Әлімхан Әбжанов: Елімізді қазір сақтамасақ, үлкен адами апатқа ұшыраймыз
2020 ж. 23 маусым
2120
0
Әлемді жайлаған жаман індеттің еліміздегі екпіні қатты болып тұр. Астанадан бастап, өңірлердің бәрінде ауруханалар толып қалды. Ауруларды қабылдамайды, далада қалуда. Жедел жәрдем келмейді. Қалалардағы дәріханаларда қарапайым күнделікті дәрілердің өзі де жоқ. Елдің бәрі ауруханадан үміттерін үзіп өз халдерінше емделуге кірісті. Үкімет те, әкімдіктер де жағдайды игеруге шамасы келмеуде. Коронавирустың ахуалына алаңдап, шұғыл шаралар қабылдауды талап етіп, депутаттық сауал жасаған "Ақ жол" партиясы кеше тағы да Үкіметке сауал жолдады.
"Ақ жол" партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ішкі істер саласының ардагері, полковник, ел ағасы Әлімхан Әбжанов Шымкенттегі коронавирусқа қатысты қауіпті жағдай туралы өз пікірін айтты.
Бүгінде індетке шалдығып, ем қабылдап жатқан ол редакциямызға хабарласап, шаһардағы қиын жағдай туралы хабарлады.
- Біздің отбасымыздан ауырып жатқандардың саны 90 пайызға жетті. Түрлі жағдаймен жатыр. Жедел жәрдем келмейді, дәрі-дәрмек жетіспейді. Компьютерлік томографияға түсу деген ақырет. Кеше "Даомед" деген клиникада 2 мың адам кезекте тұрып, қиямет болды дейді.
Менің ойымша, Президентке хабар дұрыс жеткізіліп жатқан жоқ. Өзге мемлекеттерге қарамау керек. Өз елімізді қазір қорғап, сақтамасақ, үлкен адами апат болайын деп тұр.
Бір аптада ауру жұқтырған адамдар саны осыншама өсіп кетеді деп ойламап едік. Меніңше, Шымкенттегі 1 миллион халықтың біразы ауруға шалдыққан, - деді Әлімхан Әбжанов.
Сонымен бірге, ол ауруға шалдыққандарды вирус белгісі бар, белгісі жоқ, пневмания деп бөлмей, барлығын тұтас коронавирус жұқтырғандар ретінде емдеу керек.
- Осы үш санаттағылар да індет жұқтырғандар ғой. Пневманиядан қайтыс боп жатқандар бар. Оларды коронавирус деп анықтамайды. Туған-туыстары ол марқұмдарды арулап жуады, жерлеуіне қаншама адам келеді. Асына қатысады. Сол адамдар жаппай індет жұқтырады. Бұлай жалғаса берсе, Шымкенттің 100 пайыз халқы коронавирус жұқтырып, ауруға шалдығады ертең, - деді Әбжанов.
Оның пікірінше, ауру анықтайтын тестілеуде де шикілік бар секілді.
- Менен алғашында сынама алды. Теріс болып шықты. Үйдегі келін мен балаға жұқтырып, ертесіне барып ауырдым. Ол қандай тест сонда? Шетелден гуманитарлық көмек сұрау керек! Одан бөлек, дәрігерлерді шақырту керек. Дамыған елдерден ұялмай дизенфекция жасайтын арнайы заттарды алдырту керек. Италия Ресейден дезинфекциялауға көмек сұрады ғой. Тойханалардың, спорт залдарының барлығын госпитальдерге айналдыру керек - деді ол.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта еліміз бойынша 18231 адам коронавирус дертіне шалдыққан. Олардың 11220 жазылып шықса, 127 адам аурудан көз жұмған.