Бар білімнің бастауы балабақша
2020 ж. 13 шілде
1874
0
Еліміздегі білім саласының қарқынды дамуы бүгінгі мектепке дейінгі білім беру ісінің дамуымен тікелей байланысты екені сөзсіз. Өйткені, бар білім балабақшадан бастау алады.
Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту ісі – мемлекеттің саясаттың негізгі бір бөлігі. Бала біздің жарқын болашағымыз. Сол себепті, әрбір баланың дамуына жіті назар аударып, оны тәрбиелеу мен оқыту мемлекетіміздің кемел келешегінің кепілі десек артық айтқандығымыз емес. Сондықтан да, ел болашағына айрықша назар аударған Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан он жыл бұрын «Балапан» бағдарламасын қолға алып, еліміздегі әрбір бүлдіршінді балабақшамен қамту ісіне зор көңіл бөлді.
Осынау мәні мен маңызы зор мемлекеттік бағдарламаның алдына қазақстандық балаларды мектеп алды тәрбиесімен 70% қамту жөніндегі міндеті қойылды.
Бағдарлама өзінің алға қойған мақсатына сәйкес, 2015 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен мектепке дейінгі жастағы балалардың 77 %-ының, ал 2020 жылға дейін – 100 %-ының толыққанды қамтамасыз етілуін жоспарлаған-ды. Бүгінде осы жоспар аталмыш бағытта жүйелі жұмыс жүргізудің нәтижесінде кезең-кезеңімен жүзеге асып, өз нәтижесін беріп келе жатқаны көңіл қуантады. Қазіргі таңда республикадағы демографиялық жағдайды және халықтың білім алуға деген қажеттілігін ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдардың вариативті желісі артқан.
Мемлекет тарапынан көрсетілген зор қолдаудың арқасында мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту заман талабына сай жаңа бағдарламалар мен тың технологияларды қолдану арқылы іске асып отыр. Бұл бағытта қолға алынған үздіксіз білім беру ісі мектеп жасына дейінгі әрбір баланың зияткерлік, тұлғалық, әлеуметтік, эмоционалдық дамуына жол ашып отыр. Бұл тұрғыда табанды еңбек етіп келе жатқан білім беру мекемесінің бірі – Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №179 «Бөбекжай» балабақшасы екендігін атап өтуге тиіспіз.
Аталмыш балабақшаның қызметкері ретінде мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту және тәрбиелеу ісімен ерекше ықыласпен айналысып келе жатқанымды мақтанышпен айтамын. Бұл бағытта әрбір маман бүгінгі заман талабына сай түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып келеді. Солардың бірі – мнемокесте арқылы баланың дамуына ықпал ету. Мнемокесте дегеніміз – тіл дамытуда тиімді есте сақтау, оны жеткізе білудегі әдіс пен тәсілдер жүйесі. Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда мнемокестені пайдалану өте тиімді тәсіл саналады. Аталмыш тәсіл буынтық кестелер, тірек сызбаларды қолдану арқылы жүзеге асады. Өз кезегінде мнемокесте баланың сөздік қорын байытуға жол ашады. Осылайша әрбір маман тыңнан түрен салып, баланың дамуына, оның өз ойын ашық жеткізе алатын еркін ойлы тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Тәрбиешілердің тынбай еткен еселі еңбегі мен ізденісі – елдің жарқын болашағына бастаған игі қадам.
Мира ЕЛУБАЕВА
№179 «Бөбекжай» балабақшасының тәрбиешісі
Алматы қаласы
qazaquni.kz