ЖАЛҒАН ЖАНАШЫРЛАРДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Қазақ қоғамы қыл көпірдің үстінде тұр

"Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн»

ҚР Президенті Қ.Тоқаев

Осы айдың 25 күні «Ана тілі» газетінде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген атпен көлемді сұхбаты жарияланды. Бұндай сұхбат күнде беріле бермейді және онда Қазақ тілінен бастап талай мәселе қамтылды. Ал, ертесіне, 26 маусым күні «Zona.kz» интернет-газетінде Алишер МАКСУДОВ дегеннің «Отыз жылда қазақ тілінің дамуына құйылған инвестиция өзін-өзі ақтамағанымен қоймай, кейде теріс нәтиже де тудыратынға ұқсайды» (бұл жерде және ары қарай аударған біз – Ө.А.) деген мақаласы орыс тілінде жарық көрді. Оның қазақ тіліне қатысты жерін қысқартып берсек мынадай болып шығады (үзінді көлемділеу, есесіне қаржы тұрғысынан өте қызықты, сол себепті беріп отырмыз): «...Ресми есеп бойынша осы күнге дейін үш онжылдықты қамтыған үш тіл бағдарламасы жасалды, атқаруға қабылданды және жүзеге асырылды. Оның алғашқысы 1990-2000, екіншісі — 2001-2010, ал үшіншісі – 2011-2020 жылдарды қамтыды. Тек 1989 бен 2005 жыл аралығында Қазахстанда тілдерді дамытуға шамамен $108 миллион жұмсалды. Салыстырар болсақ, Қырғызстанның 2002 жылғы бюджеті $170 миллионға сәл жетпеді. Ары қарай – одан да көп. 2006-2009 жылдарға жұмсалған мемлекет қаржысы $106 миллион теңгені құрады. Келесі онжылдықтың бағдарламасы үш кезеңге бөлінді: 2011-2013, 2014-2016 және 2017-2019 жылдар (2010 жыл қайда жоғалып кеткен?..). Бірінші кезеңде 19,1 млрд.тенге, екіншіде — в 9,7 миллиард, ал үшіншіде — 7,3 миллиард теңге жұмсалды. Қалай болғанда да, бір нәрсе анық. Қырғызстан өзінің мемлекеттік тілін (біздегідей тілдерді емес – Ө.А.) дамытуға мыңдаған есе болмаса да жүздеген есе аз ақша жұмсады. Ол жақ пен бұл жақ қандай нәтижеге жетті? Бір ғана мысал келтірейік. АО «Eurasian Foods Corporation» немесе бұрынғы Алматы маргарин зауыты шығаратын «Шашлычный кетчуп три желания» өнімін алайық. KZ маркасымен берілген шығару мәліметінде қазақша «Кәуаптық кетчубы», KG маркасымен (қырғызша — «Шишкебек кетчубу», ал UZ маркасымен (өзбекше) — «Kabob ketchupi» деп берілген. Өнім де, оның нұсқаулығы да Қазақстанда жасалғанына қарамастан, қырғызша және өзбекше дұрыс, қазақша қате жазылған. Осыдан келіп сұрақ туындайды: миллиардтар қайда жұмсалды?» Дұрыс, өте дұрыс! Бірақ, басты мәселе бағдарламада, ал, олардың бір де біреуінде кеше президент Қ. Тоқаев айтқандай қазақ тіліне деген қажеттілік тудыру жайлы бір ауыз сөз айтылмаған. Қажеттілік жоқ жерде тілді дамытамыз деу – барып тұрған бос сөз, екіжүзділік. Отыз жыл болды ғой, әр нәрсені өз атымен айтатын кез келген шығар!.. Мен журналистикаға келген 17 жылдан бері «басты мәселе – қажеттілікте, сұраныс ұсыныс тудырады» деуден жалықпаудамын. Ал мына А.Максудов сияқты қазақ тілінің жалған жанашырлары тілдің грамматикасы, синтаксисі, қазақ тілінде әлемді таңғалдырар дүниенің туу-тумауы (бейне бір екінші «Илиада мен Одиссея» немесе «Ромео-Джульетта» жазыла қалса, жұрт жаппай соны үйренуге отыра қалатындай), қазақша үйрететін көрнекі оқулықтардың, сөздіктердің, т.