Ислам Әбіш. ТАҒЫ БІР АРДАҚТЫ АҒАМНАН АЙРЫЛДЫМ...
2020 ж. 21 шілде
4018
0
Әлемді жайлап алып, жайпап бара жатқан жаман індеттің Қазақстандағы қарқыны тіпті қатты болып тұр. Кейде тек қазақтың дарынды перзенттерін шетінен теріп әкетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Өткенде ән әлемінің дүлдүлі Кеңес Дүйсекеев ағамыз, одан соң қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері Қажығали Мұхамбетқалиұлы, кеше белгілі қазақ ғалымы, ақылман ағамыз Мырзагелді Кемел кетті дүниеден. Бұл тек аузымызға түскені ғана. Әйтпесе тек зиялы қауымнан соңғы екі-үш аптаның өзінде 200-дей адам өмірден өтіп кетті...
Триллион үнемдегені үшін түрмеге түсіп, негізсіз жала жабу мен әділесіз соттың кесірінен тарлан ашқан кезінде тасқамауда арпалысып жатқан Ислам Әбіш жақсы көретін ағасы, белгілі ғалым Мырзагелді Кемелдің қазасына қатты қайғырып, көңіл айтуын қағазға түсіріп, адвокаты Мәкіш Есқараев арқылы жолдапты. Исекең түрмеде де бос жатпай, елді қырып бара жатқан пандемияға қарсы күрес жоспарын жасап жатқанын да жазған хатын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Редакция
–Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел жұртынан айрылған жаман екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді», – дейді халық әні.
Қандай қатерлі, зарлы, қорқынышты заман, ол «Ақтабан шұбырынды» аталған заман еді.
Соңғы оншақты күннің ішінде Үмбетаев Ибадулла, Нұржанов Омарбек, Айдархан Утанов бір ауданда, бір ауылда өскен, ел басқарған үш ағамның қайтыс болғаны жөнінде қаралы хабар алған болсам, бүгін белгілі ғалым Мырзагелді Кемел ағамның қайтыс болғаны жөнінде суық хабар алдым. Бұл тек бір ауылдан шығып, ел басқарған азаматтары. Сол ауыл, сол ауданнан мен білмейтін, маған хабары жетпеген қанша адам қайтыс болды екен?!.
Қандай ауыр, қандай қорқынышты, көзіңе жас келіп, көкірегің толып, булығасың, тұншығасың... Жау қайда? Оны көрмейсің. Күресудің жолын да білмейсің, не істеу керек екенін де білмейсің, не боларын да білмейсің...
Бұл заман осынысымен қорқынышты. Өкінішітісі: өз өлігіңе өзің ие бола алмайсың, ел болып жиылып, құраныңды оқып, елге басу айтып, ақтық сапарға шығарып сала алмайсың, арулап көме алмайсың...
Міне, сондықтан да бүгінгі тауқымет «Ақтабан шұбырындыдан» да қорқынышты!!!
Асыл аға, ақтық сапарға шығарып сала алмадым, бір уыс топырақ та тастай алмадым, кешір!
Мен Мырзагелді ағамды 1981 жылдан бері білемін. Бірге қызметтес болдық. Өте көп тәрбиесін алдым. Мырзекеңнің бүкіл қазаққа үлгі боларлық қасиеттері жеткілікті еді.
1.Қарапайымдылық.
Бұл Мырзекеңмен жақын араласқан көптеген адамдар, оның ішінде творчествоға жақын адамдар бірден байқайтын қасиеті.
Мені таңқалдырған бірнеше жағдайлар болды. 1980 жылдардың соңына таман екеуміз екі совхоздың директоры болдық. Біздің совхоз көкеніс, бау-бақша егетін. Күзде халықтан көкөніс бақша өнімдерін нақты ақшаға қабылдайтын. Мырзекең мал бордақылайтын совхоздың директоры. Күзде бір күні қауын-қарбыз қабылдап жатқан жерге барсам, Мырзакелді ағам, Зиба жеңгем екеуі трактордың бір тіркемесіне қарбыздарын артып әкеліп өткізіп жатыр. Біреуі тіркеменің үстінен қарбыз әперіп, біреуі жерден қабылдап, өткізіп жатыр.
