Есіл бойына ел қондырған
2020 ж. 05 шілде
1159
0
Қазақстан Республикасы жаңа заман кезеңіндегі еуразиялық кеңістікте ірі аймақтық держава дәрежесіне ие халықаралық қатынастар жүйесінде белсенді роль атқаратын ел. Нарықтық экономикасы серпінді дамыған және ірі экономикалық, өнеркәсіптік, ғылыми, мәдени потенциалы мен жаңа инновациялық технологиясы мол мемлекет. Мұның бәрінің басында Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұр.
Ата даңқын, елдік салтын жалғастыра білген Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1997 жылы Қазақстанды болашаққа бастайтын 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясын бекітіп, ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді.
Қарттарын қазынаға балаған халқымыздың асыл қасиетін бойына сіңірген Елбасымыздың үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізеттілік танытып, ел басқаруда ата-бабаларымыз салған сара жолын ұстанғанына тарих куә.
Шынында, ел еңсесінің тік, мұратының асқақ, мерейінің үстем болуы мемлекетті басқаратын басшы мен оның саясатын жүргізіп отыратын қосшыларына тікелей байланысты. Сондықтан, халқымыз әлімсақтан ел билеген хандардың хақ пікіріне жүгінген, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп билердің әділ шешімін бойына сіңірген, «асып туған азамат, халыққа үлкен бел болар» деп адал басшының соңынан ерген.
Мұндай тәжірибені әлемдік саясаттан әлі ұшыратуға болады.
Сингапурдың ел құрметіне бөленген Президенті Ли Куанг Ю сұңғыла басшы ретінде өз елінің ғана емес жаһанның бірнеше мемлекеттеріндегі ақыл-ойдың таусылмас қазынасы іспетті зиялы қауымының басын біріктіріп, олардың интеллектуалдық қабілетін Сингапурды серпінді елге, қуатты мемлекетке айналдыру ісіне жұмылдырды. Сингапурдің жүріп өткен жолы қариялардың, бағасы биік, бәсі зор асылдардың жолы екенін өзгелерге паш ете білді. Ақсақалдан ақыл сұрап жүгінген, батасын алып, құрмет тұтып саясат саңлағы бұдан еш ұтылған жоқ болатын.
Он сегізінші ғасырда үш жүздің басын біріктірген Абылай бабамыз ұлан-ғайыр қазақ жеріне көз алартқан орыстың содыр тоқпағына, қытайдың жымысқы оспағына бірде найзасын, бірде айласын жұмсап, шебер дипломатиялық саясатпен екеуіне де бодан болмай, ұлттық тәуелсіздігімізді сақтай білген екен. Адамда арман таусылған ба, көз жұмарында ақылманы Бұхар бабамызға: «Мен ел билеген жаугершілік заманда қан көп төгілді, халқымның басын біріктіре алмадым, екіншіден, көшпелі халыққа жер емшегін емуді үйрете алмай кетіп барамын, үшіншіден, қала-кенттер салуға үлгермедім» – деген өкінішін айтқан екен.
Сарабдал саясатшы Н.Назарбаев Абылай бабамыздың ақжолын жалғап, қас-қағым сәтте тәуелсіздігімізді тұғырлы қылып, шекарамызды бекітіп, халқын ортақ мақсатқа жұмылдырды, сан халықты бір ұлттың баласындай ұғыстырды, Алаштың айбынын асырып, айдынын тасытып, Арқа төсінде Астана тұрғызып, Қазақ атын әлемге паш етті.
Дәл сол кезде Елбасымыз Елорданы Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы тағы бір батыл қадам жасады. Өтпелі кезеңнің өкпек желі қос өкпеден қысқан сол мезгілде Астананы көшіру ақылға сыймастай болып көрінген болатын.
