Мемлекеттік тіл мәселесін толымды заң ғана шеше алады - Әбдіжәлел Бәкір
2020 ж. 08 маусым
2484
0
Осыдан отыз жылдай бұрын Мәскеудің «қайта құру» саясаты ұлттық республикаларға өздерінде қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайға сын көзімен қарауға мүмкіндік берген еді. Мұндай көзқарасты еліміздің зиялы қауымы ана тілімізден бастады. Сонау 1905 жылдары Алаш қозғалысының бастауында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қазақ тілінің бостандығын ең бірінші мәселе етіп қоюы тегіннен-тегін емес еді. Өйткені тілі азат емес халықтың өзі де азат бола алмайтын тарих талай дәлелген болатын. Содан 1989 ж. 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс он төртінші сессиясында "Тіл туралы" Заң қабылданып, қызу талас-тартыспен қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Осылай тіліміздің мәртебесін көтеруге, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бүкілхалықтық іс басталған болатын. Өкініштісі - сол кездегі жер-жерде көріне бастаған рухани жаңаруға тиісті өріс бере алмадық. Асқақ идея жаңа жағдайда ұлттық мұраттарымызды шешумен жалғастырылып, дәстүрлі рухани бұлақтан суарылмай, санамыз тәуелсіздік талаптарына сәйкес тиісті жаңармады. Бірнеше ғасыр отаршылдықтан пайда болған жалтақтық, кеше ғана үстемдік жасаған, бүгін де жалғаса түскен құлдық психология жігерлі іске жібермеді, жібермей келеді. 1995 жылғы Конституцияның 7-бабының 1- тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген аса маңызды құқықтық норма келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген заңдық жағынан қайшылықты нормадан кейін тиісті құқықтық күшінен айрылды. 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы Тіл (бұл шынына келгенде «о языках» болатын) туралы Заң да «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп конституциялық норманы қайталаудан ары аса алмады. Қазақ тіліне қатысты табан тірейтін бір қағидатты құқықтық норманың болмауы келе-келе ана тіліміздің дамуына тұсау бола бастады. Мысалы, «Тіл туралы» Заңның «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деген 21-бабындағы «мемлекеттік тілде және орыс тілінде» деген сияқты қосақталған нормалар деректемелік және көрнекі ақпараттық кеңістікте басқа этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді білуіне қажеттілік туғызбай отыр. Бізден басқа ешбір елден дәл бұлай мемлекеттік тілмен басқа тілдерді қосақтап жазуды таба алмайсың. Тек біз ғана «таза» интернационалист болып отырмыз. Ал Заңның ІІ, ІІІ және ІҮ тарауларындағы 27 заңдық норманың 21 - інде
«мемлекеттік тілде және орыс тілінде» деген сөз тіркестерімен қатар қажет болған жағдайда басқа тілдерде жүргізіледі» деу, «Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы» деген 6-бабында «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды», «Тілді мемлекеттік қорғау» атты 23-бапта «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тілдердің қолданылуы мен дамуына қажетті жағдай жасайды» деген жалпы құқықтық нормалар онсыз да тегеурінді, ондаған жыл жеке билеп келген орыс тілін алға шығарып, қауқарсыз қазақ тілі кешегі кеңестік кезеңдегідей екінші қатарға қайтадан ығыстырылды. Қазір мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тіліндегі құжаттар қазақ тіліне аударылып, қазақшасы орыс тіліне аударылып әлек болуда. Өйткені басшылар құрамының көбісі қазақша түсінбейді не білгісі келмейді.
