Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығының иегерлері анықталды
2020 ж. 26 маусым
1199
0
Бүгін, 26 маусым күні елордадағы "Қазмедиа орталығы" ғимаратында бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, салалық мемлекеттік органның қызметкерлері, отандық БАҚ өкілдері қатысты. Шара елдегі эпидемиологиялық жағдай талаптарына байланысты онлайн-форматта өтті.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі барлық журналистер мен БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Соңғы айлардағы қиын жағдай кезінде өз денсаулығы мен өміріне қауіпті екеніне қарамастан, адамдарға шынайы ақпарат таратып, адамдардың ертеңгі күнге деген сенімін арттыру мақсатында кәсіби міндетін адал атқарып жүрген медиа қызметкерлері жұмысына қоғам күә», - деді Аида Балаева.
Салтанатты іс-шара аясында жоғары кәсіби шеберлігі үшін еліміздің барлық аймақтарынан ондаған медиа қызметкерлер ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет Грамотасымен және отандық журналистиканы дамытуға айрықша үлес қосқан медиа майталмандары "Ақпарат саласының үздігі " төс белгісімен марапатталды. Санитарлық эпидемиологиялық жағдайға байланысты марапат тек Qazaqstan және "Хабар 24" телеарналарының журналистері Мақпал Укенова мен Қанат Базылханов, Aiqyn және "Казахстанская правда" газеттерінің журналистері Айтжан Мұржанов пен Асқар Бейсенбаевқа табысталды.
Сонымен қатар, биыл алғаш рет белгілі журналист және қоғам қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығы тағайындалғаны белгілі. Естеріңізге сала кетейік, төрт номинация бойынша конкурсқа қатысу үшін өтінімдер қабылдау 2020 жылдың 26 мамыры мен 15 маусымы аралығында өткен болатын. Жеңімпаздарға сыйлықты "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісінің жаңа иегерлері табыстау құрметіне ие болады.
"Жігер" сыйлығының Мерей Шохманова ("Хабар 24" ТК, "әлеуметтік тақырыптағы үздік ТВ сюжеті" аталымында), Азамат Қасым ("Egemen Qazaqstan" газеті, «әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала»), Ақжелең Рахатдинқызы ("Алматы" ТК, "әлеуметтік тақырыпта ең үздік жарияланым (әлеуметтік желіде),Ольга Бугаева, (АА "Pavlodarnews.kz", "әлеуметтік тақырыптағы үздік фотосурет" аталымында) алғашқы иегерлері атанды.
Салтанатты шара кезінде әріптестерін бейнебайланыс арқылы шетелдік бөлімшелерде жұмыс істейтін отандық БАҚ журналистері, атап айтқанда, Майра Кабиева (АҚШ), Сергей Айсендер (Израиль), Юлия Тужилкина (Грузия), сондай-ақ Жанат Эрнст (Бельгия) және Ғалымжан Қараманұлы (Ұлыбритания) құттықтады.
Жиын барысында іс-шараға қатысушылар 2020 жыл қазақстандық журналистер үшін тек коронавирус пандемиясымен күреспен ғана емес, сонымен қатар жүздеген нағыз кәсіби шеберлердің адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында жеткен жетістіктермен де есте қалатынын атап өтті. Сондай-ақ, биылғы жылы республикалық «Казахстанская правда» газеті мен «Казинформ» халықаралық ақпарат агенттігі 100 жылдық мерейтойын атап өтуде, «Хабар Агенттігі» АҚ-ның медиа нарыққа шыққанына 25 жыл толып отыр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналист мамандығын тек бойында айрықша азаматтық ұстанымы, кең дүниетанымы мен жоғары адамгершілік құндылықтары бар адамдар ғана алып жүретінін атап өтіп, барлық БАҚ қауымдастығы өкілдеріне алғысын білдірді. Мерекелік шарада журналистер күніне арнайы жазылған әннің тұсауы да кесілді.