ҚАЗАҚША БІЛМЕЙТІНДЕР ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТУІ ТИІС - Арзу Гурбанова
2020 ж. 01 шілде
1425
0
Бүгін, 1 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті.
Аталмыш шара ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жалғастырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегін айшықтауға бағытталған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді.
Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты.
Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды.
Жиын барысында сөз алған Шымкент қаласы әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу ГУРБАНОВА "ҚАЗАҚША АҚПАРАТ БЕРЕ АЛМАЙТЫНДАР ҚЫЗМЕТІМЕН ХОШ АЙТЫСУЫ ТИІС" деп өз ойын ашық жеткізді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында ана-тілімізді сақтап, өз тарихымызды терең дәріптеу жөнінде кеңірек айтып өтті.
Олай болса, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жолында әрқайсымыз өзіміздің азаматтық міндетімізді атқаруымыз керек.
Демек, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктетіп, оның қай салада болмасын кеңірек етек жаюына әрбіріміздің қосар үлесіміз бар. Ол үшін мемлекет басшысы айтқан барлық игі іс – шараларды қос қолдап қолдаған жөн.
Осы тұрғыда мен бір ұсыныс жасағым келіп тұр. Қазір тіл үйрену үшін жаһандық пандемияға айналған індет кезіндегі карантин уақытын үнемді пайдалануға болады. Бұрын қазақ тілін үйренуге уақыт таппайтын болсақ, қазіргі таңда уақытымыз жеткілікті. Сол уақытымызды үнемді қолданып, қазақ тілін үйренуге шақырамын. Бұл тек өзге ұлттарға ғана емес, барша Қазақстандықтарға тиісті деп ойлаймын.
Телеарналардан қазақ тілін үйренуге арналған бағдарламалар мен мультфильмдер, он минуттық шағын фильмдер мен роликтер де жиі көрсетілгені жөн. Күніне бірнеше мәрте қайталап көрсетсе де артық етпейді.
Бұдан бөлек, қазақ тілінде сөйлеу мақтанышқа айналуы үшін, қоғамда қажеттілікті арттыру қажет. Парламент жиындары, баспасөз мәслихаттары мемлекеттік тілде өтіп, халыққа қазақша ақпарат бере алмайтын шенділер қызметімен хош айтысуы тиіс.
qazaquni.kz