Ұлт болашағы - ұрпағынан
2020 ж. 18 шілде
1039
0
«Бала – біздің болашағымыз!» - деп жатамыз. Дұрыс, ұлт болашағы ұрпағынан екеніне ешкімнің таласы жоқ. Білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, мемлекет, ата-ана, мектеп, қоғам болып ынтымақтасып, бұл жауапты іске бір кісідей белсене атсалысуымыз қажет. Жақында әлеуметтік желідегі Фейсбукте өткен Antikor.live конференциясында осы маңызды мәселе кеңінен сөз болды.
Биылғы жыл коронавирус індетінің таралуына байланысты бүкіл әлем жұртшылығына айтарлықтай қиындық пен қауіп-қатер әкеліп отырғаны белгілі. Біздің елімізде де бұл вирусты жұқтырғандардың саны мыңдап саналып, қатаң карантин жарияланды. Көпшілігі сырқатынан жазылып шыққанына қарамастан індет жүздеген адамдарымыздың өмірін қиып кетті. Қатер әлі де сейілген жоқ. Конференцияда «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының басшысы, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын пандемия кезіндегі балалар құқығын қорғау жұмыстары жөнінде баяндады. Қордың аты мен қызметі бүкіл елімізге жақсы таныс. Қазақстанда емделмейтін, ауыр науқас балаларға көмек көрсетуге бағытталған «Балаларға өмір сыйла», «Жетімдерсіз Қазақстан» және «Аутизмді жеңеміз!» қайырымдылық шараларының бастамашысы және ұйымдастырушысы. Қоғамдық қордың арқасында еліміздегі мыңдаған балалар сырқатынан жазылып қатарға қосылғаны белгілі. «Бақытымызға орай, ересектерге қарағанда балалар коронавирусты жеңіл өткереді. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Барлық ауырған балалар коронавирусты жеңіл формада өткізді. Дегенмен, бұл пандемия балалардың өміріне айтарлықтай әсер етті. Балабақша мен мектептен бастап, интернат пен балалар үйінде де карантин жалғасуда. Әрине, оңай емес. Балалар мен ата-аналарға сабыр мен төзім қажет. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті ата-ана қарауынсыз қалған балалар мекемесіндегі жағдайды үнемі қадағалайды. Әр сәрсенбі сайын барлық мекеме директорларымен онлайн жиналыс өтеді. Өкінішке қарай, ауру ошақтары да бар. Мәселен, Аягөз интернатында 40-қа жуық адам – қызметкерлер мен балалар ауырып қалды. Балалардың ауруды жеңіл өткеріп жатқаны хабарланды. Қазір онда тәжірибелі педиатр жұмыс істеп жатыр. Жағдай реттеледі деп ойлаймыз», - деді Аружан Сайын Antikor.live конференциясында. Оның айтуынша, өзге де ауыр сырқатқа ұшыраған балаларға да мүмкіндігінше нақты көмек көрсетіліп жатыр. «Біз оларға қажетті құралдарды барынша көп алуға тырыстық. Мысалы, эпилепсия диагнозы бойынша препараттар ала алмадық. Жақын арада аламыз деп үміттенемін. Осы орайда катетер алып, балаларды бір жылға қамтамасыз етуі тиіс болған жергілікті атқару органдарына шағымданғым келеді. Менде әлі барлық өңірлердің катетер сатып алғаны туралы ақпарат жоқ. Бұл катетерлер Қазақстанда өндіріледі, бірақ бірде-бір әкімдік бұл зауыттан бұйым сатып алмаған. Өзге шетелдік өндірушілерден импорттық заттар алдырған», - деді спикер. Сонымен бірге Аружан Сайын мемлекеттік сатып алулар мәселесінің ашықтығы мен тазалығын қарауды өтініп, ҚР Президентіне хат жолдағанын айтты. «Әзірге 177 млн теңгеге көмек көрсетілген. Қазақстанның барлық клиникалары коронавирус инфекциясы бойынша біздің қорға хабарласа алады. Әрине, біз барлығын тауып бере алмаймыз. Катетер өндіретін зауыт алғашқы партиясын – алдыңғы шикізаттардан жасалған бұйымдарды 95 теңгеден берді. Ал соңғы шикізаттар бойынша шамамен 150 теңге болды. Мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, мемлекеттік сатып алулар саласын тексеруді сұрадым, әкімдіктердің қажетті бұйымдарды үстемеленген бағамен алып жатқанын айттым», - деді Аружан Сайын.
