Құрбандық малы қандай болатыны туралы мүфтият нақты бәтуа беретін шығар
2020 ж. 29 шілде
1172
0
Gu-gu.kz сайтының бас редакторы Махамбет Ерғали кешегі біздің "Қазақ үні" сайтында жарияланған
""Құрбандыққа бір жасар қой ғана жарайды деген талап орынды ма?!." атты мақалаға байланысты "ҚҰРБАНДЫҚ МАЛЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК? Имам мен ақынның қайсысы дұрыс айтады?" деген жазбасында маған біраз әңгіме айтыпты...
Махамбет Ерғали мақаласына байланысты жауабымды өз парақшамда да жариялап отырмын.
- Махамбет Ерғали бауырым, қазір елдің "Махамбет Ерғали сізге қарсы мақала жазыпты" дегенін естіген соң енді оқып отырмын. Енді саған да жауап беруге тура келіп тұр...
Біріншіден, мақаланы сен айтқандай мен жазған жоқпын. Жазған тараздық белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайұлы. "Қазақ үні" сайтында жарияланған мақалаларды өз парақшамызда бөлісу біздің журналистердің бәріміздің міндетіміз.
Мен Көсемәлі Сәттібайұлының пікірімен толық келісемін, сондықтан жарияладық. Қазір індеттен кейін зорға күн көріп отырған елге "Елу мыңнан кем қойың құрбандыққа қабыл болмайды" деген сөз маңдайдан ұрғандай болғаны рас. Көсекең қайта сыпайылау жазыпты, қанша дегенмен облыстық газетті, яғни мемлекеттік басылымды басқарған басалқалы журналист қой.
Екіншіден, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіповтың маған жазған жауабын оқыдым. Парақшасында жауабымды да жаздым. "Қазақ үні" сайтында да жарияладық. Бұларды неге көрмей қалғансың, қайдағыны көріп-біліп, қағып-іліп отыратын Маханбет Ерғали бауырым?!.
Ал құрбандық малы қандай болатыны туралы мүфтият нақты бәтуа беретін шығар деп үміттенеміз.
Қорыта айтарым,
"Қазақ үні" сайтында жарияланған мақалаға лезде жауап беріп, мән-жайды түсіндіріп, таратып айтып бергені үшін Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіповке рахмет!
Алла амандық-саулықта, бейбіт күндерде жүзіміз жарқын жүздесуді жазғай!
Алла тағала баршамыздың Құрбандығымызды қабыл еткей!
Қазыбек Иса,
Қазақ үні