ЕҢБЕКАҚЫНЫ АРТТЫРУ ТАПСЫРМАСЫ КӨҢІЛГЕ ДЕМЕУ СЫЙЛАДЫ - АУЫЛДЫҚ ДӘРІГЕР
2020 ж. 27 мамыр
1198
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында дәрігерлердің жалақысы орташа деңгейдегі еңбекақыдан 2,5 есе артық болуы керек деп айтқаны көңілге медеу сыйлады, деді Ақмола облысы Біржан сал ауданына қарасты Мақпал ауылында 25 жылға жуық жұмыс істеп жүрген мейірбике Әлия Хасенова. Бұл туралы Strategy2050.kz тілшісі хабарлады.
Еңбекақыны арттыру тапсырмасы көңілге демеу сыйлады - ауылдық дәрігер
«Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясы дәрігерлердің тапшылығын көрсеткенін айтып өтті. Бұл індетпен күресу ешкімге де оңайға тиген жоқ. Ауылда тұрғындарының денсаулығына мейірбике ретінде мен жауаптымын. Сондықтан да тұрғындарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, карантиндегі адамдардың жағдайын жасаумен айналыстым. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі еленгені қуантады», - деді Ә.Хасенова.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет көрсету айырмашылығы тек инфрақұрылыммен ғана шектелмейді.
«Президент те бұл мәселе туралы айтты. Ауылда инфрақұрылым жоқ. Қала ауруханаларындағыдай заманауи технологиялық қондырғылар да жоқтың қасы. Осы мәселенің басы ашылып, Мемлекет басшысының ауылдық денсаулық сақтаудың тиімді моделін құру тапсырмасы көңілді көншітіп отыр. Бұл ауылдағы денсаулық сақтау саласын дамытуға үлкен үлес қосады деп үміттенемін», - деді ол.