Өнім сапасы өзекті мәселе
2020 ж. 24 мамыр
2564
0
Алматы қаласының Жетісу ауданында алып шаһардың өнеркәсіптік өндірісі көлемінің төрттен бір бөлігін қамтамасыз ететін кәсіпорындар шоғырланған. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев ауданның кәсіпорындарын аралап, оның әлеуетіне өз бағасын берді.
Қала басшысы қағаздан гигиеналық өнім өндіретін «Papirone» жаңа зауытын, «Free style» жиһаз өндіретін цехты, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылған, неміс технологиясымен құйма тас шығаратын және асфальт өндіретін «Алматы жол-құрылыс компаниясы» ЖШС зауытына болды. Мәселен, осы жылдың басында пайдалануға берілген «Papirone» ЖШС заманауи зауыты қағаздан 1 800 тонна гигиеналық өнім өндіретін болады. Қолданылатын технологиялар мен өндірісті автоматтандырудың арқасында өнім әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келеді. Қай салада болмасын бәсекелестік өршіп тұрған кезде өнім сапасы бүгінгі күні ең өзекті мәселеге айналды. Өйткені, тауарды өткізу шарттары осыны талап етеді. Жоба аясында 113 жұмыс орны ашылды. Бақытжан Сағынтаев «Freestyle» ЖШС жиһаз өндіру зауытында «қарапайым заттар экономикасы» салаларының дамуымен танысты. 150 адам жұмыс істейтін зауыт жыл сайын 537 млн. теңгенің өнімін шығарады. Өндірісте экологиялық таза және қауіпсіз материалдар қолданылады. Жұмыс сапары барысындағы келесі нысан – «Алматы жол-құрылыс компаниясы» ЖШС неміс технологиясы бойынша асфальт және құйма тас шығаратын зауыт болды. Бұл асфальтбетонды қоспалар, жол және қабырға блоктары өндірісі былтыр «Бизнестің жол картасы» қатысушыларына көрсетілетін қолдау шаралары аясында іске қосылған. Кәсіпорын жоғары сапалы бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін озық технологиялармен жабдықталған.
« – Бүгін Жетісу ауданының индустриялық әлеуетімен таныстым. Мұнда қаланың өнеркәсіптік өндіріс көлемінің төрттен бір бөлігін қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорындар бар. Жылдың басында қағаздан гигиеналық өнім шығаратын «Papirone» ЖШС зауыты ашылды. Бұл өнімдердің сапасы өндірісте қолданатын технологиялар мен автоматтандырудың арқасында шетелдік аналогтардан еш кем емес. Кәсіпкерлер жобаға 4,4 млрд. теңге инвестиция салып, 113 жұмыс орнын ашты. Бюджетке 150 млн. теңге салық аударымдарын төледі. Жиһаз шығарумен айналысатын «Free style» кәсіпорны 20 жылдың ішінде бүтіндей жиһаз кластерін ұйымдастыра білді. Мұнда 150 адам еңбек етеді. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының қаржылай қолдау көрсетуі арқасында тағы бір жоба өмірге келді. Бұл асфальт-бетон қоспаларын, жол мен қабырға блоктарын өндірумен айналысатын «АДСК» зауыты», – деді Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы жеке парақшасында. Шаһар басшысы алматылық өндірушілерді қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Жергілікті өнімді пайдалану сапаны бақылауға және тасымалдау шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Оған қоса импортқа тәуелділікті азайтады. Қазір жергілікті өнімдерді пайдалану арқылы қала көшелеріндегі көлік және жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу, саябақ аймақтарын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бір ғана Жетісу ауданында биыл 20 мың ағаш отырғызылады деп жоспарланған. Бұл қаланың көркейе түсуіне және экологиялық жағынан тазаруына үлкен септігін тигізеді.
qazaquni.kz