Жұртшылық Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 14 тамызда қабылдаған «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» қаулысынан көп нәрсе күткен болатын. Бірақ оның «1. Орталық атқару органдары, барлық деңгейдегі әкімдер: 1) «Қазақстан Республикасында Тіл туралы» Заңның 23-бабына сәйкес, мемлекеттік істің барлық салаларында мемлекеттік тілдің белсенді қолданылуы үшін басым жағдай жасау қажеттігін ескере отырып, мемлекеттік органдарда іс қағаздарын кезең-кезеңмен қазақ тіліне көшуге байланысты іс шаралар жоспарын жасап, жүзеге асырсын» деген бөліміндегі тапсырма (көбіне орыс тілінен қазақ тіліне аударылған құжаттар есебінен – Ә.Б.) 2006-2009 жылдар аралығында мемлекеттік тілге көшірілді деп «социалистік жарыстың» қорытындылары туралы облыстық әкімдіктердің жоғары билік органдарына рапорт бергендеріне он шақты жыл болды. Облыстардың көпшілігі бұл мәселені қазақ тілін үйрету, қазақ тілді мамандарды көбейту есебінен емес, негізінен аз ғана аудармашылардың күшімен шешкен еді. Мұны мемлекеттік қызметкерлер бізден әлдеқайда жақсы білетін шығар. Сондай-ақ «2) іс қағаздарын жүргізу және ресми құжаттар әзірлеуге қатысты құрылымдар мамандарының мемлекеттік тілді білуі мен оны мемлекет қаржысының есебінен оқып-үйренуі кәсіби біліктілік талаптары қатарына жатқызылсын», «8) «орталық атқару органдары 1999 жылдың 1 қаңтарына дейін өздерінің ресми шараларын, алқа мәжілістері мен түрлі жиындарын өткізетін залдарын ілеспе аударма жасауға қажетті техникалық құрал-жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етсін» деген тапсырмалар да көбіне шала орындалды да, кейін тіпті ұмытылды. Өйткені мұның мемлекеттік қызметтегі басшыларға керегі жоқ болатын. Сондай-ақ жиырма жылдан бері қабылданып келе жатқан «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» арқылы ана тіліміздің тағдырын шешеміз деген түбірінен қате тұжырымның ақыры не болғанын да өмір көрсетіп отыр. Қазақ тілінде еркін сөйлей алмай отырған Парламент пен Үкімет, көбіне иығын орыс тіліне тығып тұратын, ұлтшыл азаматтарымыз «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек десе жандары қысылып, жүректерін ұстайтын биліктегі басшыларымыз, өз тілдерін менсінбей, орыс тілін
білгендеріне мәз болып, азын-аулақ ағылшын-қытай тілдерінде сөйлегендеріне өздерін бақытты сезініп жүрген ұл-қыздарымыз, аулаларының алдына Мәскеуде жасалған солтүстік ағайындарымыздың мүсіндерін отырғызып қойып не мекемелерінің қабырғаларына суреттерін іліп, соларға «шоқынып» отырған әкімдіктер мен мекемелер бүгін аз емес.
Жоғарыдағы ойларға мысал ретінде жақында «Ана тілі» газетінің 31 сәуір – 6 мамыр күндері шыққан санында жарияланған, халқымызға кеңінен танымал, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның «Мемлекеттік тіл өгейдің күйін кеше ме?» деген сөзін алуға болады. Он шақты депутаттық сауал салған қаракөздердің бірде-біреуінің өз тілдерінде депутаттық сауал сала алмай, болмаса мемлекеттік мәртебесі бар тілде сөйлегісі келмей отырғанда қарапайым халыққа не айтуға болады? Бұл - қоғамымыздағы зиялы қауым санатына жатады деген, мемлекетіміздің тағдыры тапсырылған Парламент Мәжілісінің қазақ депутаттар қауымының тірлігі. Жеке мәдениеті жеткілікті Бекболат бауырымның «Сіздер айып етпеңіздер, құрметті әріптестер» деуі жайдан-жай емес. Міне, бұл - мемлекеттік биліктің басқа тармақтарына қарағанда ұлттық сипаты басымдау болуға тиісті Мәжілістің бүгінгі бейнесі. Сондай-ақ Парламентте әлдеқалай министр не басқа республикалық деңгейдегі басшылар қазақ тілінде сөйлей қалса, қазақ тілді бұқаралық ақпарт құралдары оқырманнан жамыраса сүйінші сұрайтынын көріп жүрсіздер ғой. Ал осындай басқару институттары мемлекеттік тілге көшетін болса, бүкіл Қазақстан халқы да бұл мәселеде белсенділік танытар еді.