Ағама жетіп келіп, амандасып, "Не істеп жатырсыз?" десем, айтатыны: «Жеңгең екеуміз бір гектар жерге қарбыз егіп едік, соны жинап, өткізіп жатқанымыз. Балалар оқуда. Жалғыз айлық жетіңкіремейді», – дейді.
Кеңес Одағы кезінде жұмыс істегендер мені толық түсінеді, бір де-бір совхоздың директоры бір гектар жерге қарбыз егіп, бала-шаға асыраған емес!..
Қазіргі жастар бұны түсіну үшін былайша елестетіп көріңіздерші: Аудан әкімі отбасын асырауға айлығы жетіңкіремейді, сондықтан әйелі екеуі бір гектар жерге қарбыз егіп, қосымша ақша табады... Ондай бірде-бір әкім таппайсыз, таба алмайсыз да!
Мінеки, қарапайымдылықтың, тазалықтың, мөлдірліктің нақты өмірлік дәлелі.
Мен облыс әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарамын. Ол кісі парламент депутаты. Облысқа келгенде ешкімді әуре қылмай (көлік те, қасына еріп жүретін әкімшілік қызметкерін де қажет етпейтін) Шымкентке келіп, кейде таксимен, кейде маршруттық автобуспен өзінің Мақтааралына тартып отыратын. Біз "мұныңыз қалай?" деп ренжісек, "маған әуре болудың қажеті жоқ, өз қызметтеріңмен айналыса беріңіздер" дейтін.
Осынша жасқа келіп, ешқандай мәжіліс депутаты, сенатор облыс орталығына келіп, ары қарай автобуспен ауылына баратынын естіген емеспін. Сіздер де естімеген шығарсыздар. Ол кісінің күнделікті өмірдегі қарапайымдылығын араласқан адамдар, сіздер де жақсы білсеңіздер керек.
Шынайы, табиғи қарапайымдылық негізінен Ұлы адамдарға ғана тән қасиет деп ойлаймын.
Мырзекеңнің осы қарапайымдылығының өзі әр қазаққа, әсіресе, жастарға үлгі боларлықтай өте қажет қасиет. Ұлы Абайдың әр қазақтан көргісі келген қасиеттерінің бірі.
2. Еңбекқорлық.
Бұл қасиетіне де аралас болған кісілердің барлығы да толығымен қанық болса керек деп ойлаймын.
Ағамды 40 жылға жуық білсем, қай уақытта болмасын, қандай істі болмасын, түбіне дейін жеткізіп, ерінбей, зерттеп, түсініп, ұғынып, тұжырым жасайтын, өмірде пайдаланатын. Өзінің көзі жеткен білімін, тәжірибесін, айналасындағы адамдармен, әсіресе жастармен бөлісіп отыратын.
1992-2000 жылдардың аралығында мен бизнеспен айналыстым. 1996 жылы 3-4 ай менің барлық бизнесімді талдап, зерттеп, бағыт-бағдар берген болатын. Күні бүгінге дейін мен, менің бауырларым, балаларым ағамыз берген ақыл-кеңестің арқасында бизнесті дамытып, пайдасын көріп келеміз. Сол бизнестің арқасында мыңнан астам отбасы тірлік жасап отыр.
Ол кісінің жазған кітаптарында жасалған сілтемелердің тізімін қарап шықсаңыз, білімді, ойды алу үшін қандай тереңнен сусындағанын, оған қандай еңбек жұмсағанын байқайсыз. Байқап отырып, ойға салып, талдасаңыз, Абай айтқан әрбір қазаққа ауадай қажет еңбекқорлық қасиетіне сүйсінесіз!
3.Кішіпейілдігі.
Келіндерге дейін сіз деп сөйлейтін, еш адамға дауыс көтергенін көрген де, естіген де емеспін. Өзіне қызықты болған адамдармен іздеп жүріп, танысатын, сұхбаттасатын және көпшілігіне үлкен сыймен қарап, өте сыпайы сырласатын, араласатын. Өзінен бір жас үлкен адамға іні болып, інілік ілтипат көрсететін.
Жасы үлкенге іні, жасы кішіге аға бола білетін, адамның қадірін өте жоғары қоятын жан еді.
Көпшіліктің арасында өзінің лауазымын, атақ-даңқын, білімділігін көрсетіп, дабырайтуды мүлдем жақтырмайтын. Қатардағы көптің бірі болып көрінуге тырысатын.
«Неге өзіңізді бұлай ұстайсыз?» – десем, жай ғана жымиып: «Менікі әрбір қазаққа міндет болатын стандарттың ішінде болу ғой» дейтін. Жастардың жетістіктеріне, жақсы идеяларына қатты қызығып, қолдап жүретін. Әлеуметтік желілерде жиі ой бөлісіп отыратын.
4. Кіршіксіз адалдығы мен тазалығы.
Ағам үлкен лауазымды қызметтер атқарды. Саясатта да болды. Үлкен қызметтерде жүріп, адалдықты, тазалықты, сақтап қалу да қиын. Ол Кеңес Одағы кезінде қиын болса, қазіргі тәуелсіздік кезінде мүлдем қиын, тіпті мүмкін емес десе де болатын шығар.
Кеңес Одағы кезінде және қазіргі кездегі адалдығына жоғарыда мысал келтірдім. Енді жеке өмірдегі мәселелерден тағы бір мысал келтірейін.
Жоғарыда айтқандай бизнесте бағыт-бағдар берді, табысымыз молайды, мен ол кезде оңтүстіктемін. Астанаға бір келгенде шамалы қаржы ұсындым, «мынау біздің рахметіміз сіздің берген ақыл-кеңесіңізге» деп. Ол кісі бұған мүлде қарсы болды!
– Біріншіден, менің айлығым, бала-шағамның табысы бізге толығымен жетеді.
Екіншіден, мен білгенімді ініме айтып, үйреткенімді пұлдасам, біздің аға-інілігімізден не қайыр?!, -деп ұялтты. Сол кезден бастап екеуміздің араласуымыз басқа арнаға түсті.
Ағамның досқа, бауырға, жора-жолдасқа адалдығы өз алдына бір төбе, өз алдына зерттелетін жазылмаған дастан.
Мырзекеңнің Әбіш Кекілбаев ағасымен, Фариза Оңғарсынова апасымен достығы, араласуы өз алдына бөлек дүние. Ондай биік, шынайы, кіршіксіз араласу – әр адамға бұйыра бермейтін қасиет. Басқа да творчестволық тұлғалармен жас айырмашылықтарына қарамай, тереңінен араласты. Ауылдағы ағайынды да терең түсіне білетін, сезінетін, өзіне тартып алатын жүрегінде үлкен жылылығы болатын. Ол жылылық та кіршіксіз тазалықтың, адалдықтың жүрекке беретін жылу екенін бүгін сезгендеймін.
Абайдың бар қазақтың бойында болса екен деген қасиеті сенде екенін неге кеш сездім екен?!. Аға, енді ол жылуыңды кімге бересің? Мына дерттің кесірінен ол жылуды қара жерге де бере алмайсың-ау, әттең!!!
Ағамды жүзбе-жүз соңғы рет мені соттаған сот процесінде көрдім. Өзінің ауырып жүргеніне қарамастан, Зиба жеңгемді ертіп алып, соттан қалмай, қатысып отырды.
Түрмеден босап шықсам, ағаммен ұзақ сырласып, сөйлесемін, деп күтіп, армандап жүр едім.
Ол кісімен ел жөнінде, экономика туралы ауыл шаруашылығы, ауылдың тұрмысы жайлы өте көп ой бөлісетінбіз.
Енді оның барлығы жоқ!
Айналаң үңірейіп, босап қалған секілді.
Жалпы Мырзекеңмен қай тақырыпқа әңгімелессең де, өте қызықты, молынан сусындайсың.
Ағамның бойында қазаққа үлгі болатын қасиеттер толып жатыр. Оны кезінде тиісті мамандар айта жатар.
Менікі жай сағыныштың, өкініштің, арманның бір тамшысы ғана!
Кеше естігелі бері қатты күйзелдім. Кешеден бері міне бір тәулік болды, көз іле алмадым... Ағаларым, інілерім, көрінбес жаудың құрбаны болып жатқан барлық Отандастарым, сендердің рухтарыңның алдында уәде беремін! Жақын арада күндіз-түні ойланып, барлық тәжірибем мен білімімді пайдаланып, көрінбес жауды жеңудің нақты жоспарын ұсынатын боламын!!!
Ислам ӘБІШ
19.07.2020 жыл
сағ: 14.00.
Қазақ үні