Аида Балаева: Журналистердің митингте жұмыс істеу қағидалары қағаз жүзінде қалмауы керек
2020 ж. 11 маусым
1125
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистердің бейбіт жиналыста қызмет ету қағидаларын жауапты меморгандарға түсіндіру үшін арнайы семинарлар ұйымдастырылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Facebook-тегі парақшасында журналистердің бейбіт жиналыстарда қызмет ету қағидалары талқыланған болатын. Онлайн-кездесу барысында БАҚ басшылары бейбіт жиынға қатысатын журналистердің құқығын қорғап, жұмысын жүргізуге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды.
«Бүгін шынымен де ашық әңгіме болған сияқты. Бұл - талқылаудың басы ғана. Себебі қағидалар әлі бекітілген жоқ. Ең бастысы – сіздердің талқылаудан кейін ұсыныстарыңызды ескере отырып, жобаны тағы да бір қараймыз. Содан кейін нормативті-құқықтық актілердің ашық порталына ресми түрде орналастырамыз. Өз ұсыныстарыңызды енгізуге болады», - деді Аида Балаева БАҚ басшыларымен онлайн-кездесу барысында.
Министр журналистерге арналған қағидаларды жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарына түсіндіру жұмыстары мен арнайы семинарлар жүргізілетінін мәлім етті.
«Егер бір тараптан түсініспеушілік болған жағдайда біз айтып отырған қағидаттардың бәрі де жүзеге асырылмай қалады-ау деген қауіп бар. Біз өте жақсы ережелерді жасағанымызбен ол сапалы түрде іске асып жатпаса, әлбетте, бұл қағидаттардың бәрі де қағаз жүзінде ғана қалады», - деді ол.