Міне, бүгінгі қазақ тілінің жағдайы осындай. Бұл кез келген ұлттық рухы бар қазаққа белгілі. Ең қиыны - орысша сөйлеген қазақтар тұрған елін де, қатынасқа түсіп отырған адамы қазақ екенімен де санасқысы келмейді, қысылмайды. Мұндай жағдайды үстіміздегі жылдың ақпанында Қостанай қаласында болғанда да байқадым. Қонақ үйдегі жас қызметкерлердің орысша ғана сөйлесетінін былай қойғанда, тіпті көшелердің аттары дұрыс жазылмаған. Қазақтың маңдайындағы санаулы ардақтыларының бірі Ыбырай Алтынсариннің аты қазақша-ағылшынша жазылған. Ал Мариям Хакімжанованы бірде жай «Хакімжанов» дей салса, екіншіде орысша не қазақша жаза салған. Бұл өңірде қазақ тіліне қатысты заң ескеріле бермейді екен.
Қазақ тілінің тағдырын шешетін қазіргі отбасы мен жалпы білім жүйесі ұлттық сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Нарықтық экономика отбасының дәстүрлі тәрбиелік рөлін төмендетті. Ата-әжесімен бірге тұра қоймайтын немерелерді туған әкесі мен анасының күнкөрістің қамымен жүйелі тәрбие беретін уақыттары жоқ. Оның үстіне оқыған жастар көбіне орыс тілді болып келеді. Тәжірибе күнделікті көрсетіп отырғандай, ана өз тілінде сөйлемесе, бала анасының тілінде сөйлемейді. Балабақша жетіспейді. Астананың өзінде 10 мыңнан астам бүлдіршін кезекте тұр. Ал бар балабақшаларда қазақ тілдік ортаның әлсіздігінен ұл-қыздарымыз көбіне орыс тіліне жетік болып шығады. Орта мектеп жүйесі де кешегі кеңестік кезеңнен көп ілгері кете алған жоқ. Еліміздегі халықтың 70 пайызын құрап отырған қазақ ұлтының балалары республикадағы жалпы білім беретін 7516 мектептің 3821-інде оқып жатыр. Қалғандары қайда? Облыс орталықтары мен ірі
қалаларда қазақ мектептерінің жетіспеушілігінен балалардың елеулі бөлігі орыс мектептеріне баруға мәжбүр. Қазір 1524 орыс мектептері мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының орыс топтарында оқитындардың 80-90 пайызы қазақтың ұл-қыздары. Басқа қалаларға үлгі болуға тиісті астанамыздың өзінде балалар ойнайтын алаңдарында қазақша сөйлейтін бірде-бір ұл-қызды кездестіре алмайсың. Т.т. айта беруге болады.
Елбасымыз 2006 жылдың 11 мамырында «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» атты сұхбатынызда Тілдер туралы Занды қайта карап, кажет болса, оған замана талабына сай өзгерістер енгізу керек деген еді. Бірақ бұған Парламент те, Үкімет те былық еткен жоқ. Арада он төрт жыл өтсе де, мұны қазір ешкім еске де алмайды.
Жаһандану заманында көптеген елдер, оның ішінде Франция, Германия, Ресей де бар, мемлекеттік тіл туралы заңдарын қабылдап, ағылшын, басқа да тілдер экспансиясынан қорғанатын механизмдерін қалыптастырды. Бізге де мемлекеттік тілді мемлекеттің қорғауы аса қажет болып отыр. Сонан соң ұлттық сана-сезімінің ұдайы өсуі мен қазақ этносының демографиялық келешегін де ескеру қажет. Ел халқының 70 пайызын қазақтар құрайды. Өмірге 80 пайыздан астамы орта білімді, 60 пайыздан астамы жоғары білімді өз ана тілінде алған қазақтың жас ұрпағы келді. Алайда олар түгел дерлік өз ана тілінде сөйлемейді.
Қоғамымызда мемлекеттік тіл туралы Заңның қажеттігі жөнінде соңғы кездері жиі әңгіме бола бастағаны ана тілінің жанашырларына белгілі. Бұл жайдан-жай емес. Рас, Тәуелсіздік жылдары қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, тілдер туралы Заң және соған байланысты Үкімет қаулы-қарарлар қабылданып, бұрын атын да ести бермейтін біраз тіршілік жүзеге асты. Оны жоққа шығаруға болмас. Бірақ ана тіліміздің дамуы мен оның қолдану деңгейі бүкіл қазақ қауымын неге қанағаттандырмай отыр деген үлкен сұрақтың ұлтымыздың рухани әлемінде тұрғанына көп болды. Бұл айтылғандарды түйіндей келе, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы арнайы Заң болмай, қазіргі қазақ тілінің көсегесі көгермейтінін ашық айтсақ артық көрмеңіздер. Мұның бірнеше себептері бар.
