"Екі күнде 40 млн жиналды": Қайрат Жолдыбайұлы қайырымдылық акциясы туралы айтты
2020 ж. 12 шілде
2312
0
"Қазақ үні" ақпарат агенттігіне белгілі дінтанушы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлы хабарласып, коронавирус індеті салдарынан туындаған қиын жағдайға байланысты қайырымдылық акциясын ұйымдастырғандарын жеткізді.
Оның айтуынша, бұл шараға танымал өнер қайраткерлерінен бастап қарапайым тұрғындарға дейін барлығы ниет білдіріп, қолдарынан келгенше көмек көрсетуде екен.
- Акцияны жариялаған азғантай уақыт ішінде қарапайым халықтың ізгілікке деген құштарлығы соншалық каспий голдқа 100, 200 теңгеден бастап шама шарықтарына қарай түні бойы толассыз аударып жатты. Сонымен екі күнде жиналған қаржы 40 миллионға жуық болды. Бұл ақшаға 210 дана оттегі концентраторын аламыз. Бүгін де жібереміз деп азаматтар хабарласып жатыр. Заводқа алғашқы партиясына кеше тапсырыс берілді. Ендігі партиясына ақшаны алдымыздағы сейсенбі таңертең жібереміз. Одан кейін қаржы жиналып жатса, келесі партиясына тағы да жіберетін боламыз.
Кеше Қазақстанның барлық аймақтарынан жастар, кәсіпкерлер хабарласып ауылдарына, аудандарына, қалаларына бір неше данадан алатындарын айтып, ақшаларын жіберді. Үлес қосқан барша азаматтардан Алла разы болсын! 28 дана оттегі концентратордың қаржысын жинап берген Жаннат Бақыт, айрықша үлес қосқан Кәмшат Бекжігітова қарындастарыма, құжаттарын реттеуге көмектесіп жатқан Берік Уәлиге, үндеуіміздің халыққа көбірек жетуіне атсалысқан Сайлау Қамиев, Айгүл Иманбаева, Ардақ Назаров, Айболат Жанғали, Бекжан Тұрыс, Айнур Тұрсынбаева, Серік Аббас-шах, Сакен Майғазиев, Досымжан Таңатаров, Нүркен Өтеуіл, Аманжол Әлтай, Алтынбек Әбіш, Құрмаш Махан, Серікзат Дүйсенғазы, Бейбіт Кушкалиев, тағы да басқа аты аталмаған азаматтарға алғысымды білдіремін. Мұндай шаралар халықты тек біріктіреді. Баршаңыздан Жаратқан разы болсын! - деді Қайрат Жолдыбайұлы.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі де аталмыш акцияның әлі де жалғасып жатқанын хабарлайды. Көмек қолын созамын дегендер болса, Каспи Голд 4400 4301 8760 4258 Sara Korkulova атына аударым жасай аласыздар.