САУМАЛ САУЫҚТЫРАДЫ, КӨҢІЛ КӨРКЕЙТЕДІ
2020 ж. 26 шілде
2580
0
Күнде оразамды түскі сағат бірде саумал ішумен ашып жүрмін.
Біздің саумал ішу кезегіміз осы уақытта.
Алматы қаласы, Қарағайлы ықшамауданындағы Таубел қалашығы көк тіреген таулардың етегінде орналасқан.
Есіктің алды көк жайлау. Жайылған жылқылар кейде аулаңа кіріп кетеді. Бие байлап, қымыз сауатындар бар. Таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 9-ға дейін әр екі сағат сайын 8 рет сауады. Әр сауғанда екі литр ғана шығады. Басында екі литр алып жүргенбіз. Кейін қымыз сатушы әйел Гүлнар: "бір кісі коронавируспен қатты ауырып қалыпты, солар сұрап жатыр" деген соң , бізге тиесілі бір литрімізді сол науқасқа бердік... Бір адамға болса да себіміз тие бергені жақсы ғой дедік ақ тілек білдіріп. "Сіздерге қатты риза болып, рахметін айтып жатыр, қазір тәуір болып қалды, саумалға өзі келіп жүр"-деді жақында Гүлнар. Ауырғандардың бәріне Алла шипасын берсін деп тілейміз. Саумал сауықтырады, көңіл көркейтеді.
"Саумалды (бие сүті дейді кейде) басында ішуге жағдай болмаса, жарты сағаттың ішінде ішу керек. Оған да мүмкіндік болмаса екі сағатқа дейін ішу керек дейді бие байлап, қымыз дайындап отырған Гүлнар.
Саумалдың жарты литрін -екі кесені басында ішіп аламын. Содан соң қайтар жолдағы алғашқы аялдама -қалың ағашқа дейінгі жазықта пісіп, төгілгелі тұрған қап-қара бүлдіргендер теруден басталады. Одан соң екінші аялдама - қалың ағаш ішінен алша жинау. Екеуі де үйдегі немерелер Имаш пен Хан-Ислам үшін. Бүгін екі есе көп тердім. Өйткені, Шымкенттен Гүлназ қызымыз бен Жомарт күйеу бала келген жиендерді ертіп. Айсәфи мен Райана келгесін күнде менімен саумалға келетін, бірге бүлдірген теретін Имаш бұзық солардың қасынан шықпай қалды.
Күнделікті саумалға барып келу белімнің құяңы (грыжа) ұстап, ем алып жатып қалған маған бір жағы дене шынықтыру болып тұр.
Саумалды биені сауып бола салып, көбігін бұрқыратып басынан ішудің өзі бір керемет! Бойыңа қуат құйылып жатқанын тұла бойыңмен сезесің. Жол бойы бүлдірген мен гүл кешіп жүру де бір ғанибет! Тау етегіндегі тамаша табиғат, қалың ағаштың қаптаған тартуы -түрлі жемістер жинау да күш береді. Алатаудан асып, арайын төккен ашық күннің сәулесі тас төбеңнен өтіп, табаныңа жетеді... Тал көлеңкесінде тау самалымен тыныстап, шалғынға шалқаңнан жата кеткенге не жетсін! Рахаттанып жатсаң да, Адам деген қызық қой, қызуы құстың жұмыртқасын пісіретін Қызылқұмның қызғалдағы мен бұрқыраған жусанын, Шардараның шағалалы да, шағылды теңізін ойлап қоясың...
Ең бастысы екпіндеп, індетіп кеткен індеттің беті қайтып, ел аман, жұрт тыныш болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні