Қазыбек Иса: ТАҒЫ ШАЙҚАЛА БАСТАҒАННЫҢ МИЫ ШАЙҚАЛА БАСТАЙДЫ... (видео)
2020 ж. 24 маусым
5033
0
Путин өз сөзінің кейіпкеріне айнала бастады...
"Кеңес одағын қайта орнатқысы келгендердің жүрегі бар, бірақ миы жоқ"
В.Путин, Ресей президенті
"ПУТИН КЕТ!" Санкт Петербург халқы Путинге қарсы көшеге шықты.
"Путин кет" деп ұран көтерген халық көшеге толып кетіп, шеру жасады.
Полиция қаптаған халыққа қарсы келе алмай алдында жүріп отырды.
Ресей Президенті Путиннің кеше есінен адасқан адамдай ескі кеңес империясын еске алып жатқаны тегін емес екен ғой. Ол Россия 1 ұлттық насихаттық арнасында:
"Возникает вопрос: если та или иная республика вошла в состав СССР, но получила в свой багаж огромное количество российских земель - традиционных российских исторических территорий, а потом решила выйти из состава? Но тогда бы выходила хотя бы, с чем пришла, и не тащила с собой подарки от русского народа"-деп соқты...
Әрине, Кремль қожайынының бұл сөзі ешқандай ұғымға сыймайды. Себебі ешқандай республика Ресейден "сыйлық" алып кеткен жоқ, өз территориясы бойынша кіріп шықты Кеңес Одағына. Ал Қазақстан Одақтан ең соңғы болып, тіпті, Ресейден де кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда шықты. Яғни, Путиншілдер аңсап отырған КСРО "қарашаңырақ" болса, оның мұрасы ең соңында қалған "кенже баласы" Қазақстанға тиесілі болуы керек...
Ал бас жағына барыса берсек, Омбы, Астрахан секілді қалаларды айтпағанда Қазақтанның Кеңес Одағына кіргендегі алғашқы астанасы Орынбордың өзі Ресейде қалып қойды. Егер бәріміз де тарихи жерлерімізді түгендеуге кірісетін болсақ, өзіміз үндемей-ақ бейтарап тұлға Белоруссияның басшысы, батыр батько Александр Лукашенконы сөйлетеміз: "Бату ханның кезіне оралсақ, бүкіл Ресей мен Шығыс Еуропаны Қазақстан мен Моңғолияға беру керек". Бұл қазақтың жыртысын жыртып, тура айтылған сөз Путиннің: "Қазақстанда бұрын ешқандай мемлекет болмаған" деген сандырағына да лайықты жауап.
Ресей Президентінің ол арандату сөзі өзінің шектеусіз президенттікке түсе беруіне Конституцияға өзгеріс енгізу үшін қарсы шыққан халықты ескі империялық елеспен қоздыру арқылы өзіне тартып алу дәмесі екені анық. Яғни, "ескі дертті" қоздыруды саяси құрал ретінде пайдалануда.
Бұл басқа елге басқыншылық жасау саясаты ел сенімінен айрыла бастаған мемлекет басшыларының ескі әдісі, тал қармауы. Бірақ ол сөзінің Ресейдің озық ойлы халқына әсер етпегені - бүгінгі Путинге қарсы шыққан қалың шеруі.
Ресей президентінің бұрынғы Кеңес одағын аңсап жүргені бір бұл емес. Мұның алдында да оның осындай сарында оттағандары бар.
Бұрыңғы Кеңес одағын қалпына келтіру керектігін әр сөзінде айтып қалып жүруі оның теріс пиғылын анық аңғартады.
Кейінгі кезде ЕурАзия экономикалық одағын бұрынғы саяси одаққа - Кеңес одағының көшірмесіне айналдырғысы келіп жүргенін де ашық білдіре бастаған. Тек таяуда өткен Еуразиялық одақтың Жоғарғы кеңесі мәжілісінде қасқа жолға түскен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасқайып қарсы шығуының арқасында алдын ала кесіп-пішіп қойған жаңа келісімге қол қойылмай қалды.
Шамасы, Ресей президенті Владимир Путин өзінің бір кезде айтқан белгілі сөзін ұмытып қалған сияқты. Ол Кеңес одағын қайта қалпына келтіруге ұмтылу туралы сұраққа: "Кеңес одағын қайта орнатқысы келгендердің жүрегі бар, бірақ миы жоқ" деген еді...
Бүгін революция отаны Санкт Петербургтегі Путинге қарсы көшеге сыймай кеткен қалың қолды көргенде, Ресей президенті жағдайының өте қиын екендігі белгілі болды. Ал Питердің Путиннің туып-өскен өз қаласы екенін еске алсақ, жағдай тіпті қиындап тұрғанын аңғаруға болады...
Тағы шайқала бастағанның миы да шайқала бастайды. Бұны Путинннің кешегі арандату сөздері анық айқындап берді. Яғни, Путиннің өзі өзінің кезінде айтқан әйгілі сөзінің кейіпкеріне айнала бастады...
Сөзімді есіме түсіп тұрған тағы бір белгілі сөзбен қорытайын. 2014 жылы Алматыда Ұлттық кітапханада маған Қазақстанда тұңғыш рет Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының Сергей Есенин атындағы сыйлығы – «Алтын Күз» орденін тапсыру салтанаты болды. Сонда сөйлеген қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбек Ресейден келген жазушыларға қарата айтқандай: "Бізге Путиндік Ресей керек емес, Пушкиндік Ресей керек!".
Қазыбек ИСА,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі.
"Қазақ үні"