. "Бізге жау сырттан келмейді, біздің жауымыз өзіміздің қансыз қазақтар екен!"-дейді ол ашынып. Оның айтуынша бұл кесірлі келеңсіздікке Сыртқы істер министрлігі, Елшілікпен бірге Денсаулық министрлігі де кінәлі көрінеді. Елші Дәурен Карипов пен бас консул демалыста жүр екен... Індет соғысы кезінде, майдандағы әрбір оқ-дәрідей, әрбір дәрі адам өмірі үшін ауадай қажет және қат болып жатқанда қорап-қорап дәрілерді қоймасында сақтап қойып, жағалары жайлаудағы қандай демалыс бұл?!. Министрлікте, елшілікте, консулдықта ең болмаса елге жаны ашитын есі дұрыс бір қызметкер, қаны да, жаны да қазақ, тілі де, ділі де қазақ бір азамат жоқ па сонда?!.
Қазақстан Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді мырза, Германиядағы Елшілік жұмыс істей ме өзі?!. Кельндегі Консулдықта басшы болсын, қосшы болсын, тірі адам бар ма Қазақстанға қатысы бар?!.
Қазақстанға қатысы болса, қазақтық қаны болса, еліне ауадай қажет болып жатқан, тура осы парацетамол, аспириндердің жоқтығынан талай адам үзіліп кетіп жатқанын естіп, біліп отырған есі бар адам әрекет етуі керек емес пе?
Бұндай қат дәрі-дәрмектің дәріханаларда жоғалып кеткеніне төрт айдан асса, Үкімет "дәрі де болады, бәрі де болады" деп, ант-су ішкеніне де бір айға жуықтап қалса да, дәл осы Германиядағы қандастар жинап берген, Кельндегі консулдықта жарты айдан бері жатқан дәрілер жоқ болып тұр! Оу, бұл елімізде ұсталған қолдан жасалған 100 тонна жалған дәрі-дәрмек емес қой?!. Германиядағы тікелей дәрі зауыттарынан алынған, құжаты бар дәрілер ғой!
Бұндай Кельндегі кесепаттыққа, бас консулдықтағы бассыздыққа ел қатты наразы. Белгілі жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев) бастаған қазақ зиялылары қатқыл үн қатуда. Мұндай сорақылықты әлеужеліде жұрт жазып жатқандай саботаж демеске лаж жоқ.
Әлемді жайлаған пандемияны соғыс деп танып отырмыз. Ендеше, соғыс кезіндегі аман қалу құралы - қару-жарақ пен оқ-дәріні жасырғандар мен жеткізбегендер қандай қатаң жазалауға лайық болса, бұлар да солай қатаң жазалануы тиіс! Денсаулық министрлігінің СК-Фармациясы мен МӘМС-тің бұрынғы басшыларының қатарына мынау Германиядағы елшілікті, Кельн консулдығындағы жауапты қызметкерлерін басшыларымен бірге қосу керек!
Елді жайлап алған жемқорлықтан ішіміз іріп, сыртымыз шіріп бітуге таяған екен. Барлық мемлекеттік органдардағы бетімен кеткен берекесіздікті, тоқмейіл топас тоқырауды тоқтатып, өткенде ҚР Президенті Қ.Тоқаев тоқетерін айтқандай, істен шыққан мемлекеттік басқару жүйесін шұғыл қайта құру қажет.
Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі "Қазақ үні"