т. аздығын тілге тиек етуден танбай келеді! Бірақ, бұл жайлы сәл кейінірек... Біздің заманымыздың Сүлеймен-асатқыштары Дәл сол 26 маусым күні, орыстілді белгілі журналист Мирас Нурмуханбетовтың KZ.MEDIA cайтында «Нуротворец Токаев» деген, сыни екені тақырыбынан-ақ айқайлап көрініп тұрған жазбасы жарық көрді. Мен бұл мақаланы Тоқаевқа адвокат болу үшін жазып отырған жоқпын. Біріншіден, құрметті Президент менің қорғаушылығымды қажет ете қоймаса керек. Екіншіден, мен журналист билікке әрқашан оппозицияда болуы тиіс деген ұстанымдамын. Дегенмен, оппозицияда болу «әділеттіліктен таю» дегенді білдірмейді. Мирастай тәжірибелі журналист әдейі біржақтылыққа салынып отырғаннан кейін, «сөйлейтін жерде сөйлемесең, сөз атасы өледі» деген ежелгі ата-бабамыздың қағидасы қолға қалам алғызды. Сонымен, Мирас не дейді? Ол былай дейді: «Похоже, заслуженный дипломат и президент-черпак (отслуживший больше года) ввел в политический оборот новое слово – «митингизм». ...Мол, новый антимитинговый (де-факто) закон очень даже хороший и правильный, но (цитата) «некоторые граждане, получающие гранты от международных правозащитных организаций, необоснованно выступают против этого закона. По их мнению, они должны сами решать, когда, с кем и где они выйдут на митинги. Порой они требуют участия в митинге иностранных граждан и несовершеннолетних детей, я считаю, это неприемлемо. Таким людям не нужно покоя и стабильности». Евгенийсаныч (Жовтис – ред.), это он, наверное, вас имел в виду». Біріншіден, мен «президент-черпак» деген анықтауыш дұрыс емес деп ойлаймын. Кім болғанда да, мемлекеттің ең жоғары лауазымы құрметтелуі тиіс. Әсіресе, жемқорлық секілді жаман қырынынан көріне қоймаған Тоқаев секілді таза басшы үшін. Сынағанның жөні осы екен деп, әркімнің аузына келгенін айтуына жол беруге болмайды. Әрине, ата-анасына «сен» дейтіндерге ол ерсі емес, ал, қазақы тәрбие тұрғысынан нағыз көргенсіздік. Тілі жаттың ділі жат, тәрбиесі бөлек деген осы ғой... Екіншіден, Тоқаев, әрине, бұл жерде Евгений Жовтисті айтып отыр. Рас, шеруге шығатындар кіммен шығатынын өздері шешкен жөн, бірақ, Қазақстанды қонағы билейтін жаман елге айналдырғысы келетін Жовтистерді бетімен жіберсең не болатынын белгілі ақын Қазыбек Иса «Жовтистің соңына еремін деп, сорымыз қайнап қалмасын» деп, "халықаралық заңгерге" еліміздің Конституциясының тиісті баптарын түсіндіріп, әдемі жеткізді. Одан артық оған сөз шығын қылудың қажет жоқ. Үшіншіден... Мирас тағы сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді: «А дальше Касым-Жомарта понесло. «В последнее время в Казахстане наблюдается «митингизм». Чаще всего наших граждан провоцируют из-за пределов страны. Но в стране должна быть стабильность…». Это он уже про Мухтара Кабуловича (Аблязова), наверное. Или про Акежана Магжановича (Кажегельдина)». Мирас, әрине, сол екеуін айтып отыр, оның несі түсініксіз болып қалды дипломы бар журналистке?!. Мен олар жайлы өз пікірімді Қ.