"Ютубтан" мультфильм көрген бала психологиялық дертке ұшырап, тілсіз қалды
2020 ж. 20 мамыр
2345
0
Балалар фильміне нарықтық көзқарастан, ұлт ретінде ұтқан жоқпыз, ұтылдық!
Үш жасқа келсе де, сөйлей алмаған қызының жайына уайымдай бастаған жас ерлі –зайыпты, оны логопедтің алдынан бір-ақ шығарады. Одан, психологқа апарып тексертеді. Сөйтсе, бар кінә неде дейсіздер ғой?! Бар кінә, бесікте жатқан кезінен анасы баласының алдына орыс тілінде түрлі мультфильмдерді «ютуб» әлеуметтік желі арнасын қосып қойып, алдандырып, жұбатып келген екен. Ананың жауапкершіліксіздігі мен білімсіздігі, тәрбиесіздігі өз алдына бөлек әңгіме. Уақыт өте келе «Ютубсыз» тыныстау мүмкін болмай, онысы сәт сайынғы әдетке айналған. Орыс тіліндегі мультфильмдерді көру арқылы санасына орыс тілі орныққан сәби өсе келе, ата–анасы азақ тілінде сөйлегенде түсінбеген соң, психологиялық дертке ұшырап, тілсіз қалған. Міне, бұл кезінде балалар фильміне дейін саудаға салып, орыс тілі мен өзге елдің әдет-ғұрпымен бала санасын улаудың кесапаты. Бұл жердегі мәселе - тек бала санасы ғана емес, ұлт санасына келіп тіреледі. Ұлт санасын мәңгүрттендірудің ең төте жолы осы болса, ұлттыққа оралудың амалы да осы, қазақы, ұлттық бояуы қанық, қазақ тілінде түсірген балалар фильмін көбейтуде болып тұр. Бала тәрбиесіндегі осы мәселе, тек осы бір отбасындағы ата –ананың басындағы болып жатқан жай емес. Бұл, күллі қазақ отбасының басындағы кешіп жатқан жағдай. Бұдан кейінгі кезде, осы балалар фильміне қатысты нарықтық көзқарасты өзгертетін уақыт жеткен сияқты. Сауданың жөні осы екен деп, балалардың жан –дүниесіне дейін саудаға айналдырғаннан ұтқан жоқпыз, ұлт ретінде ұтылдық. Бәрімізге белгілі, қазір сатып әперетін бірден –бір балаға қызықты, әрі тартымды орыс тіліндегі «Маша мен аю» мүльтфильмі. Оның үстіне, интернетте қаптап жүрген әлеуметтік желілерге салынып жатқан түрлі пиғылдағы шетелдік мультфильмдер. Әзірге, шетелдің гипер белсенді бала санасын үйіріп әкететін мультфильмдеріне бәсекге төтеп беретін қазақ мультфильмдері жоқтың қасы. Орыс тіліне аударылып көрсетілетін мультфильм көріп өскен баланың тілі ғана емес, аппақ ақ қағаздай санасы да орысша қалыптасады. Сол себепті, баланың ұлттық санасы қалыптасатын психологиялық күрделі кезеңінде өзге елдердің мультфильмдерін оптикалық түрде де, акустикалық түрде де, балаға көрсетуге болмайды. Мысалы, Египетте балалар фильмдерін жасау мемлекет тарпынан қатаң бақыланады. Балалар фильмдерін түсіруге мемлекет арнайы қайтарымсыз қаражат бөледі де, оның орындалуын, не түсіріліп жатқанын бакылайды екен. Себебі, баланың псиологиясын бұзуға, ұлттық санасын өзге елдің салтымен, әдебімен шатастыруға жол бермеу керек деп санайды. Ал, біздің елімізде, жан әлеміне қатысты шығармашылық дүниелердің ұлттық қалыпқа келмесе де, жапа тармағай санаға сіңіруде. Қазақтарды мультфильм түсіре алмайды деуге болмайды. Кеңес үкіметі тұсында болса да, қазақтың мультфильм жанрында ұлттық болмысқа тән мультфильм түсірген режиссер Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» деген өнімі еді. Бұл мультфильмнің тілі де, сюжеті де, балаға, жалпы ересек адамға да беретін ұлттық тәрбиесі, фильмнен көрермен санасына жететін аурасы да қазақы дерсің! Бізде Әмин Хайдаров тағлымын алған мектеп бар. Маман жоқ деп ауызды кұр шөппен сүрте алмаймыз. Сол режиссер Әмин Хайдаров ұлағатын жалғастыруға мүмкіндік те бар. Тек, жоғары жақтан қолдау ғана керек сияқты.
Қазақ халқы ежелден «Бала бер, сана бермесең, ала бер» деп, баланың санасына аса мән беуі тегін емес. «Ұрпғыңды өз тәрбиеңмен емес, ұлттың салт –дәстүрімен тәрбиеле» деп өсиет қалдырған бабаларымыздың, әлбетте бұл жерде ұлттық сана туралы айтқаны анық. Көзі қарақты, көңілі зерек көрермен соңғы кездері теледидардан үздіксіз көрсетілетін «Алдар көсе» мультфильмінің ұлттық ұғымға кереғар, ұлттық сана мен дәстүрді, тәрбиені бұрмалап насихаттап жүргені туралы жиі айтды. Бай-бақуатты адамның қарны қабақтай, алданып қала беретін аңқау байғұс кейпінде берсе, ұлттық кейіпкер Алдар көсе елді алдап күн көрген нағыз алаяқ, зымиянның өзі ғып көрсетеді. Ал, аңыз бойынша Алдар көсе, әлсіз елге өктемдік көрсеткен әділетсізден елдің кеткен есесін ақылымен қайтарып беріп жүрген ел жанашыры еді. Ел билеушісі әркімнің отбасын бұзып жүрген оңбаған, ал анасы күйеуінің көзіне қарадай шөп салған женіл жүрісті әйел кейіпінде бейнелеген. Қай заманда болмасын ұлтымызда шығармашылық пен өнер адамдары халықты ізгілікке, имандылыққа тәрбиелеген. Сонда, режиссер А. Краустың мұндай мультфильм түсірудегі мақсаты не деген ойға қаласың. Әлде, бұған да ықпалын тигізіп отырған нарықтық көзқарас пен жан –дүние саудасы ма?! Әрбірден кейін, бұл «Алдар көсе» сияқты ұлттық шығармашылық тұлғасын келеке ету. Бұл мультфильмді көрген баланың санасында ұлттық құндылыққа деген жек көрушілік сезім оянады.
Бұл жерде ата – аналардың балаларының жан дүниесінің қалыптасуына жауапсыздығы да, қара ниеттілердің оң жамбасынан келіп, жасөспірім сәбилер санасын оңай улануына әсерін тигізуде. Бала тәртібіне немқұрайлы ата-ана қаптап кеткен әлеуметтік желі арналарындағы көрсетілімдерді тексеріп жатпайды. Рас қой! Сол себепті, баланын қандай фильм көріп жүргенін білу мүмкін емес. Айта айта, жауыр болған мәселе десек те, ұрпақ саулығына қатысты әрбір іс күн тәртібінен түспеуі тиіс мәселе! «Балалардың денсаулығына зиян тигізетін жағымсыз ақпараттардан қорғау» туралы заң жобасының мәжілісте қолға алынғанына сегіз жылдан асты. 2012 жылдан бері талқылауда. Одан бері қаншама жасөспірімнің санасы уланды. Салауатты өмірмен хош айтысты. Бала тәрбиесіне, денсаулығына, жан дүниесінің қалыптасуына кері әсері бар дүниелер қолданыстан алынып тасталуы өз кезегін әлі күтуде!
Кезінде, нарық деп жүріп, саудаға салынбауы тиіс мәселелерді саудалап жібердік. Енді, бала санасын қорғаймыз десек, балалар тәрбиесіне, санасына, тіліне зиянды анимациялық фильмдерге Египет елі сияқты біздің де нарықтық көзқарасты доғарып, қайта қарайтын уақыт жеткен сияқты.
Зүбәйра Әкім,
Қазақ үні