Көпен Әмірбек. ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖИНАЛЫС
2020 ж. 01 шілде
3383
0
Парламент Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдап, Президент қол қойса, Қазақ тілі жүрмек түгілі жүгіріп кетеді...
Таяуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ана тілі" апталығына берген сұқбатындағы мемлекеттік тілдің рөлін арттыру туралы өзекті ойлары мен ұтымды ұсыныстары зор қолдауға ие болуда. Баспасөз беттерінде зиялы қауым өз пікірлерін білдіріп жатыр. Белгілі сатира сардары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек жалпы қазақ тілінің жүз жылдық жағдайын әр қоғамның айнасы болған айтулы тұлғалардың сөздерімен айшықты бейнелеп шығыпты. Оқыңыздар, ойларыңызды айтыңыздар!
"Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін оған деген қажеттілікті арттыру керек"
ҚР Президенті Қ.Тоқаев
Қырық жылдық қырғын, тоқсан жылдық топалаң, жүз жылдық соғысты тарих беттерінен таңырқап оқығанымыз бар. Ал енді жүз жылдық жиналысты құлағыңыз шалды ма? Басыңызды шайқайсыз, ә? Аузыңызды ашып, көзіңізді жұмып несіне таң қаласыз? «Жүз жылдық жиналысты естісем құлағым керең болсын!» дейсіз бе? Сенбейсіз, ә? Құлағыңыз тас керең боп бітеліп қалса да жүз жылдық жиналыстың жалғасып келе жатқаны имандай шындық. Күн тәртібінде – күрмеуі көп күрделі нәрсеге айналған бір-ақ мәселе: Ана тілімізді ардақтайық. Соғыстан да жаман сол баяғы бір әуен. Айтыс. Тартыс. Қырқыс. Абай хәкім айтқандай «Баяғы жартас – бір жартас». Ана тілінің көңіне көк шығарамыз деп небір дүлділдер мен бұлбұлдарымыздың сайрағанын білеміз. «Хайуан ғана ана тілін білмейді, ана тілін білмейтін адам хайуанмен бірдей» деді Паустовский. Қатты айтты деп қамыққан қазақ шамалы. «Қазіргі қазақтар ана тілін білмейді. Шіркін білсе еді ғой. Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр» деді Мәшһүр Жүсіп. «Өз тілін, өз тарихын білмейтін адам көш бастап жүре алмайды» деді Әлихан Бөкейхан. Құлақ астық па? Керуеніміз кері кетті. «Өз тіліне өгей баладай қараған адам өз ұлтын өлтіріп тынады» деді Гегель. «Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек» деді Вяземский. «Егер тіл мен мәдениетің (салт-дәстүр, әдет-ғұрып) жоғалса шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың. Бұл енді сенің елің емес» деді Нельсон Мандела. «Ана тілін білмейтін адамнан әділдік күтпе» деді Махатма Ганди. «Балаға басқа тілді өз ана тілін толық меңгергеннен кейін ғана үйретуге болады» деді Надежда Крупская. «Бала қай тілде тәрбиеленіп, білім алса, сол ұлтқа қызмет етеді» деді Жүсіпбек Аймауытов. «Бір елдің, ұлттың, халықтың тілін, мәдени ғұрпын, жақсы дәстүрін қорлаған адамды жазалау керек» деді Ленин. «Ана тілін білмейтін адам – мәдениетті адам санатына қосылмайды» деді Мұхтар Әуезов. «Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құр алақан қалады» деді Ғабит Мүсірепов. «Ана тілін білмейтін адам қолы жоқ, шолақ адам тәрізді» деді Ғабиден Мұстафин. «Халық өзінің ана тілімен ғана мәңгілік» деді Шыңғыс Айтматов. «Ана тілін білмеген ақылы жоқ желік бас. Ана тілін сүймеген елін сүйіп жарытпас» деді қырғыз ақыны Сарноғаев. «Егер ертең менің тілім өлетін болса, мен бүгін-ақ өлуге дайынмын» деді Расул Ғамзатов. Міржақып Дулатұлы «Қазақ тілінің мұңын» шақты. «Мен заманында қандай едім? – деп қамығады қазақ тілі. – Мен ақын, шешен, тілмәр бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірлеп барамын, былғанып барамын. Жасыдым. Мұқалдым. Мен не көрмедім. Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлде жоқ қылғысы келгендер де болды...» Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Ондасынов «Қазақ тілі – аса бай тіл, - деді. – Икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға да, тас қашап, ағаш, текемет оюға да болады-ау...» «Орыс тілінде қанша жақсы сөйлегеніңмен олар өздерінің бір бомжын сенен артық көреді» деді Бауыржан Момышұлы. Әйтпесе Баукең бола ма? Бүлтектемей ашығын айтты. «Аса бір құдыретті нәрсе бар, – деді Сағат Әшімбаев. – Содан біз айырылған күні жерден де, елден де, тұрмыстан да айырыламыз, бәрінен айырыламыз. Ол – тіл. Сондықтан да біз тілді сақтау арқылы жанымызды сақтаймыз, қанымызды сақтаймыз. Біз қанымызды сақтаған жерде қазақ деген ел ешуақытта өшпейтін, өлмейтін болады». Шерхан Мұртазаның да талай жиналыста таусылып сөйлегені ел есінде. Ұмытқан жоқ. «Бұрын Голощекиннің заманында Елтай Ерназаров деген қазақ болған. Сол кездің Жоғары Кеңесін басқарған. Барлық мәселені Голощекин шешеді, ал ол жай ғана отыратын көрінеді. Бірақ басшы деген аты зор. Біздің қазақ тіліміздің де деңгейі сол. Үкіметтің үйінде қазақ тілі жүрмейді, бәлкім Президенттің кеңсесінде де. Парламент деген аты зор. Бірақ барлығы үкіметтің қолында... Ана бір жолы Парламентте Аманкелді Айталы депутаттыққа сайланатын кандидаттар қазақ тілінен емтихан тапсырсын деген ұсыныс тастады. Сол кезде депутаттардың көпшілігі қарсы дауыс берді. Біздің мемлекеттік тілдің деңгейін осы картинадан байқауға болады. Бұл қазақ тілі мемлекеттік тіл бола тұра Үкіметтен бастап барлық кеңседе екінші дәрежеде тұр деген сөз. Бәлкім мүлдем жұмыс жасамайды». Шүкір, қазақ тілінің сірескен сеңі сетіней бастаған сыңайлы. Жақында Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тлеухан Парламентте отырған қаракөз депутаттардың өзі сауалдарын орыс тілінде жолдайтындарына қынжылыс білдірді де «Мемлекеттік тіл өгейдің күйін кеше бере ме?» деп қозғау салды. Әрекет бар. Парламентте есеп берген министрдің орынбасарларына армян ұлтының өкілі депутат Марина Микаелян қазақ тілінде сұрақ қойғанда, ол орынбасарыңыз орысша жауап қайырды. Мәжілісті басқарып отырған Нұрлан Нығматуллин: «Асхат Елубайұлы, – деді мойын бұрып. – Қазақ тілінде басқа ұлт өкілі сайрап тұрғанда сіз мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес шығар». «Тіл жойыларда қос тілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі» деді Дэвид Кристал. Жапон тюркологы Накато Юко қазаққа қатысты не деді? Естігенде есіңнен тана жаздайсың. «Тарихшы ретінде айтатын болсам, – деді ол. – Маған қазақтар өзінің ұлттық ерекшелігін, тілін жоғалтып алған халық секілді болып көрінеді. Сіздер – адасқан, жолынан жаңылып қалған халықсыздар менімше. Халықты әдейі не қасақана тарихи жадынан айырып тастаған сияқты. Тіл мәселесін біржола шешу үшін – халыққа тарихын оқытып, халықты, ұлтты соған ынталандыру керек». Бұдан жүз жыл бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Қазіргі жастар бұзыла бастады» деп қатты қауіптенген екен. Қазақ туралы «қара сөзін» қалдырған Абай хакімнің шәкірті Шәкәрім ата не деген? Көретін көзі жоқ, Ұғатын сөзі жоқ. Қазақтың бұл күнде Аты бар, өзі жоқ. «Біз өзінің мемлекеттік тілін қорлап отырған әлемдегі жалғыз мемлекетпіз. Қазақ тілінің мәселесін осы күнге дейін айтудай-ақ айттық, жазудай-ақ жаздық. Өкінішке орай отыз жылда одан шыққан ешбір нәтиже жоқ. Керісінше, еліміздегі қазақ тілінің дерті әлемді шарпыған коронавирустан ары асқанып тұр. Қазақ тіліне қырын қарайтын шенеуніктерден қайткен күнде де құтылуымыз керек. Қазақстанның нанын жеп, суын ішіп отырып, өзге шет елдің мемлекеттік тілінде сайрау – барып тұрған сатқындық қой. Қазақ тілі жоғалған күні Қазақстан деген мемлекет те жер бетінен жоғалатынын өзге тілдің жыртысын жыртып жүргендер неге түсінбейді? Біз Ресейдің губерниясы емеспіз, сондықтан орыс тіліне жалтақтауды қою керек. Конституциядан 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау керек. Ендігі бар үміт – бұған дейін «Қазақ тілі – Ұлтаралық тіл болуы керек» деген Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта». Бұл – жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің сөзі. Қоғам қайраткері Әбдіжәліл Бәкір ана тілінің аяқ алысын көптен бақылап жүргенін аңғартып, әңгімені әріден қозғады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы 11 мамыр күні «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Тілдер туралы Заңды қайта қарап, қажет болса, оған замана талабына сай өзгерістер енгізу керек» деген еді. Бірақ бұған Парламент те, Үкімет те былқ еткен жоқ. Арада он төрт жыл өтсе де, мұны қазір ешкім еске алмайды. Сонау 1995 жылғы Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дейміз де, келесі тармақта «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп қайшылыққа ұрынамыз. Бұл «Өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деген жалпақшешейлік ұстаным. Ешбір елде мемлекеттік тілге басқа тілді қосақтап жазу үлгісі жоқ». Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында мемлекеттік тілге арнайы тоқталды. «Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдық татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты» деді. Күні кеше «Ана тілі» апталығындағы сұхбатында да қазақ тілінің басымдылығына үлкен мән берді. Көпшілік қауымның көкірегіне сезім ұялады, сенім ұялады. Ана тілімізді аялау туралы жүз жылдық жиналыстың аяқталуы да жақын қалған сияқты. Мемлекеттік тілдің мерейін өсіру оңай ма? Қаншама қат-қабат жұмыстар атқарылды. Қос академик Әбдуәлі Қайдари мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылып «Ана тілі» апталық басылым (Бас сарашы – Жарылқап Бейсебай) ұлт жанашырының ұясына айналды. Одан бұрын Шона Смаханұлы, Қабдеш Жұмаділов, Марат Байділдәұлы, Мағзұм Сүндетов, Сайын Мұратбеков, Нұрдәулет Ақыш сияқты ақын жазушылар ана тілінің туын алғаш рет желбіретіп, Алматыда қазақ мектептерінің ашылуына ықпал еткен еңбектері ерекше. Қадыр ағаның өлеңін жастар жаттап алып, іліп әкетті. Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте! Ана тілі үшін Мұхтар Шахановтың да арқа еті арша, борбай еті борша болды. Сіңірі тартылғанша жүгіріп, сіңірген еңбегі айырықша. Табаны тиген талай жерде шемендей қатқан шерін жырмен төкті. Тіл – рухы күре тамыр, тілден үлкен ана жоқ, Тіл шегінсе, ұлт мүлде жоқ, әрі ұлттық сана жоқ. Өз анасын шетке тебу рухсызға бақ па екен, Бұл ғасырлық зұлымдықты қай қу ойлап тапты екен? Алаштың ақжарма ақыны, қаламын қаруға айналдырған қоғам қайраткері Қазыбек Иса «Мемлекеттік тілді білмей мемлекеттік қызметте істеу – куәлігі жоқ адамға көлік жүргізгенмен бірдей! – деп шыр-пыры шықты. – Соңғы ресми мәлімет бойынша елімізде 86 пайыз мемлекеттік тілді біледі. Ендеше неге 86 пайыз 14 пайыздың тілінде сөйлеуі тиіс? Конституцияның 7-бабының 2-тармағы ұлтаралық араздыққа негіз болады. Сондықтан Қазақстанның Атазаңынан Ресей тілін алып тастап, Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек! Осындай талапты қолдап, «Қазақ үні» сайтындағы Ашық хатқа бір айда ғана 120 мыңнан астам қол қойылды. Ұлт мүддесін қорғау Мемлекеттік тілден басталады». Кешегі кеңес дәуірінде қазақша сөйлей алмайтын қазақ балалары туралы Қалтай Мұхамеджановтың не деп әзілдегенін білеміз бе? «Біздің балаларымыз ағылшынның иті секілді. Түсінеді. Бірақ сөйлей алмайды» деді. Қазір ше? Қалпағымызды аспанға атып қатты қуануға ертерек. Ана тіліміз – аяғы тұсаулы арғымақ сияқты. Ана тіліміз – құйрығымен жылжитын мешел балаға ұқсайтын. Енді ептеп жүре бастағандай. Парламент Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдап, Президент қол қойса, Қазақ тілі жүрмек түгілі жүгіріп кететін түрі бар. Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Дереккөз: "Ара" газеті