Мемлекет тарапынан кей санаттағы азаматтарға карантин кезінде 42 500 теңге көмек көрсетіліп жатыр. Бірақ ол да тұрғындарды тап болған қиындықтан толықтай құтқара алмайды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын бүгінгідей дағдарыста мұқтаж отбасыларға көмек көрсетудің өзіндік жаңа жолдарын ұсынды. «Көпбалалы аналарға, жалғызбасты аналарға берілетін жәрдемақылар толық көлемде төленіп келеді. Мүгедектік сынды куәліктің мерзімі өтсе, оны қайта куәландырудың қажеті жоқ, автоматты түрде үш айға созылады. Ал 42500 теңге төлемге айтар уәжім бар. Әрине, халықты қолдау шараларымен экономистер айналысады. Дегенмен, мен балалардың санына қарай көмек көрсетуді ұсынамын. 42500 теңге алатын еерсек адамның бір немесе бірнеше баласы болуы мүмкін. Ресейдің тәжірибесіне қарар болсақ, ондағы жәрдемақы бала санына қарай беріледі. Мұнда қисын бар дер едім. Өйткені 42500 теңгемен бір адам өмір сүруі мүмкін, бірақ бірнеше балаға жеткізу мүмкін емес», - деді Аружан Сайын. Спикер бұл мәселені жедел қарастыру қажеттігін ерекше атап өтті. «Біз үшін карантин – күтпеген оқиға болды. Бұл наурыз-сәуірдегідей қатаң карантин емес, дегенмен оны қайтадан енгізетінін ешкім күтпеді. ҚР Қаржы министрлігі, Еңбек министрлігі тарапынан бұл мәселені жедел түрде қарастыру қажет. Ресми түрде бұл ұсынысты ешқайда жібермедім, өз командамыз ішінде ғана талқыладық. Бүгінгі эфирді пайдалана отырып, көпшілікке жариялап отырмын, ал егер ресми түрде қажет болса, жоғары құзырлы орындарға да жіберемін», - деді қоғам қайраткері.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл осы онлайн конференцияда Қазақстанда бала асырап алуда қандай кедергілер бар екенін ашық айтып берді. Шынында дәп осы мәселе мемлекет тарапынан баса назар аударуға тұрарлық дер едік. Бұл туралы қоғамда бірнеше жылдан бері айтылып келе жатса да осы күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. 2006 жылдан бері аталмыш қор «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасы арқылы еліміздегі жетім балалардың санын азайту үшін жұмыс істеп келеді. Бұл туралы мерзімді басылымдарда жазып, түрлі жиындарда талқылады, соның нәтижесінде заңнаманы өзгертуге де қол жеткізген-ді. Ата-ана қарауынсыз қалған бала балалар үйіне түседі. Әрине, елдегі әлеуметтік жағдай жоғары болған сайын, ата-аналар да балаларын қалдырмас еді. «Аналар үйі» де көптеген әйелге баласымен паналауға мүмкіндік беріп, балалар үйінің азаюына ықпал етті. Мұнда әйелдерге жаңа кәсіп үйреніп, оқу оқып, өз аяғына тұрғанша көмек көрсетіледі. Осы бағыттағы нақты жағдайды нақылау үшін қараусыз қалған балалар туралы деректер банкін ашқан болатын. Қазақстанда мыңдаған адамдар балалы болғысы келеді, бала асырап алғысы келгенмен кедергілер көптігін нақты мысалдар келтіріп ашып айтты Аружан Саин. «Маған түрлі шағымдар келеді: талап етуге құқығы жоқ құжаттарды сұратады, баланы таңдауға мүмкіндік бермейді, құжаттарды