Соңғы 3 жылда Қазақстаннан Ресейге бір қаланың халқы көшіп кеткен
2020 ж. 26 мамыр
1682
0
Былтыр біздің елден шет мемлекеттерге 45 мың адам көшіп кеткен хабарлайды Dalanews.kz ia-centr.ru cараптама орталығына сілтеп.
Төлқұжат ауыстырғандардың көпшілігі көрші Ресейден қоныс тапқан. Соңғы 3 жылда Қазақстаннан Ресейге 135 мың адам біржолата көшіп кетіпті. Бұл Көкшетау мен Екібастұз секілді кішігірім қалалардың халқына пара-пар көрсеткіш.
“Кетіп жатқандардың көпшілігі осы елге әлі де берері мол, бәсекеге бейім жұрт. 30-ға дейінгі тепсе темір үзетін жастар Қазақстанда қалуды жөн көрмей, Ресей кетіп жатыр”, – дейді ол.
Ресейдің Ішкі істер министрлігінің дерегінше Қазақстаннан көшіп барған 50,4 мың адам алғашқы жылда-ақ азаматтық алып үлгеріпті. Ал 63,3 мың адамға осы елде емін-еркін жүріп-тұруға арнайы рұқсат берілген екен.
Алайда Ирина Черныхтың пікірінше шемоданын буып-түйіп отырған орыстар ғана емес, қазақтар арасында да алабұртқан азаматтар көп.
“Қазіргі көші-қон бұрынғыдай ұлттық мәселеге тіреліп тұрған жоқ, оның әлеуметтік себептері баршылық. “Стратегия” қорының зерттеуінше әрбір 10-шы қазақстандық осы елден кеткісі келеді, көшкісі келетіндердің ішінде әрбір 3-ші адам қазақ.
Ресейдің өзінде қазақтардың саны жыл сайын өсу үстінде. Қазір бұл елде тұратын қазақтар саны 800-900 мыңның үстінде”, – дейді ол.
“Ең бастысы – жалақысы көп, білім сапасы да бізге қарағанда озық, әрі қолжетімді. Әлеуметтік лифтімен көтерілетін мүмкіндік тамыр-танысқа байланып қалмаған. Ресейге көшкендердің көпшілігі осыны назарға алады.
Әзір Ресейде Қазақстаннан келген 70 мыңға жуық еңбек мигранты бар. Бейресми мәліметке қарағанда олардың саны 100 мыңнан асып жығылады”, – дейді Ирина Черных.
Сарапшы осы арада Ресейде оқып жатқан жастар туралы да сөз қозғапты.
“Ресейде Қазақстанның 52,9 мың азаматы білім алуда. Бұл осыдан 8 жыл бұрынғы көрсеткіштен 267 пайызға көп.
Біздің зерттеуіміз бойынша Ресейде білім алып жатқан әрбір екінші студент осы елде біржолата тұрақтап қалғысы бар. Себебі өмір сүру деңгейі Қазақстанға қарағанды жоғары. Олар Ресейді өз мүмкіндігін паш ететін алаң ретінде қарастырады”, – дейді ол.