Әрине, бастапқыда бұл бастамаға қарсылық білдіргендер де, түсіністік танытқандар да болды. Алайда, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде алға қойған стратегиялық мақсаттарымыз жүзеге асырылып, еліміз таңдаған жолдың дұрыстығының айқын дәлелі болды.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Парламент сессиясының жалпы отырысында елорданы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын паш етіп, 1994 жылдың 6 шілдесінде жаңа астана, елорда деген ұғымдар алғаш рет тарих сахнасына шығып, қазақ санасында мәңгілік салтанат құрды.
Елбасының: «Жаңа Астана елдігіміздің айбыны болады, экономикамыздың локомотиві болады. Әлі-ақ Арқа төсінде әлемде теңдесі жоқ қала тұрғызамыз» деген сұңғыла сәуегейлігін тарих таразылады, уақыт дәлелдеді. Астана тарихы Елбасының ерен тұлғасын, қайраткерлік, саясаткерлік іс-қимылдарын айқын сипаттайды.
Әлем елдерінің астана салу тарихына қатысты бірер мысал.
Философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы былай деген болатын: «Заманында жаңа астана Санкт-Петербург – жаңа саясаттың символы болды. Бірінші Петр астананы жаңадан жасау, өзгерту жоспарларымен туған жоқ, өзінен бұрынғы ізашарларының, мемлекет қайраткерлерінің ой-арманын, ісін жалғастырды».
АҚШ-та астана таңдау мәселесі дауға айналған: солтүстіктегілер солтүстікте, оңтүстіктегілер оңтүстікте болғанын қалаған. Уақытша астананың – Филадельфияның тұрғындары таңдау олардың қаласына түсетініне күмәнданбады. Джордж Вашингтон елдің басын қосатын жолды іздеді. Сондықтан астананың орнын солтүстік штаттар мен оңтүстік штаттардың қиылысқан тұсынан, федералдық жерге салды.
Философ Освальд Шпенглер «Ұлттар дегеніміз – қала салушы халықтар» деген еді.
Бүгін Тәуелсіздіктің арқасында қазақ ұлты қала салушы өркениетті ұлттардың қатарынан табылды.
Иә, бүгінде бас архитекторы Елбасының өзі болып табылатын Нұр-Сұлтан қаласы ұлан-ғайыр мемлекетіміздің күретамырына, халқымыздың қасиетті шаңырағына, жаһанға танылған жұртымыздың айдыны мен айбынына, әлемдік деңгейдегі саяси, мәдени, экономикалық шаралар өткізетін Елордаға айналды.
Еліміздің жүрегін өркендету облыстар арасындағы байланысты күшейтудің және жаңа рыноктар ашудың тегеурінді ынталандырғышына айналды.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы – экономикасы қарыштап дамып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның жарқын символы, еліміздің әлемдік аренадағы бейнесі. Елбасының: «Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол алтын күні жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды.
Ол әрбір азаматтың жүрегінде, шаңырақтың төрінде, елімізде бой көтерген әрбір үйде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрады. Ол біздің экономикамыздың өсімімен, әрбір жаңа өндіріс орнымен, ұлан-ғайыр Отанымызға төселген әрбір күре жолмен, дала төсіне өнген әрбір тонна алтын дәнмен нығаяды», – деген тілегіне тілек қоссақ, жұдырықтай жұмыла ел үшін еңбек етіп, сақ заманындағы би атамыздың: «Арманның жолы қиқалаң, Адалдың жолы төте еді. Жақсы-жаман әркімнің арасынан өтеді. Араздаспай, таласпай, тату жүрсең не етеді. Ынтымағы бар болса, бұл дүниенің қызығы бәріне түгел жетеді» – деген аталы сөзін есімізде ұстайық.
«Ұлым деген елі барда, Елім деген ұлы бар», Елбасының туған халқына сіңірген өлшеусіз еңбегін бағалап, дұрыс саралап, ауызбіршілік танытып, саяси мәдениеті жоғары ел екендігімізді әманда паш етіп жүрейік деймін.
Мирболат ЕРСАЕВ
qazaquni.kz