жинап әкелген адамға да «бала жоқ» деп жауап береді. Қалайша жоқ? Балалар үйіндегі әр бала отбасында өмір сүруге лайықты. Мұның барлығы мемлекеттік қаражат есебінен жұмыс істейтін мекеме жүйесіне байланысты болып отыр. Мұндай мекемеге әр бала үшін айына 200 мың теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бала көп болған сайын, ақша да көбейеді. Мұндай біртұтас қатып қалған жүйені бұзу қиын. Олар үшін балалар үйінің жабылмай, жұмыс істеп тұрғаны тиімді. Ал, әрбір баланың тағдыры мен болашағы оларды ойландырмайды. Біз түрлі өңірлердегі прокуратуралармен жұмыс істейміз. Олар бұл саладағы ауқымды жымқыру фактілерін анықтап отыр. Балалар – бұл жүйенің тұтқыны, өседі де қайда барарын білмейді. Егер әр бала өз отбасын тапқанда, бала болашағы да, жағдай да басқаша болар еді. Ол үшін бұл мәселенің жалғыз шешімі – балалардың отбасында тәрбиеленуін қамтамасыз ету», - деді А. Сайын.
Әңгіме барысында спикер балалар үйінде тәрибеленгендердің мүлік мәселесі туралы да пікір білдірді. Бұл да қазіргі кезде өте маңызды. «Көптеген балалар ата-анасынан, ата-әжесінен қалған мұрасы (пәтер немесе үй) бола тұра балалар үйіне түседі. Кейін балалар үйінен шыққанда, ешбір дүние-мүліксіз қалады. Сонда үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас қайда барады? Оған ешкім балалар үйінен шықтың деп бірден баспана кілтін қолына бірден ұстатпасы белгілі. Ондай мүмкіндікті мемлекет те қолма-қол жасай алмайды. Заң бойынша тиесілі баспаналарын жылдар бойы ала алмай жүрген жетім балалардың зарын естіп те көріп жүрміз. Біз бірнеше баланың ата-аналарынан қалған мұрасын өздеріне қайтару үшін күресуіне көмектестік. Волонтерлер құқықтық тұрғыда қол ұшын созды. Бірнеше жыл сотқа бардық, БАҚ өкілдерін шақырдық. Балалардың мүлкі бойынша мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуге тура келді», - деді уәкіл.
Байқап отырғандарыңыздай, осы бір ғана онлайн отырыстың өзі бірнеше күрделі мәселенің басын ашып берді. «Мейірімділік» ерікті қоғамдық қорының басшысы Аружан Сайын балаларға қатысты елімізде орын алған олқылықтарды саусағымен санап бергендей болды. Бұл кемшіліктер бүгін ғана пайда болған жоқ, ол жылдар бойы әбден қалыптасып қалған жағдай. Бала асырап алғысы келгендердің алдынан қияметтің қыл көпірін жасап қоятын лауазымдылар бүгін де бар. Жетім балалардың жұмыссыз қалып, баспанаға зар болып жүргендері де өтірік емес. Бұл мәселені «Мейірімділік» сияқты қоғамдық ұйымдар қайта-қайта көтергенмен түпкілікті нәтиже жоқ. Оның себебі неде? Бұл қоғам мен Үкімет арасында тығыз байланыстың, бір-бірін қолдау мен өзара түсіністіктің жоқтығын көрсетеді. Халық талабына құлақ асатын Үкімет, Үкіметтің оң бастамаларын қолдайтын халық болса көптеген мәселелер ешқандай у-шусыз, өз ретімен шешімін табар еді. Ал, болашағымыз балалар үшін бірігіп қимылдасақ ешкім ұтылмас еді...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz