Карантинді кезең-кезеңімен жеңілдетуге дайындық жүргізілуде
2020 ж. 29 шілде
800
0
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макеннің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссиясының қашықтан отырысы өтті, деп хабарлады Covid19.astana.kz сайты.
Елорда әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының талдау және мониторинг тобының жетекшісі Шыңғыс Қуатбеков комиссия отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады.
5-27 шілде аралығында мобильді мониторинг топтары 658 кәсіпкерлік субъектілеріне санитария нормаларын сақтау бойынша тексеру өткізіп, 364 субъектіде бұзушылықтар анықтады. Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен карантин шаралары кезеңінде жұмыс режимін бұзғаны үшін 63 әкімшілік материал жиналды, – деді Қуатбеков.
Комиссия отырысында қатысушылар карантинді жеңілдетуге дайындық мәселелерін де талқылады. Қала әкімінің орынбасары аурудың таралуына жол бермеу үшін сауда орталықтары, сауда үйлері мен бизнес орталықтар басшыларымен ашылу кезінде карантин шараларын сақтау қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, карантин кезінде қызметті жүргізуге рұқсат алу тәртібін әзірлеуді және кәсіпкерлерге кеңес беруді ұйымдастыруды тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аурудың таралуын төмендету, халық арасында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, карантин және алдын алу шараларын сақтау - біздің басты міндет. Шектеулер біртіндеп алынады деп күтілуде. Алайда, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысын жандандыру коронавирусқа дейінгі өмір салтына қайта оралуды білдірмейді. Міндетті түрде маска тағу, әлеуметтік қашықтық пен гигиена талаптары сақталады. Халыққа қызмет көрсететін барлық мекеме, атап айтқанда, халыққа қызмет көрсету орталықтары, банктер, қызмет көрсету орталықтары әлеуметтік қашықтық белгілерін орнатуы керек. Субъектілердің қызметі қайта басталған кезде, өртке қарсы жұмысты күшейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік деңгейі жоғары болуы керек. Сондықтан, тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аудан әкімдіктерімен бірге барлық кәсіпкерлік субъектіcінің басшыларымен мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет, – деді Макен.
Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына демалыс күндері қоғамдық орындарда ауқымды дезинфекция жүргізу, қауіпсіздік шараларын сақтау, оның ішінде маска тағу, әлеуметтік қашықтық сақтау бойынша полиция департаментіне рейдтерді жалғастыру тапсырылды.