Томирис Байсафаның өліміне қатысты күдікті қамауға алынды
2020 ж. 30 шілде
1015
0
Қазақстандық студент Томирис Байсафаның өліміне қатысты Дағыстан үкіметінің бұрынғы басшысы Мухтар Меджидовтың ұлы Муртузали Меджидов қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мәскеу қаласының Басман аудандық сотының қаулысымен айыпталушы Меджидов Муртузали Мухтаровичке қатысты 2020 жылдың 28 қыркүйегіне дейін қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданды», - деп хабарлайды ТАСС агенттігі Басман сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісімен сұхбат барысында Томирис Байсафаның шешесі Жанна Ахметова осы іске қатысты жаңа деректерден хабардар болғанын мәлім етті.
«Айғақтар табылыпты. Ол ұсталды. Бірақ істің мән-жайы маған әлі белгісіз», - деген анасы М.Меджидовтың ұсталғаны туралы ақпаратты Мәскеуде растағанын айтты.
Жанна Ахметова тергеу барысымен байланыста отыр. Карантин шаралары алынғаннан кейін Ресей астанасына ұшып бармақ.
Еске сала кетсек, 2018 жылдың сәуір айында қазақстандық студент қыз Томирис Байсафа Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының терезесінен құлап кеткен еді. Ол 3 мамырда ауруханада қайтыс болды.
Қыздың ата-анасы оның өзіне қол салғандығына қатысты тергеудің нұсқасымен келіспей, тергеудің әділ жүргізілуін талап еткен еді.