Тоқаевқа арнаған «Қазақ елі қайтсек көгереді?» деген ұсыныс-мақаламда білдірген болатынмын: «Екіншіден, ауыр қылмыс істеген кәнігі (рецидивист) қылмыскерлерден басқаның бәріне (өйткені, олардың 75-80 пайызы қосақ арасында кеткен немесе болмашыға бола отырғандар), оның ішінде саяси себеппен сотталған Арон Атабектен бастап, Әкежан Қажыгелдин мен Мұхтар Әбләзовке дейін жаппай амнистия жариялаңыз, олар талантын, тәжірибесін, білімі мен қаржысын, қысқасы, бәрін-бәрін Қазақстанның игілігіне жұмсауына мүмкіндік алсын». Біреуі "сүттен – ақ, судан – таза" болып көрінгісі келетін, екіншісі "ешқашан жеке адамның да, мемлекеттің де бір теңгесін немесе долларын алмағандығын, бәрі өзінің ақылы мен еңбегінің арқасы" екендігін айтудан шаршамайтын-талмайтын, біздің заманымыздың Каупервуды, бірақ, екеуіне де ортақ нәрсе, көксегендері – қазақ ұлтының көгергені, қайта өрлегені, тарихтағы өзіне тиесілі орынын қайтадан тапқандығы еместігін, ұлттың тілінің, дінінің, ділінің, бүкіл бітім-болмысының әу бастағы жаратылыс-қалпымен қайта қауышқандығы еместігін байқамайтын, екеуіне де керегі тек билік екендігін көріп-сезіп тұрса да, әдемі, сұлу сөзге сеніп қалатын, аңғалдығы өзімен бірге кететін бауырларымыз әлі де көп болғандықтан, бұл екі азаматтың елге деген ынта-ықыласы шынайы десек, онда оларға қойылар бір-ақ шарт орындалғаны жөн білеміз. Екеуі де барлық қателігін мойындасын, тікелей эфирде елден кешірім сұрасын-дағы, соңында «осы айтқан сөзімнің бәрінің рас екендігіне Алла-Тағаланың атымен ант етемін, егер сөзімнің өтірігі шықса Жаратушы менің жанымды – өзінің аманатын алуына дайынмын» деген жалғыз ауыз сөз қоссын. Болды! «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейтін кеңпейіл, ақжүрек халықпыз, тексеріп-тергеудің керегі жоқ, жұмысын істей берсін. Бір жылдан асар-аспаста «ақ» ия «қара» екені белгілі болады – адамды алдауға болады, Алланы алдай алмайсың, егер алдаса, қалай о дүниелік болғанын олар өздері де байқамай қалады... Осы жерде көрнекті жазушы Хамза Есенжанов ағамыздың «Ақ Жайық» трилогиясы еске түседі. Сол кітапта, жаңылыспасам, Сүлеймен-асатқыш атанған кейіпкер бар-тұғын. Сүйлейменнің сүйріктей саусақтары ет асаттырғанға өте бір епті болып шығады. Ол не асатса да, қонағы сылп еткізіп жұтып қойғанын өзі де байқамай қалады екен. Ал, бұрынғы қалжыңы қатты қазақта еттің арасына тобық сияқты кіші-гірім сүйек салып асатып жіберетін әдет-ғұрып болған. Мен жоғарыдағы Мирастың мақаласындай дүниелерді оқып отырғанымда, есіме үнемі сол Сүлеймен-асатқыш түседі. Себебі, асатайын деп тұрған еттің арасына не жасырылып қойғанынан қонақ хабарсыз. Тіпті, жұтқанда да қинала қоймайды. Барлық бәле кейін басталады... Оның үстіне, «бір сынаған жаманды, екінші қайта сынама!» дейді ер Махамбет. Біреуі министр болып, біреуі премьер-министр болып қызмет істеп көргендер, есімдері халықтың жадында жақсы атымен жатталып қалғанын қаласа, кезінде екеуінің де қолында мүмкіндік болды, және ол аз мүмкіндік емес еді... Бірақ нәтиже керісінше болды... Горбачев синдромы Енді, мүмкін болса, сол сұхбат жайлы бір-екі ауыз өз пікірімізді де білдіре кетсек дейміз. Қазақ халқы да отыз жыл күткен бір керемет сөзді сол кешегі, «Ана тіліндегі» сұхбатта естіді. «Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті (қарайтқан – біз, Ө.