Біріншіден, Ата заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген ана тіліміз үшін аса мәнді конституциялық қағида жеткілікті ескерілмей келеді.
Екіншіден, ғасырлар қордаланған қазақ тілінің мүшкіл жағдайынан тек мемлекеттік тіл туралы заң ғана алып шыға алады. Көрші Ресей 1991 жылы Федерация халықтарының тілдері, ал 2005 жылы мемлекеттік тіл туралы заңдар қабылдады. Ал олардың тіліне қауіп төніп тұр деп ойлаудың өзі мүмкін емес. Қазір кешегі кеңес Одағына қараған ұлттық республикалардың барлығы дерлік мемлекеттік тіл туралы заң қабылдады. Кенже келе жатқан, өз болашағымызды ойлай алмай жүрген өзіміз.
Үшіншіден, біздер қазақ тілін - еліміздегі ұлт пен ұлысты ұйыстырушы фактор деп көп айтамыз. Дұрыс-ақ. Ал жоғарыдағыдай жағдайда ана тіліміз бұл аса құрметті де қасиетті миссияны атқара алады ма? Егер өзіміз қазақ тілді, орыс тілді және ағылшын тілді болып бөлініп, бір-бірімізді түсінбей жатсақ, басқаларды біріктіріп не оңдыра қоямыз?
Төртіншіден, бұл қажеттілік 2025 жылдан латын әліпбиіне көшу туралы идеядан да туындап отыр. Қазіргі латын әліпбиіне көшу барысында қоғамымыздағы халықты да, билік органдарын да ана тілімізге қарай күрт бұру үшін, өзі де тіл жағынан тұтаса алмай отырған қазақты латын әліпбилі, орыс тілді не ұлттық тілді қазақ т.б. топ-топқа бөлінбеу үшін Ата заңның 7-бабының 1-тармағындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін елеулі түрде жоғары көтеретін, қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейте түсетін пәрменді-пәрменді құқықтық нормалар аса қажет. Мұны тек мемлекеттік тіл туралы толымды заң қана шеше алады.
Бесіншіден, бұрын Парламент қабырғасында ауызға алынбайтын мемлекеттік тіл туралы заңның керектігін кейінгі кезде депутаттардың мәселе етіп көтеріле бастауы қуанышты жай. Былтыр желтоқсан айында сенатор Мұрат Бақтиярұлы бастаған бір топ әріптестер мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын. Бірақ үкімет әзір үнсіз. Жеке шешім қабылдауға дәрменсіз...
Алтыншыдан, еліміздің саяси-әлеуметтік өміріндегі соңғы жаңалықтар, оның ішінде Мемлекет басшымыздың алдымен өз тілімізді білейік, орта мектептердің ұлттық үлгілерін жасауымыз керек деген т.б. қоғамды демократиялық бағытқа, ұлттық ұстанымға ұмтылдыруы мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға игі ықпал жасайды деп түсінеміз.
Әлемдік тәжірибеде кез келген мемлекет өз шекарасы шеңберінде көпэтносты мәдениеттің әр текті сипатына қарамай, өзінің ұлттық мәдениетін қалыптастырады. Ал ұлттық мәдениеттің өзегі - ұлттық тіл, ол халқымыздың тәуелсіздігінің тұғыры. Біз неғұрлым санамыздағы құлдық бұғаудан тезірек құтылсақ, соғұрлым тәуелсіздігіміз тұғырлана түседі. Сөйтіп, мемлекеттік тілді еліміздің азаматтары толық меңгергенде, ол тіл қоғамның барлық салаларында қолданыс тауып, мемлекеттің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналғанда ғана Қазақстанда демократиялық, азаматтық қоғам толық қалыптасуына қолайлы жағдай туады.
Қорыта келгенде, еліміздегі осыдан отыз жыл бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тілімізді алда мешел еткізгіміз келмесе, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет. Бұл өткір мәселе, талқылауға жатпайтын шындық, қажеттілік. Әңгіме оның қандай мазмұнда болуында ғана дегіміз келеді.
Әбдіжәлел Бәкір,
Қазақ үні