"Дәрігер-волонтер" жаңа жоба
2020 ж. 18 сәуір
1335
0
Солтүстік Қазақстан облысында жарты жылға жуық «Дәрігерволонтер» пилоттық жобасы жұмыс істеп келеді. Болашақ медициналық мамандар қазіргідей төтенше жағдай режимінде басқа еріктілермен бірге антисептикалық бұйымдарды, дәрі-дәрмекті таратуға көмектесуде. СҚО-дағы «Дәрігер-волонтер» қозғалысының үйлестірушісі Рүстем Армановтың айтуынша, елімізде волонтерліктің бұл түрі енді дамып келеді. Мысалы Ресейде оның негізі 2013 жылы қаланса, 2016 жылы ресми мәртебе алды. Қазір көрші елде қоғамдық ұйымға 50 мың адам мүше. СҚО-да бұл қозғалыс мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 2019 жылдың қазан айында құрылды. «Еліміздің кей аймақтарында медицина саласында өздігінен жұмыс істейтін еріктілердің барлығын білеміз. Биыл Волонтерлер жылы болғандықтан, көптеген медициналық оқу орындары өздерінде осындай қозғалысты құрады деген ойдамыз. Ал бұл өз кезегінде Қазақстандағы денсаулық сақтау саласында волонтерлікті дамытады», – дейді Рүстем Арманов. Пилоттық жоба болғандықтан, оған М.Қозыбаев
атындағы СҚМУ-нің Жоғары Медицина Мектебінен және жоғары медициналық колледжінен 10 үздік студент іріктеліп алынған. Олар 16-22 жас аралығындағы болашақ жалпы тәжірибе дәрігерлері, фельдшерлер, медбикелер. Оның айтуынша, волонтерлікпен айналысу – жүрекке жылулық сыйлап, позитивті эмоция береді. Сондай-ақ, адамдармен қарым-қатынас жасай отырып, мол тәжірибе алады екен. Алдағы уақытта «Дәрігерволонтер» қозғалысына ниеттес адамдарды тартып, команданың құрамын кеңейтпекші. Ал әзірше төтенше жағдай режимінде дәрігер-волонтерлер өңірдегі басқа еріктілермен бірге жалғызілікті қарттарға, мүгедектерге антисептикалық бұйымдарды, дәрі-дәрмекті таратуға көмектесіп жүр.
qazaquni.kz