Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина өндіретін зауыт салынуда
2020 ж. 19 маусым
1169
0
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде медициналық және ветеринариялық мақсаттағы вакциналар шығаратын зауыттың құрылысы басталғаны туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, зауыт екі бағыт бойынша вакциналар шығарып, болашақта импортты алмастырады. Халықаралық стандарттарға сай салынып жатқан орталық еліміздің ғалымдарының вакцинация өндіретін алаңына айналмақ.
"Жылдық қуаты 60 миллион дозаға дейін. GMP халықаралық стандартына сай зауыт мына міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, медицина саласында тұмау, туберкулез, бруцеллез, коронавирус және тағы басқа вакциналарды өндіру. Екіншіден, ветеринария саласында қой шешегі, қой мен ешкінің контагиозды эктимасы, сиырлардың нодулярлық дерматиті, оба, бруцеллез тағы басқа вакциналарды дайындайды", - дейді министр.
Осылайша отандық өнімге деген сұраныс артады деп жоспарлап отырмыз дейді Аймағамбетов.
"Бұған қоса, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, биопрепараттар импортын алмастыруды және экспортқа шығару мүмкіндігін қамтамасыз етіп, отандық ғылыми-зерттеу әзірлемелерін өндіріске енгізуді арттырады", - деді ол Үкімет отырысында.