А.) арттырған жөн» деді президент Тоқаев. Қазақ халқы жасы үлкенді, лауазымы жоғарыны өте қатты сыйлайтын халық. Оның өзін де, әрбір сөзін де үлгі тұтады. Сондықтан, басшының, оның ішінде, мемлекеттің Президентінің жеке тұлғалық қасиеті өте үлкен рөлге, маңызға ие. Ендеше, мен сол жоғарыда аталған 11-беттік мақаламдағы (оның электрондық нұсқасын Президент әкімшілігі 21.04.2020 ж.қабылдап алған болатын) бірінші ұсынысымды қайта салайын: «Бірінші. Қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тілге айналдырыңыз. Ол үшін тіпті ешқандай сөздің қажеті жоқ – алдыңызға келген құжатты қазақша дайындап әкелмесе, үн-түнсіз кейін қайтара беріңіз. Және барлық жиында тек қазақша сөйлеңіз. Бір жылдың ішінде өзіңіз де, бас маманнан бастап бас министрге дейін барлық әкім-қараңыз да, банкир менен соттарыңыз да қазақша мақалдап сөйлейтін болады. Конституцияның 7-бабының 2-тармағы өзінен өзі түсіп қалады». Президент болса, әрине, әсіре сақтыққа бой алдырады: «Дей тұрғанмен, біз әсіреұлтшылдық пен радикализмге бой алдырмауыз қажет. Сондай-ақ қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілінің мәртебесін шектемеуіміз керек. Жоғарыда айтқанымдай, тіл мәселесінің астарында үлкен саясат бар. Сондықтан бұл тұрғыда асығыстық пен жалаң ұрандату мемлекеттігімізге кесірін тигізуі мүмкін. Жалпы алғанда, жоғары оқу орындарында нақты ғылымдарды орыс тілінде оқыта берген жөн. Осы ретте бізге Малайзияның тәжірибесі үлгі бола алады. Бұл ел алғашқыда ағылшын тілінен бас тартып, кейіннен ойлана келе, оны жоғары оқу орындарында және дипломатиялық қарым-қатынастың құралы ретінде қалдырды. Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек. Бұл – уақыт талабы. Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал». Физиканың орысша «закон сообщающихся сосудов» деп аталатын заңы бар. Табиғаттың сол заңына сәйкес қазақ тілі дамыған сайын орыс тілі өз-өзінен шектеле бермек. Малайзияның тәжірибесі де бізге жүрмейді, олардың алып отырғаны ең қатты дамыған халықаралық тіл – ағылшын тілі. Дәл осы жерде нақ сол орыстардан үйренер ретіміз келіп тұр: шетел, оның ішінде неміс тілінің озбырлығымен күреске шыққан, ақыры сол күресте түптің түбінде жеңіске ие болған, М.Ломоносов бастаған орыс ғалымдарының жолымен қазақ тілін – ғылым тілі етуге кірісуіміз керек. «Бірақ бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет»,- дейді Қазақстан Президенті. Біздің де айтып отырғанымыз – осы. Осылайша жұмыс істемеген жағдайда «Горбачев синдромына» - істі жартыкеш істеу ауруына тап болуымыз мүмкін. Ал, оның немен бітетінін көрдік... Қолыңыздағы мүмкіндікті пайдаланып қалыңыз, Президент мырза! Өмірзақ Ақжігіт, "Қазақ үні"